«Ұлттық қор – балаларға»: жас қазақстандықтар өз жинақтарын қалай пайдаланып жүр
Соңғы 2 жылда жас қазақстандықтар Ұлттық қордан аударылатын жинақтарынан 35,20 млн АҚШ долларын пайдаланған.
Қаржы қандай мақсаттарға пайдаланылды?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2024 жылғы 1 ақпан мен 2026 жылғы 1 ақпан аралығында жалпы сомасы 35,20 млн АҚШ долларын (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды) құрайтын 223 785 өтініш орындалған.
Атап айтқанда:
- тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 22,09 млн АҚШ долларынан астам сомаға 139 759 өтініш;
- білім беру ақысын төлеу үшін 13,11 млн АҚШ доллары сомасына 84 026 өтініш қанағаттандырылған.
Баспанаға жұмсау
Қаражаттың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдаланылуы:
- одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыруға – 21,61 млн АҚШ доллары,
- тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізуге – 164,71 мың АҚШ доллары,
- азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) – 119,36 мың АҚШ доллары бағытталған.
Оқу ақысын төлеу
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі аударымдар:
- Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге – 12,15 млн АҚШ доллары,
- білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыруға – 645,10 мыңнан астам АҚШ доллары,
- шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге – 252,49 мың АҚШ доллары пайдаланылған.
Бағдарлама қатысушылары
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 2006 жылғы 01 қаңтардан 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін туған балалар қатыса бастады. Одан кейінгі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушылары болады. Жыл сайын БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорының негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін түзеді.
Негізгі талаптар 18 жасқа толған балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан АҚШ долларында БЖЗҚ-ға аударылады және БЖЗҚ-да АҚШ долларында сақталады. Кәмелеттік жасқа толған бағдарламаға қатысушы өз ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдағанда, ол уәкілетті операторға өтініш береді, және БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған банктік шотқа АҚШ долларында аударады.
Әр балаға қанша қаржы аударылады?
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қазақстандық әр балаға 130,71 АҚШ доллары, 2024 жылы 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде кезекті есептеу жүргізілді.
Балалардың жинағына салық салына ма?
Ұлттық қордан төленетін нысаналы жинақтарға жеке табыс салығы салынбайды. Сонымен қатар, БЖЗҚ өз қызметтері үшін комиссия алмайды. Ұлттық қордың нысаналы жинақтарын төлеген кезде:
- банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуға немесе өндіріп алуға;
- банктік шоттардағы ақша қаражаттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға;
- жинақты алушының келісімінсіз ақшаны алуға;
- банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге; жеке табыс салығын салуға тыйым салынады.
Жиналған соманы пайдаланбаса не болады?
Бағдарламаға қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл өткен соң қатысушының пайдаланылмаған нысаналы жинақ сомасы БЖЗҚ-да қалады және НЖШ-дан ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған оның жеке зейнетақы шотына аударылады. Ерікті зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптары мен тәртібі ҚР зейнетақы заңнамасында көзделген.
12:15
413
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.