Ұлт баспасөзінің бостандығы: «Қазақтың» миссиясын жалғай алдық па?
Бүгін – Ұлттық басылым күні. Masa media отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналатын бұл күннің мән-маңызына тоқталды.
Неге 2 ақпан?
2024 жылдан бері Қазақстанда 2 ақпан күні Ұлттық басылым күні аталып өтеді. Дәл осы күн таңдалуының да нышандық мәні бар. 1913 жылы 2 ақпан күні Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастауымен, қазақтың ұлтсүйер ауқатты азаматтарының қостауымен тұңғыш ұлттық қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылымы «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.
«Қазақ» газетіне дейін де қазақта сапалы біршама басылым болды: 1911 жылы шыққан «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы, 1907 жылы Санк-Петербордан шыққан «Серке», одан бұрын 1870-1882 жылдары шыққан «Түркістан уәлаяты газеті» мен 1888-1902 жылға дейін шыққан «Дала уәлаяты газеті». Бұл басылымдардың бәрі халықтың көзін аша білді. Дегенмен «Қазақ» газеті – Алаш зиялыларының ұзақ уақыт дайындалып, жүйелеп шығарған және ғұмыры ұзақ болған, бүкіл халықтық, ұлттық сипат алған алғашқы басылым.
«Қазақтың» бірінші саны
Газеттің №1 санында Ахмет Байтұрсынұлы басылымның аты мен міндеті туралы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың ардақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып көмектесіп, қызмет ету – қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі – осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік» деп жазған.

Басылымның бірінші бетіндегі рәміздік бейнедегі киіз үйдің есік-жабығының қос босағасына Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген төте араб қарпімен ҚАЗАҚ деген сөз жазылған. Бұл – осы ел мен жердің иесі де, есігінің қос таянышы да қазақ халқы деген мағынаны білдіреді. Әрі ұлт зиялыларының «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деген ишаралы арманы еді.
Алаш зиялылары не туралы жазды?
Өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Қайролла Мұқанов ««Қазақ» газеті және оның тілшілері» деген («Ана тілі» газеті, 2018 жылғы 1 ақпан) мақаласында газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы мәдени-ағартушылық мәселелерімен көбірек айналысқанын, Әлихан Бөкейханов – саяси-экономикалық, Міржақып Дулатов өнер, тарих саласына көбірек көңіл бөлгенін жазған.

Сондай-ақ, қазақтың өзге де зиялылары ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды материалдар жариялады.
Миссиясын орындаған басылым
Айналдырған 5 жылдың ішінде (1913-1918 жылдар) алдағы 100 жылдың қамын жасап кеткен «Қазақ» газетінің 265 саны жарық көрген. Осы азғана уақыт ішінде басылым өзінің алға қойған миссиясы: бодандық шырмауындағы қазақ халқын бостандық үшін күресуге, жас ұрпақты ғылым мен білімге ынталандыруға, ұлттың бірлік-берекесін нығайтуға шақыру жолында адал еңбектенді.
Газет қолдан-қолға, ауылдан-ауылға өтіп, тозып жетіп, жыртылғанша оқылған. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген (Қыр баласы. Қазақ. «Қазақ» газеті, 1913 жыл, №8) Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алған.

«Қазақ» газетінің рухани дүмпуі тек Ресей патшалығының қарамағындағы қазақтар ғана емес, Цинь империясына бағынышты қазіргі Қытай, Монғолия қазақтарына да, тіпті өзге бауырлас халықтарға да жетіп жатты.
Газеттің бір жылға жазылу құны – 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға – 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы – 5 тиын болды.
Саяси қуғын-сүргін
Отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті Кеңес үкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Басылым құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.
Отаршылдық құрсауындағы қазақ ұлтын өркениеттің кезекті белесіне жетелеген «Қазақ» газетіне биыл 113 жыл толды.
Қазақстанда қазір қанша басылым бар?
Негізін «Қазақ» қалаған қазақ баспасөзінің қарыштап дамыған тұсы – Тәуелсіздік жылдары. 1991 жылдан бері Қазақстанда газет-журналдар саны айтарлықтай өсті. 1991 жылы елде 10 республикалық газет пен журнал жарық көрсе, 2025 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша елімізде 5029 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 3067-сі мерзімді басылымдар: 1032 газет және 1135 журнал.

Тоқаев қандай газеттерді оқиды?
Цифрлық технологиялардың, жасанды интеллектінің қарыштап дамуына қарамастан әлемдік ақпарат кеңістігінде мерзімді басылымдардың ойып алған орны бар. Батыс елдерінде газет-журнал оқу мәдениеті әлі күнге дейін сақталған. Мерзімді басылымдарды оқу – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сүйікті істерінің бірі.
«Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын», - деді ол журналистер күніне арналған құттықтау сөзінде.

Президенттің пікірінше, жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды.
«Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді. Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген», – деді президент «Ана тілі» басылымына берген былтырғы сұхбатында.
RSF: Қазақстан баспасөз еркіндігі жөнінен 141-орында
Тарих шырғалаңында талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткен қазақ баспасөзі үшін сөз бостандығы мәселесі әлі де өзектілігін жоймай келеді.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымының (Reporters Without Borders, RSF) соңғы дерегі бойынша, Қазақстан баспасөз еркіндігі жөнінен 180 елдің ішінде 141-орында тұр.
RSF рейтингі 0-ден 100-ге дейінгі ұпай жүйесіне негізделеді: 100 балл – журналистика толық еркін, төменгі балл – баспасөз бостандығы шектеулі.Қазақстан осы 100 балдан шамамен 39,34 балл жинаған.

Рейтинг бес негізгі көрсеткіш бойынша бағаланады:
· саяси ахуал,
· құқықтық база,
· БАҚ-тың экономикалық жағдайы,
· әлеуметтік-мәдени контекст,
· қауіпсіздік.
RSF есептеулері бойынша Қазақстан «өте күрделі» санатқа жатады, яғни елде сөз бостандығын қамтамасыз ету деңгейі төмен. Бұл санат журналистердің құқықтары шектеулі екенін, ақпаратқа бақылау мен цензура жасалатынын және тәуелсіз БАҚ-қа қысым болуы мүмкін деген проблемаларды көрсетеді.
Сөз бостандығы және жаңа Конституция жобасы
Ата Заңымыздың жаңа мәтіні де көңілге үміт ұялата қоймады. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия дайындаған жаңа Конституция жобасында сөз бостандығына қатысты баптағы шектеулер кеңейтілген. Құжатта бұл құқық өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, қоғамның адамгершілік қағидаларына нұқсан келтірмеуі және қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс екені жазылған.
БАҚ өкілдері бұл шектеулер журналистердің ақпарат тарату еркіндігін шектейтінін алға тартады. Қит етсе, тілшілерді айыптай жөнелу, жала жабу, істі қылу оқиғалары көбейе ме деп алаңдауды.
14:28
580
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.