Құлпынай алқабындағы миллиондар: отбасын асырау үшін Англия асқан қазақтың хикаясы
Нәпақа табу үшін шекара асатын қазақстандықтардың саны көбейді. Жыл сайын шетелде жүздеген отандасымыз ауыр жұмысқа жегіліп, отбасын айлап, жылдап көрмей еңбектенеді.
коллаж: ЖИ
Елде еңбекақы төмен
Қазақстан азаматтарын шетел асуға мәжбүрлейтін негізгі факторлардың бірі – елде төленетін еңбекақының төмендігі. Алатын жалақысымен несиесін жауып, отбасының базалық қажеттіліктерін қанағаттандыра алмаған соң, көп адам амалсыз өзге мемлекеттерден жұмыс іздей бастайды. Олардың көпшілігі Еуропа елдеріне аттанып, ауыл шаруашылығы саласында түрлі қара жұмыспен айналысады. Алайда алатын жалақысы біздің елдегі ірі компаниялардың менеджерлерімен шамалас.
Мәселен, Қазақстандағы вакансия сайттарындағы хабарландыруларға сүйенсек, жұмыс берушілер мал бағушыларға айына орта есеппен 250-400 мың теңге ұсынады. Ал Еуропа елдерінде көкөністерді күтіп-баптау немесе жеміс-жидек теру қызметі үшін жұмысшыларға айына 1,2 млн теңгеден бастап 2 млн теңгеге дейін төленеді. Мысалы, желіде тараған хабарландырулардың бірінде Швейцарияда жүзім терушілердің еңбегі үшін 2,3 млн теңгеден бастап 2,7 млн теңгеге ұсынылған. Елде айлығы шайлығына жетпейтін азаматтарды мұндай жалақы қызықтырмай қоймасы анық.
Бағаланбаған кадр
Бүгінде Ұлыбританияда жеміс-жидек өсіретін фермада жұмыс істеп жүрген Бағлан Жармахановты да ондағы еңбекақының жоғарылығы ынталандырған. Алматыда бір мекемеде он екі жыл табан аудармай жауапты қызмет атқарған азаматтың жалақысы бір тиын өспеген. Үш баласы қатар-қатар дүниеге келіп, олардың алды мектепке барған соң, отбасының шығыны күрт өседі. Елде жұмыс ауыстырғанымен, лайықты жалақы төлейтін жер таба алмасын түсінген соң Ұлыбританияға кетуге бел буған.

Тұманды Альбионға осымен екінші мәрте аттанған Бағлан Masa media тілшісіне жұмысқа қалай орналасқанын, қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін және қанша табыс табатынын айтып берді.
Англиядағы алты айлық жұмыс
Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы өнімдерін күтіп-баптауға, жинауға шетелден еңбек күші тартылады. Жұмыс мерзімді болғандықтан ұзаққа созылмайды. Бағланның айтуынша, жұмысшыларға әдетте 6 айға виза беріліп, сол мерзім аяқталған соң ел шекарасынан шығуы қатаң қадағаланады. Өйткені Ұлыбританияда заңсыз қалып қоятындар аз емес.
Орта Азия, Балтық елдерінен барғандар Англия, Шотландия, Уэльс пен Солтүстік Ирландияда еңбек етеді. Олар алқапта егінді егу, күтіп-баптау немесе жылыжайда бау-бақша өнімдерін өсіру, жинау жұмыстарына тартылады.
«Мен жұмыс істейтін Haygrove farm фермасы Англияның батыс бөлігінде орналасқан. Онда құлпынай, таңқурай, қаражидек өсіріледі. Қазір жылыжайды жидектер егуге дайындап жатырмыз. Ішін реттеп, арамшөптерді жұлып, отырғызатын көшеттерді әзірлейміз. Көшеттер отырғызылғаннан кейін күтім жұмыстарымен айналысамыз. Өнім маусым, шілде айларында жиналады. Ол уақытта біз елге қайтамыз, орнымызға басқа жұмысшылар келеді. Мұндағы қызметкерлер үнемі ауысып отырады», – дейді Бағлан Жармаханов.
Жұмысқа қалай орналасуға болады?
Еңбеккердің айтуынша, Ұлыбританияда жұмысқа орналасудың сенімді жолы – жұмысшы іздейтін ресми сайттарға өтінім жіберу. Мәселен, agri-hr.com, osrodek-hr.com, agropraktika.eu деген сайттар бар. Үміткерлер солар ұсынған сауалнаманы толтырып, өтінім қалдыруы керек. Содан кейін сұхбаттасуға шақырту келгенше күтеді.

«Азаматтардың нақты қандай шарттар бойынша іріктелетіні белгісіз. Мен шақыртуды 3 жыл күттім. Келіншегім де өтініш жіберген, алайда оған бес жылдан бері әлі келген жоқ», – дейді Бағлан.
Оның сөзінше, поштаңа шақырту келген соң, онлайн сұхбаттасу болады. Сол кезеңнен өтсең бетпе-бет әңгімелесуге шақырады. 40-50 адамды жинап, еңбек шартын, қойылатын талаптарды түсіндіреді. Ресми сайттардың өкілдері 40-50 адамның ішінен барлық талаптарға сай келетіндерді іріктеп алады. Олардың арасында Орта Азия елдерінің, Балтық елдерінің азаматтары бар. Ұлыбритания фермалары тек ресейліктерді жұмысқа қабылдамайды.
Әңгімелесуден сәтті өткендерге виза рәсімделеді, ұшаққа билет алынады. Англияға жеткен соң компания өкілдері жіберген фермаға барып жұмысыңа кірісесің.
Ағылшын тілін білмейтіндер бара ала ма?
Бағланның айтуынша, шетелдіктерге Англияның климатына, сағат белдеуіне бейімделу үшін 2-3 күн уақыт қажет. Ұлыбританияда қыс уақытында ауа райы көбіне жаңбырлы болатындықтан, ылғалдылықтың жоғары деңгейі кейбір азаматтарға теріс ықпал етуі мүмкін.
Ал тіл мәселесіне келгенде қиындық туындай қоймайды екен.
«Англияның фермаларында менімен қатар өзге мемлекеттің 30-40 азаматы жұмыс істейді. Менеджерлер мен супервайзерлер көбіне украиндар, румындар мен болгарлар. Олардың бәрі орыс тілін түсінеді. Ағылшын тілін білмесең де қиналмай жұмыс істей аласың», – деп түсіндірді Бағлан.
Алқаптағы жұмыс өте ауыр
Ферма қызметкерінің айтуынша, алқаптағы жұмыстар далада, жаңбыр мен күннің астында болғандықтан өте ауыр. Алайда жалақысы өзгелердікінен көбірек.
«Кейбір фермалар шетелдік жұмысшыларға еңбекке қолайлы жағдай жасамайды. Ал кейбірі киімің, жатын орын мен ыдыс-аяғыңа дейін қамдап қояды. Қандай жұмыс берушіге тап болғаныңа байланысты. Мен баспана үшін айына 250 мың теңгедей төлеймін. Кір жуатын машинаны қолданғаным үшін және интернет үшін қосымша тағы ақы алады», – дейді отандасымыз.

көрнекі сурет: mirror.co.uk
Айтуынша, Бағлан күніне 8 сағат жұмыс істейді. Жұмыс таңғы 8:00-де бастап, 16.30-да аяқталады. Алты күн еңбектеніп бір күн демалады.
«Мұнда жұмысқа келетіндер физикалық тұрғыдан жігерлі болуы шарт. Өйткені қозғалыс көп. Күніне шамамен 30 мың қадам жүреміз. Ауыр заттарды ары-бері тасу да оңай емес», – деп атап өтті ол.
Еңбекақысы қанша?
Англияда фермалардың жалақы төлеу тәсілі әр түрлі. Кейбірінде жұмыс істеген сағат санына қарай төленеді. Мәселен, күніне шамамен 8-10 сағат жұмыс істейсің, әр сағат үшін – 12,21 фунт төленеді. Енді бір фермалардың жұмысшылары белгіленген межені асыра орындаса, бонус алады. Ал тоңазытқышта (Packhouse) жұмыс істейтіндер күніне 12-15 сағат еңбек етеді екен.
«Айына 1,2-1,3 млн теңге жалақы аламын. Әр аптаның жұма күндері картамызға 300 мың теңге түседі. Табысымды отбасыма жіберіп отырамын. Шүкір, осы жұмыстың арқасында қазір жағдайымыз оңалды. Несиенің бәрінен құтылдық», – дейді Бағлан.
Менеджерлердің менмендігі
Еңбеккердің сөзінше, жергілікті тұрғындардың сырттан келген жұмысшыларға көзқарасы түзу. Көрген бойда амандасып, жылы шырай танытады. Алайда шетел азаматтарын Англияға іріктеп апаратын компанияның менеджерлері кейде дөрекілік танытады екен.
«Кейбір менеджерлер Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген жұмысшыларды менсінбейді. Аттарын атамай, арнайы нөмірлер жапсырып, сол нөмірлер бойынша шақырады», – деп кейіді отандасымыз.
Заң бұзбағанға қауіп жоқ
Бағланның айтуынша, Англияда жұмыс істегісі келетін адам елдегі бар шаруасын қамдап, отбасына алаңдамайтындай кетуі керек. Жұмыстың қиын екенін, күшті физикалық дайындықты қажет ететінін ескерген жөн. Алайда еңбек неғұрлым ауыр болса, табысы да соғұрлым көп болмақ.
«Көшеттерді отырғызар алдында құлпынай мен таңқурайға арналған қалыптарды химиялық ерітіндімен зарарсыздандырамыз. Оның денсаулыққа зияны көп. Одан бөлек, түрлі құрал-сайманмен жұмыс істегендіктен жарақаттану қаупі де жоғары», – деп қосты еңбек иесі.
Сондай-ақ, еңбеккер қазақстандықтарды шет мемлекеттердің заңын, тәртібін құрметтеуге шақырды.
«Заң бұзбасаң, саған ешкім соқтықпайды. Ал тәртіп бұзсаң, бірден елге қайтарып жібереді. Екінші рет келем деп дәметудің қажеті жоқ», – деп ескертті ол.
15:53
284
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.