Лұқпан Ахмедияров: «Әкім — жалдамалы менеджер, ал біз — жұмыс берушіміз»

Жергілікті бірлестік деген не және ол не үшін керек


27/07/2020
13:38 9624 0


 

Егер ауданның немесе қаланың мәселелерін шешу керек болса, есімізге әкімшілік түседі, құдды аймақтағы болып жатқан мәселенің бәріне жауапты сияқты.

 

Бірақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы(1) бойынша қала мен ауылдың дамуына, бюджетті бөлуді және басқа да мәселелерді әкімдіктер мен мәслихаттар ғана емес, тұрғындардың өзі де шеше алады. Ол үшін жергілікті қоғамдастық деп аталатын өзін-өзі басқару органын құру қажет.

 

Жақында журналист, «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров өз ауылында өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды қолға алды. Лұқпан Masa.media-ға жергілікті қоғамдастық дегеніміз не, оны не үшін құру керек және бұл адамдардың өміріне қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты.

 

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ: ҚАЛА ІШІНДЕГІ АУЫЛ

 

Мен Орал қаласының шетіндегі Деркөл ауылдық округінде тұрамын. Бұл ауыл Оралдың бір бөлігі ретінде 50 жылдан астам уақыттан бері бар, бұрын ол Селекционный деп аталатын ықшамаудан болған. 2014 жылы ауылдың аты өзгерді, сол кезде оның ауылдық округ деген жаңа мәртебесі туралы айтыла бастады. Тұрғындар ауыл қала құрамынан шығып қалады деп қорықты, бірақ олай болмады. 

 

2020 жылдың басында Деркөлге қала ішіндегі ауылдық округ мәртебесі берілді. Округке бірнеше ауыл кіреді.

 

 

Бұл статус не үшін маңызды: ауылдық округтің өз әкімдігі, өз бюджеті болуы керек. Сонымен бірге заң бойынша өзін-өзі басқару органы — жергілікті қоғамдастықты да құруға болады. Ол тұрғындар арасынан сайланады. Деркөлде 20 мың адам тұрады, жергілікті қоғамдастыққа 20-ға жуық адам кіреді.

 

Жергілікті қоғамдастықтың екі негізгі қызметі бар: ауылдық округ әкімі лауазымына кандидаттарды бекіту және жергілікті бюджетті бөлу. Нәтижесінде әкімді біз емес, заңда жазылғандай мәслихат таңдайды. Бірақ сайлауға кім түсетіні бізге байланысты. Сол сияқты біз әкімге сенімсіздік білдіріп, оның қызметінен кетуін талап ете аламыз.

 

Жергілікті бюджетке келетін болсақ, ол жеке тұлғалардың мүлік салығынан, шағын және орта бизнес салығынан құралады. Бұл — аз ақша, бірақ ол көшелерді жарықтандыру, тротуар салу, қыста көшелердің қарын күреу, қоқыс шығару, қоқыс контейнерлерін сатып алу және оларды орнату сияқты мәселелерді шешуге жеткілікті.

 


 

Жергілікті қоғамдастық мүшелері бұл жұмысты тегін орындайды. Олар әкім сияқты 4 жылға сайланады. 

 

Өз жиындарында жергілікті қоғамдастық:

                • Әкім мен мәслихаттың есебін тыңдайды және талқылайды;
                • Бағдарлама құжаттарын, дамыту бағдарламаларының жобасын талқылайды және қарайды;
                • Бюджеттің жобасын, әкімнің коммуналдық меншікті басқару жөніндегі шешімін келіседі;
                • Әкім лауазымына кандидаттарды бекіте алады.

 

БІЗДІҢ ПРОБЛЕМА — БІЗДІҢ МІНДЕТ

 

2020 жылдың ақпан айында Орал әкімі Деркөл тұрғындарына есеп берген кездесуінде жиналғандарға ауыл әкімдігін құру қажет екенін айтты. Маған әкім мен адамдар бір-бірін түсінбей, әртүрлі тілде сөйлеп жатқандай көрінді. Әкім ауылдық округтің артықшылықтарын ресми терминдерді қолдана отырып түсіндіруге тырысты: «төртінші деңгейдегі бюджет», «жергілікті басқару» және тағы басқа.

 

Сонда мен ортаға шығып, ауылдық округтің не екенін қарапайым тілмен түсіндіруге тырыстым. Ауылдық округ жергілікті қоғамдастық органын, яғни кішігірім парламент құруды білдіретінін айттым. Әкім реформаның мәнін халыққа жеткізуге көмектескенім үшін алғыс айтты. Мен бұл органға кіргім келеді деген шарт қойдым. Ол келісті, біз жұмысқа кірістік.

 

 

Әкімдік ауыл әкімдігін құру туралы шешімді әділет органдарында және қалалық мәслихатта заңды рәсімдеуге 3 ай уақыт жұмсады. Бұл кезде мен Деркөл округіне кіретін ауылдарда WhatsApp топтарын аштым. Чаттарда жергілікті қоғамдастық дегеніміз не, ол не үшін қажет екені және оның артықшылықтары туралы ақпарат тараттым.

 

Мен айтқым келген басты нәрсе: жергілікті қоғамдастық — жауапкершілік. Оның мүшелері бюджет бойынша қандай шешім шығарғанымызға жауап беруі керек. Енді ауылдың жағдайы, қоқыс, көше кезетін мал мен қаңғыбас иттер және басқа да мәселелер бойынша жауапкершілікті билікке итеру мүмкін емес.

 

ӘКІМ — ЖАЛДАМАЛЫ МЕНЕДЖЕР, АЛ БІЗ — ЖҰМЫС БЕРУШІМІЗ

 

Бұл органның құрамына кіруімнің бір cебебі бар: Батыс Қазақстан облысындағы басқа ауылдардың тәжірибесінен білетінім ауыл әкімдері жергілікті қоғамдастықты билікті қолдайтын әрі көнбіс бюджет қызметкерлерінен немесе ақсақалдардан жасақтайды. Мұндай өкілдер әкімге қарсы шыға ала ма? Олай ойламаймын. 

 

Дегенмен ауыл бюджетін бөлуде жауапкершілік соларға жүктеледі ғой. Нәтижесі тротуары мен жарығы жоқ, бірақ Елбасының мәңгілік өсиеттері мен Nur Otan жарнамасы басылған үш-төрт баннері бар ауыл болады. Сондықтан мен ауыл әкімі арқасын кеңге салмай, бәрін адам игілігі үшін жасасын деп, ауылдық органның құрамына кірдім.

 

Менің алдымда тұрған екінші міндет — жергілікті қоғамдастық органының жұмысын ауылдың қарапайым тұрғындары көп нәрсе өздеріне байланысты екенін түсінетіндей етіп көрсету. Олар жұмыс беруші, ал әкім олар жалдаған менеджер екенін түсінуі керек. Сондықтан органның құрамына нақты белсенді азаматтар кіруі үшін жиындарға етене араластым.

 

Қазақстанда жақсы жұмыс істеген жергілікті қоғамдастықтар да бар шығар, бірақ олар туралы әлі естіген жоқпын. Бұл көбіне биліктің мұндай органдарды құруға аса мүдделі емес екеніне байланысты. Сондықтан мемлекеттік БАҚ бұл тақырыпты қозғаған емес және ақпаратты жұртшылыққа жеткізген жоқ.

Ауыл әкімдерінің ешқайсысы бұған ынталы емес екенін қайталап айтқым келеді. Өйткені ауыл әкімі мен жергілікті тұрғындар арасындағы мұндай қарым-қатынас жүйесі демократия мен еркіндік жағдайында ғана мүмкін болады. Сайлауларда дауыс беруді бұрмалау сияқты істерге үнемі араласуға мәжбүр болатын ауыл әкімі лауазымын баю мен сыбайлас жемқорлықтың көзі ретінде қарастыратыны анық, ондай адам өзінің жанында қадағалау мен бақылаудың тәуелсіз органы болғанын қалай ма?

 

Бұл — қиялға ерік бермей, табанды болуды талап ететін жағдай. Менің ойымша, біздің қоғамның проблемасы — көбіне ымыраға келіп, ортақол нәтижеге көне беру. Мен жұмысты заңның әр әрпіне сай істеуге болатын прецедент жасағым келеді. Бұл біздің қолымыздан келеді деп сенемін. 

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова, фото кейіпкердің жеке архивінен алынды

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/07/2020 13:38
9624 0

Уведомление