Әлемдегі әйелдер шеруі: мерекеде көшеге шыққандар қандай талап қойды?

Кеше әлемнің әр түкпірінде Халықаралық әйелдер күнінің 115 жылдығына арналған шерулер өтті.


09/03/2026
14:14 93 0

8 наурызда көшеге шыққан әлем әйелдері гендерлік зорлық-зомбылық пен АҚШ-Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттеріне қарсылық білдірді. Masa media редакциясы шерулердің қалай өткені жайлы Aljazeera шолуын оқырман назарына қазақ тілінде ұсынуды жөн көрді.

 

Испанияда үкімет АҚШ-қа Иранға соққы жасау үшін испан әскери базаларын пайдалануға рұқсат беруден бас тартқаннан кейін, мыңдаған әйел елдің ірі қалаларында соғысты тоқтатуды талап етіп шеруге шықты.

 

Испания премьер-министрінің екінші орынбасары Йоалнда Диас:

«Соғысты тоқтату, қатыгездікті тоқтату және құқықтарымызды қорғау – біздің қолымызда. Біз бейбітшілікті, Иран халқын және ирандық әйелдерді қорғау үшін осында жиналдық», – деді.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен соғысының алғашқы күнінде Минаб қаласындағы бастауыш мектепке жасалған әуе соққысы салдарынан 165 қыз бала қаза тапты. Олардың көпшілігі 7 мен 12 жас аралығында болған. Бұл қазірге дейінгі бейбіт тұрғындарға жасалған ең қанды шабуылдардың бірі саналады.

 

фото: Thomas Coex/AFP

 

Францияда 150-ден астам шеру өтті. 73 жастағы зорлық құрбаны Жизель Пелико Париждегі шеруді бастап, жыныстық зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.

«Біз күрестен бас тартпаймыз», – деді ол.

Пелико 2024 жылы бұрынғы күйеуіне және оны ес-түссіз күйде зорлаған ондаған ер адамға қарсы өткен сот процесінде өзінің аты-жөнін жариялауға келісіп, жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаһандық символына айналған еді.

 

АҚШ-та белсенділер Zorro Ranch ранчосының маңында жиналды. Бұл жер Джеффри Эпштейн кәмелетке толмаған қыздарды жыныстық қанауға ұшыратып, адам саудасына салған деген айыптармен байланысты.

 

Women’s March ұйымының атқарушы директоры Рэйчел О'Лири Кармона:

«Эпштейннің серіктері мен сыбайластарының жылдар бойы жауапкершіліктен құтылып келуі ықпалды адамдар қатысқанда құрбандардың қайғысы ескерусіз қалатынын көрсететін жазасыздық мәдениетін әшкереледі», – деді.

Нью-Йоркте-те наразылық білдірушілер Trump Tower ғимаратының алдында «Құрбандарға сеніңіздер» атты акция өткізді. Бұл шара АҚШ Әділет министрлігі жариялаған Federal Bureau of Investigation құжаттарынан кейін ұйымдастырылды. Онда әйелдердің бірі Дональд Трамп өзіне кәмелетке толмаған кезде жыныстық зорлық көрсетті деп айыптағаны туралы мәліметтер бар.

 

Angelina Katsanis/Reuters

 

Эквадордың Амазония аймағындағы Пуйо қаласында жергілікті халық өкілдері қоршаған ортаның бұзылуына, мұнай-газ өндірісінің кеңеюіне қарсы наразылық білдірді.

 

Кичуа қауымдастығының мүшесі 59 жастағы Рут Пенафиел:

«Біз таза ортада, орманмен үйлесімде өмір сүргіміз келеді. Сондықтан табиғатты қорғауға бағытталған нақты мемлекеттік саясат талап етеміз», – деді.

Бразилияда шерулер қаңтар айында Копакабана ауданында 17 жастағы қызға жасалған топтық зорлау оқиғасына байланысты қоғамның ашу-ызасын көрсетті. Бұл іс осы аптада төрт күдікті өз еркімен полицияға берілгеннен кейін қайтадан қоғам назарын аударды.

 

Пәкістан астанасы Исламабадта полиция қоғамдық жиындарға тыйым салынғанына қарамастан митинг өткізбек болған бірнеше әйел құқығын қорғаушыны уақытша қамауға алды. Aurat March қозғалысы бұл әрекетті айыптап, қатысушылар бейбіт түрде наразылық білдіру құқығын пайдаланғанын мәлімдеді.

 

Сонымен қатар әйел құқығын қорғаушылар Стамбұл көшелерінде де өз ұрандарын көтерді. Ал Қытай мен Ресейде сатушылар қызғылт қағазға оралған гүлдер сатты.

 

Айта кетейік, Халықаралық әйелдер күні 1977 жылы БҰҰ тарапынан ресми түрде танылған. Биыл бұл мереке 115-рет атап өтілді.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

09/03/2026 14:14
93 0

Уведомление