Конституциялық реформа: Үкіметтің қандай құзыреті қысқарады

Қайта жазылатын Ата заңда ел үкіметінің кейбір құзыреті алынып тасталады.


26/01/2026
17:17 45 0

Қандай өкілеттіктер қысқарады?

 

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияның үкімет функцияларын айқындайтын 5-бөліміне қандай өзгерістер енгізу көзделіп отырғанын айтты.

 

«Мемлекеттік бағдарламаларды бекіту жөніндегі өкілеттіктерді, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді, атап айтқанда – олардың қызметіне басшылық ету және актілерінің қолданысын жою немесе тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады», – деп атап өтті министр.

 

Мембағдарламаларды кім әзірлейді?

 

Cәрсембаевтың сөзінше, бұған дейін қолданыста болған «Нұрлы жол», «Цифрлы Қазақстан» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар енді мемлекеттік жоспарлаудың негізгі құжаты деп қарастырылмауы мүмкін. Олар тек шұғыл жағдайда ғана жасалады. Бұрын бұл құжаттарды бұрын Үкімет әзірлейтін.

 

Комитеттер жеке орган болмайды

 

Сондай-ақ Сәрсембаев қазір атқарушы билік құрылымындағы комитеттер орталық атқарушы органның ведомствосы ретінде қарастырылып жатқанын түсіндірді. Осыған байланысты министр оларды Конституцияда жеке атап өтудің қажеті жоқ деп есептейді. Яғни мемлекеттік комитеттер бұрынғыдай жеке орган емес, тек министрлік ішіндегі бір ведомство болып қала береді.

 

Еске салайық, президенттік Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес, елде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның алғашқы отырысы 24 қаңтарда өтті.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

26/01/2026 17:17
45 0

Уведомление