«Көнбесең, түбіңе жетем»: Студент қызды өзінен 14 жас үлкен бөтен жігітке күштеп қоспақ болған

Түркістан облысында 20 жастағы студент Мәншүк Ахметті бейтаныс адамдар алып қашып, бұрын-соңды танып білмеген адаммен күштеп некелестірмек болған.


02/02/2026
18:14 355 0

«Алып қашу операциясы»

 

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы алаңында өткен баспасөз мәслихатында жәбірленуші басынан өткен оқиғаны толық баяндап берді. Айтуынша, оқиға былтыр 27 маусымда болған. «Алып қашу операциясын» Мәншүк Ахметтің бірге оқитын құрбысы ұйымдастырған. Атастырылған жігіті барына қарамастан, қызды өзінен 14 жас үлкен бейтаныс адамның етегінен ұстауға мәжбүрлемек болған.

 

Жетісай педагогикалық колледжінде оқитын Мәншүк оқиға болған күні құрбысы Алтыншаш Дәрібаймен бірге тамақтануға бармақ болады. Жол бойынша такси тоқтатқан. Қыздар мінген көлікке жолдан тағы екі жігіт мінгескен. Сонда ғана құрбысы Мәншүкке оны алып қашып бара жатқандарын жеткізіпті. Ол бірден ашуға мініп, айғайлай бастаған.

 

«Менің атастырылып қойған жігітім бар екенін білесің, біздің тойымыз болатынын да білесің ғой» дедім. Қарсылығыма қарамастан «менің ағам да жақсы адам, сені бақытты етеді» дей берді. Мен тағы да айқайлап отырғанымда жанымда отырған екі жігіт, қолымнан ұстап, ауызымды жапты. Ауа жетпей, тұншығып отырдым. Одан кейін мен мүлде дауысымды шығара алмадым», – дейді Мәншүк басынан өткен оқиғаны еске алып.

 

Қысым мен қоқан-лоқы

 

Жәбірленушінің айтуынша, оны бейтаныс үйге келін қылып түсіріп, басына орамал жаппақ болған. Қорқытқан, өз еркімен қалуға көндірмек болған. Мәншүктің алып кетуге барған ағасын ондағы адамдар үйден қуып шыққан.

 

«Әйелдердің бірі алдап жатты, біреуі қорқытты, бірі жалынып жатты. Бәрі мені көндіргісі келді. Мен атастырылып қойған жігітім барын айтып жылай бердім. Сол кезде бір әйел келіп қорқыта бастады. «Қазір көнбесең, мен сенің түбіңе жетемін» деді. Сондай қатты қысымнан соң өз-өзімді жоғалтып алдым. Сосын мен олардан су сұрадым. Су ішіп отырдым. Біраздан соң басым қатты ауырып, өзімді жайсыз сезіне бастадым», – деді ол.

 

Ең сорақысы, құрбысы оның телефонын да тартып алып, Мәншүктің атынан ата-анасына хат жазған.

 

«Мама, папа, мен сіздердің ақ баталарыңызды алғым келеді, баталарыңызды беріңіздер. Мен өз еркіммен келдім» деп менің атымнан үйімдегілерге жазған. Алайда мен ешқашан әке-шешеме «мама-папа» деген емеспін. Ата-әжемнің қызы болғандықтан,оларды тек көке-жеңге деп айтамын», – дейді жәбір көрген қыз.

 

Дәмханадағы жандал

 

Оқиға болған күннің ертеңіне екі отбасының адамдары дәмханада кездесу керек болған. Дәмхана алдында жанжал болған. Мәншүктің әпкесі Әлия Орынбаева соққыға жығылған.

 

 

«Жігіттің туыстарын Жетісай қаласындағы «Атмосфера» кафесіне шақырдық. Сол жерде кездесіп, сөйлесіп көрейік, Мәншүкті бейбіт жолмен алып кетейік деп ойладық. Бірақ олай болған жоқ. Бізді ер кісілер күтіп алды, бірде-бір әйел адам болған жоқ. Жоғары көтеріліп, кафенің ішінде отырдық. Біраздан кейін бізге бір ер кісі жүгіріп келді. «Сіз неге алдайсыз, мына жақта не болып жатыр, қызды алып кетейін деп жатыр» деп. Дереу төменге жүгірдік. Төменге түссем, сіңілім інімнің құшағында тұр, екі жағында екі әйел қысып, сіңілімді жібермей тұр екен. Мен сіңлімді босатайын дей бергенімде шашымнан біреуі сүйреп, жерге құлатып, тепкілей бастады», – дейді Мәншүктің әпкесі.

 

Созбаққа салынған іс

 

Дәмханадағы  жанжалдан кейін туыстары қызды өз үйіне алып қайтқан. Көп ұзамай Мәншүктің ағасы Асылбек Орынбаев қарындасын алып қашқан Шынболат Иманбердиевтің үстінен полицияға арыз түсірген. Оның үстінен бастапқыда «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен іс қозғалған. Алайда  кейін ол бапты алып тастаған.  Ағасының айтуынша, тергеушілер сот-медициналық сараптаманы да дер кезінде тағайындамаған.

 

 

Ақыр аяғында полиция қыздың телефоны арқылы жазылған хабарламаларды алға тартып, Мәншүк өз еркімен барды деген желеумен істі тек қылмыстық кодекстің 109-бабы бойынша қозғаған. Алайда жәбірленушінің жақындары сол істің өзі әлі күнге дейін сылбыр жүріп жатқанына наразы. Тергеушінің қайта-қайта ауысып, істің қолдан-қолға өткен соң Мәншүк пен оның отбасы адам ұрлаушылардың лайықты жаза алатынына күмәндана бастаған.  

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

02/02/2026 18:14
355 0

Уведомление