Кішкентай ойыншықтан әлемдік феноменге дейін: Sony Pictures Лабубу туралы фильм түсіреді
Киноөндіріс алыбының қызығушылығын оятқан ойыншықтың құдіреті неде?
Пол Кинг түсіретін фильм
Қытайлық Pop Mart компаниясы мен Sony Pictures Лабубу ойыншықтары негізінде толықметражды фильм түсірілетінін ресми түрде жариялады.
Компаниялардың бірлескен мәлімдемесінде жоба әзірге бастапқы кезеңде екені айтылды. Болашақ туындыда ойын актерлерінің қатысуымен түсірілген көріністер мен компьютерлік анимация қатар қолданылады.
Фильмнің режиссері ретінде Пол Кинг таңдалған. Оның бұған дейін түсірген Wonka, Paddington фильмдері мен The Mighty Boosh комедиялық жобасы көрермен көзайымына айналған. Әзірге Лабубу жайлы фильмнің нақты қашан жарық көретіні белгісіз.
Лабубу қалай пайда болды?
Балалар арасында кең сұранысқа ие болған Лабубу – тек сүйкімді ойыншық емес, ол шынайы өнер мен еркін қиялдың тоғысынан туған кейіпкер. Оның авторы – гонконгтық суретші әрі иллюстратор Касин Лун.

Касин Лун шығармашылық жолын кітап иллюстрацияларынан бастаған. 2011 жылы How2work студиясы арқылы алғашқы балаларға арналған кітаптары мен ойыншықтарын шығарды. Ал 2014 жылы белгілі бельгиялық балалар жазушысы Брижит Миннмен бірге балетке қызығатын қоян туралы «Лиззидің билегісі келеді» деген ертегісі жарық көрді. Осы туындыдан кейін Касин Лун балалар әдебиетінің белді өкілдері қатарына қосылды.
Оның нағыз жұлдызды шығармасы – 2015 жылы шыққан «Пука туралы хикая» атты еңбегі. «Құбыжықтар трилогиясының» алғашқы бөлігі болған осы кітапта алғаш рет Лабубу атты кейіпкер пайда болды.
Автор оны былай сипаттайды:
«Лабубу – жүрегі таза, бірақ байқамай тентектік жасап қоятын рухтар тобы».
Автор Лабубуды жасауда Скандинавия ертегілерінен шабыт алған. Ол жеті жасында Гонконгтан Нидерландыға көшіп, сол жердегі халық ертегілері мен «Смурфтар» мультфильмдерінен идея алғанын айтады.
Кішкентай ойыншық әлемге қалай танылды?
Лабубу алғаш рет 2015 жылы көпшілік назарына ұсынылды, бірақ 2019 жылы Касин Лун Pop Mart компаниясымен серіктестікке отырғаннан кейін ғана танымалдыққа ие болды.
Pop Mart ойыншықтарды «соқыр қорап» форматында сатты. Бұл тәсіл сатып алушылардың қызығушылығын арттырып, коллекция жинауға ынталандырады. Осы әдістің арқасында Лабубу бірден вирус секілді тарап, әлемнің түкпір-түкпіріне жетті.
Нарыққа Лабубудың 300-ден астам нұсқасы шығарылған, бағалары 15 доллардан 960 долларға дейін жетеді. Кейбір сирек нұсқаларының құны 5000 долларға дейін жетуі мүмкін Ал 2025 жылы Бейжіңдегі аукционда биіктігі 120 см-ге жететін, жалбыз түсті алып Лабубу 170 мың долларға сатылды.

Фото: Beijing Yongle International Auction Co
Жұлдыздардың ықпалы
Лабубу тек балалар арасында ғана емес, ересектер мен жұлдыздар арасында да танымал болды. Мәселен, сөмкелеріне Лабубу брелоктарын тағып жүрген Рианна және Lisa ойыншыққа деген сұранысты арттыра түсті.
Бұл феномен әлеуметтік желілерде де белсенді насихатталды: TikTok, Instagram және басқа платформалардағы видеолар миллиондаған қаралым жинады.

Балаларға әсері
Балалар клиникалық психологы Айнұр Алдаштың айтуынша, Лабубу қорқыныш пен қызығушылықты қатар тудырады. «Соқыр қорап» форматы балалардың дофамин гормонының бөлінуіне ықпал етеді, толық жинауға деген ұмтылысты арттырады.Маман 6-7 жасқа толмаған балаларға бұл ойыншықты әпермеген жөн дейді. Ал 6-дан асқан балаға әпергенде не үшін ол ойыншыққа қызыққанын анықтап алу керегін айтады.
Pop Mart табысы мен нарықтағы жетістігі
Лабубу – Pop Mart компаниясының ең табысты өнімдерінің бірі. 2024 жылы Pop Mart-тың жалпы табысы 13,04 миллиард юаньға жетті, оның ішінде Лабубу ойыншығы 3 миллиард юань табыс әкелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 729%-ға өсім. Осылайша Лабубу Pop Mart-тың жалпы табысының 23%-ын құрады.
Соқыр қорап концепциясы, шектеулі тираждар және әлеуметтік желілердегі маркетинг Лабубуды әлемдік ойыншық нарығында жетекші орынға шығарды.
Кішкентай ойыншық – үлкен бизнес
Labubu ойыншығы тек ойыншық емес, бұл – мәдениет, тренд, бизнес және инвесторлар үшін капитал көзі. Оның ерекше дизайны, маркетингтік стратегиясы мен халықаралық нарықтағы сұранысы Pop Mart-ты 42 миллиард долларлық компанияға айналдырды.

Енді кішкентай кейіпкер Лабубу толықметражды фильм арқылы әлемдік экранға шығып, балалар мен ересектерге жаңа эмоция мен тәжірибе сыйламақ.
10:51
112
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.