Ким Чен Ын АҚШ-ты жаһандық терактілер жасап отыр деп айыптады

Солтүстік Корея басшысы АҚШ-ты әлем бойынша «мемлекеттік терроризм» мен агрессиялық әрекеттер жасап отыр деп айыптады, деп хабарлайды Masa.media.


24/03/2026
08:47 80 0

Ким Чен Ын Жоғарғы халық жиналысының 15-шақырылымдағы алғашқы сессиясында сөйлеген бағдарламалық баяндамасында АҚШ-тың жүргізіп отырған басқыншылық әрекеттерін сынға алды. Баяндаманың мәтінін Кореяның орталық телеграф агенттігі жариялады.

 

Оның сөзінше, АҚШ-тың түрлі аймақтардағы әрекеттері – «менмендікке негізделген, бейберекет күш қолдану мен озбыр саясат» – тәуелсіздік пен теңдікке ұмтылған елдер мен халықтардың жігерін жасыта алмаған. Керісінше, бұл жағдай антиамерикалық көңіл-күйді күшейтіп, дербестікке ұмтылған күштердің бірігуіне және қарсылық көрсетуіне түрткі болып отыр.

 

Ким Чен Ын сондай-ақ КХДР алдағы уақытта да өз миссиясын жалғастырып, «әлемдік тәуелсіздікке ұмтылыс үдерісіне» жетекшілік ететінін мәлімдеді.

 «Тәуелсіздік жолындағы күштер қазіргі сынақтарды еңсеріп, гегемонияға ұмтылған державалардан да қуатты болатыны сөзсіз. Әділ әрі тең құқықты көпполярлы әлем құру үдерісі бұдан әрі де қарқын ала түседі», – деді ол.

 Жоғарғы халық жиналысының 15-шақырылымдағы алғашқы сессиясы 22–23 наурыз күндері Пхеньян қаласында өтті. Жиында кадрлық өзгерістер, Конституцияға түзетулер енгізу, сондай-ақ Корея Еңбек партиясының IX съезінде бекітілген бесжылдық экономикалық даму жоспарының орындалуы мен 2026 жылға арналған бюджет қаралды.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

24/03/2026 08:47
80 0

Уведомление