Ізашар: Қазақстаннан шыққан ақ Олимпиаданың тұңғыш чемпионы жайлы не білеміз
Қазақстан қоржынына ақ Олимпиаданың ең алғашқы алтынын 1994 жылы Владимир Смирнов салған еді. Қазақстандықтар даңқты шаңғышыны ұмытқан жоқ па?
фото: sports.ru
Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі қазақстандықтарды ерекше тебіренткені рас. Тіпті, желіде қуаныштары қойнына сыймай, «14 ақпанды Шайдоров күні деп жариялайық» деп үндеу тастағандар да бар. Қуанбағанда қайтсін, бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада 32 жылдан кейін әрең қол жеткізген алтыны. Ең алғашқы алтынды ел қоржынына 1994 жылы Владимир Смирнов салған еді. Masa media тілшісі қысқы Олимпиада жүлдегерлеріне ізашар болған даңқты шаңғышының спорттағы мансабы қалай басталып, қалай тәмамдалғанын еске түсірді.
Бала Володяның спорттағы алғашқы қадамы
Владимир Смирнов 1964 жылдың 7 наурызында Көкшетау облысының Щучинск қаласында дүниеге келген. Қысы қатал өңірде өскен болашақ чемпион шаңғы спортына ерте әуестенді. Балалық шағынан-ақ қар үстіндегі жаттығулар оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналады. Алғашқы жаттықтырушысы – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Владимир Браташов. Кейінірек қабілетті балаға Александр Унгефуктің көзі түседі. Даңқты спортшының үлкен жеңістерге жетелер баспалдағы осылай басталды.
Көп ұзамай жас шаңғышы аймақтық жарыстардан одақтық деңгейге көтеріліп, одан әрі халықаралық бәсекелерде көзге түсе бастады. Алайда Кеңес Одағы ыдыраған тұста бұрынғы қаржыландыру мен инфрақұрылымнан қағылған шаңғы спорты тығырыққа тіреледі. Өзінің қарым-қабілетін білетін Владимир Смирнов болашағына балта шапқысы келмей, кәсіби даярлығын жалғастыру үшін Швецияға жол тартады. Швед шаңғы мектебінде шыңдалған Смирнов жеке бағдарлама бойынша жұмыс істеп, заманауи әдістемелер мен төзімділікке негізделген жаттығуларды меңгереді. Сондағы дайындығының арқасында 1994 жылы ақ Олимпиадада Қазақстанға ең алғашқы алтынды сыйлады.
Жарқын жеңістері
Смирнов Олимпиада ойындарына төрт рет қатысты:
- 1988 жылы Калгариде өткен XV қысқы Олимпиада ойындарында күміс медаль мен қола медаль;
- 1992 жылы Албервильде өткен XVI қысқы Олимпиада ойындарында күміс медаль;
- 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль мен күміс медаль;
- 1998 жылы Наганода өткен XVIII қысқы Олимпиада ойындарында күміс, қола медальді қанжығасына байлады.

Жеті мәрте Әлем чемпионатына қатысып, 4 алтын (1987, 1989, 1993, 1995), 4 күміс, 3 қола медальға қол жеткізеді.
Екі мәрте Әлем кубогін иеленген. Кеңес Одағының бірнеше дүркін чемпионы.
Азия журналистерінің конгресі 1996 жылы үздік спортшы деп таныды.
Лиллехаммердегі триумф
1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII Қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы 50 шақырымдық шаңғы марафонын қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Жылдамдық қана емес, темірдей төзім, тактика, ұзақ жылдық тәжірибе сыналатын жарыста Владимир Смирнов ерекше көзге түсті. Соңғы шақырымдарда шаңғышы қарсыластарынан оқ бойы озып, мәреге ең бірінші болып жетті. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның қоржынына қысқы Олимпиаданың ең алғашқы алтыны түсті.

Бұл Олимпиадада Смирнов алтыннан бөлек, тағы екі күміс медаль иеленді.Қазақстан құрамасының сол ойындардағы барлық жүлдесі жалғыз өзіне бұйырды. Бұл жетістік әлемдік спорт картасына енді ғана енген жас мемлекет үшін нағыз триумф болды.
Үлкен спортпен қоштасуы
Смирнов үлкен спорттағы мансабын 1999 жылы аяқтады. Дәл осы жылы Лозаннада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің кезектен тыс 110-сессиясында комитеттің толық құқықты мүшесі болып сайланады.
Жаңа ғасырдан бастап даңқты шаңғышы ел спортының дамуына өзге қырынан үлес қоса бастады. Ол жинаған мол тәжірибесін басқару саласына бағыттап, Қазақстандағы қысқы спорт түрлерін жүйелі дамытуға атсалысты. Әр жылдары Қазақстан биатлон федерациясының президенті қызметін атқарып, дайындық жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды нығайту және халықаралық байланыстарды кеңейтуге күш салды. Кәсіби спорт құрылымдарында да жетекшілік қызметтер атқарды.
Италия-2026: Қазақстан құрамасына қолдауы
Аты аңызға айналған шаңғышы Милан Олимпиадасы басталар алдында ұлттық құраманың мүмкіндіктеріне зор сенім білдірген.

«Тіпті, бір ғана медальдің өзі ұлттық құрама үшін үлкен табыс болар еді. Кез келген ел секілді біз де жүлде көп болғанын қалаймыз, спортшыларымыз биік тұғырдан көрінсе екен дейміз, әлем біз жайлы айтқанын қалаймыз. Әрине, кейбір спорт түрлерінде бұндай жетістікке қол жеткізу әбден мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ Олимпиада чемпионы қазақстандық спортшыларға ұстаздық ақылын айтты.
«Біз нақты нәтиже күтетін спортшыларға психологиялық әрі физикалық қысымды еңсере білулерін тілеймін. Жарысқа бір түн қалған кезде энергетикалық, психологиялық тұрғыдан толық дайындалып, зор күш қуатпен шықса екен деймін. Әрбір спортшының қазақы рухы оянып, бойында күш-жігерінің арта түскенін тілеймін», – деген еді даңқты шаңғышы.
Смирнов айтқандай, психологиялық һәм физикалық қысымды еңсере білген Михаил Шайдоров бүгін Қазақстанның туын Италия төрінде желбіретті.
23:48
338
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.