Эпштейн мен «ескі Қазақстан» шенеуніктері: Бас прокуратура кімді тексеріп жатыр
Бас прокурор Берік Асылов Эпштейн ісінде аты аталған Қазақстанның экс-шенеуніктеріне қатысты сауалға жауап берді.
Асыловтың жауабы
Ақорда кулуарында БАҚ өкілдері Асыловтан Бас прокуратура депутаттардың сауалына қатысты тексеру бастаған-бастамағанын сұрады.
Бас прокурор сауал енді ғана түскені, іске қатысы бар адамдардың есімі әлі жарияланбағанын мәлімдеді.
«Әрине, бұл маңызды сауал. Бас прокуратура мен өзге ведомстволық органдар осы фактілерді саралайды. Аталған тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталады. Тексеру шаралары басталды», - деді Асылов.
Журналистер тексерілетін экс-шенеуніктер тізімінде Мәсімовтің есімі бар-жоғын нақтылап сұрады.
«Алдын ала тексеру басталды(Мәсімовке қатысты - ред). Депутат Эпштейн Қазақстанға келді ме, жоқ па деп сұрады. Осы сауал бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Келімбетовтің де елден шыққан-шықпағаны тексеріледі», - деп жауап берді Бас прокурор.
Депутаттық сауал
Еске салайық, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Қазақстанның бұрынғы және қазіргі шенеуніктерінің атышулы америкалық қылмыскер Джеффри Эпштейнмен байланысын тексеруді талап етті.
Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында Рахымжанов бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайтынын айтты.
«Қазақстан азаматтары ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және ол беделі күмәнді жабық ортада саудаға салынған жоқ па – соны білуге құқылы. Мысалы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов жазбаларда кемінде сегіз рет аталады. Сол жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны аңғарылады. Тағы бір мысал: шетелдік БАҚ Джеффри Эпштейн мен Кайрат Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғанына назар аударды. Еске салайын, сол кезеңде Келімбетов премьер-министрдің орынбасары болып, Ұлттық банкті басқарған еді. Сонда Келімбетовке бұл кездесулер не үшін қажет болды? Әлде оларды өз мүддесіне сай Эпштейннің өзі ұйымдастырды ма?» – деді мәжілісмен.
15:36
35
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.