Энергия тапшылығы: Қазақстан өз қажетін неге өтей алмай отыр?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында талқыланған негізгі мәселелердің бірі – энергия тапшылығы. Тоқаев жағдай күрделі екенін ашық айтты.
Елді импорт құтқарып отыр
Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Президенттің айтуынша, былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан алыппыз. Қазақстан қажетті қуаттың негізгі бөлігін Ресейден (2,5 млрд кВт-сағат) және аз көлемде Өзбекстан мен Қырғызстаннан сатып алды. Шетелден электр энергиясын сатып алу елімізге $228,1 млн-ға түскен.
Тапшылық қашан туды?
Қазақстанда энергия тапшығы 2021–2022 жылдары шарықтау шегіне жетті. Дәл осы уақытта кеңестік кезеңде пайдалануға берілген электр стансаларының 60-70% ескіргені анық байқалды. Генерацияны кеңейтуге инвестиция салынбауы салдарынан кей өңірлерде апатты тоқтаулар, жарықтың өшіп қалу жиіледі. Тозған инфрақұрылым, тұтынудың өсуі және инвестиция тапшылығы елді электр энергиясын импорттауға мәжбүр етті. Ресми түрде энергия тапшылығы бар ел екенімізді мойындауға тура келді.

Министрлер тек мұнайды аңдыған ба?
Тоқаевтың дерегінше, өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы салынған. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 900 миллиард теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 миллиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз етуге жетпейтіні анық.
«Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы маңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа. Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда, назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет», – деді президент.
Қазіргі өндіріс көлемі қанша?
Бүгінде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келе жатқанын ескерсек, бұл еліміз үшін жеткіліксіз.
Тоқаевқа есеп берген премьер-министр Бектенов келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтейміз деп уәде берді. Сондай-ақ, 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаятынына сендірді.
Іс тетігін білетіндер қат
Тоқаев министрлер кабинетінің үйіп-төгіп берген уәдесіне қаншалықты сенгені белгісіз. Әйтеуір бізде қуат көздерін іске қосу мерзімі қайта-қайта кейінге қалдырылатынын еске салып, міндеттеменің бәрі уақтылы орындалуы керек екенін қатаң ескертті.
Бірнеше рет шегерілген істің бірі – Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту жұмысы. Әлі күнге дейін созбаққа салынып келеді.
«Бұдан былай соза беруге болмайды. Менің ойымша, мәселе нағыз энергетика мамандарының болмауында. Энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды», – деді президент.
«Таза» көмір өндірісі
Қазақстанда генерацияның негізгі көзі – бұрынғысынша көмір стансалары (51,4%). Ұлттық құрылтай отырысында Тоқаев үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша ұлттық жоба әзірлеуді тапсырған. Президенттің айтуынша, осы бағытта Қытайдың тәжірибесіне назар аударуға болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт болатын 85 энергетикалық блок салу жұмысын бастап кетті. Бұл – әлем бойынша көмірден алынатын энергия көздерінің 90 пайызы деген сөз. Бір сөзбен, көршілес ел шын мәнінде тиімді, яғни энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өсім тұрғысынан пайдалы шешім қабылдап отыр. АҚШ та көмір игеру және оны пайдалану саясатына көшпек.

ЖИ көмегінсіз жұмыс өнбейді
Тоқаев Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Оңтүстіктегі электр желілерін дамыту жобаларын жүзеге асыруды жүктеді және Батыстағы қуат жүйесін еліміздің бірыңғай ұлттық энергия жүйесімен біріктіруді жүктеді. Бұл жұмысты жеделдету үшін шенеуніктерге жасанды интеллект көмегіне жүгініңдер деді.
– Заманауи цифрлық тәсілдерді енгізбесек, электр қуатын үнемдеу қиын, энергия жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі екіталай. Осы салада жасанды интеллект көмегімен онлайн-мониторинг жүргізуді жедел қолға алған жөн, – деп қайырды президент.
17:22
629
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.