Енді суррогат аналар шетелдіктерге бала туып бере алмайды
Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салынбақ.
Қазіргі заңнама не дейді?
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазіргі таңда суррогат ана қызметін Қазақстан азаматтары да, шетелдіктер де пайдалана алады. Алайда халықаралық суррогат ана мәселесінде соңғы жылдары түрлі дау-дамайлар мен сот процестері жиілеген. Осыған байланысты Үкімет бұл қызметті тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсету жөнінде норма енгізуді қажет деп санайды.
Өзгерістер қашан енгізіледі?
Аталған өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған. Қазіргі уақытта түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Келісу аяқталған соң, заң жобасы белгіленген тәртіппен Парламентке енгізіледі.
Сонымен қатар суррогат анамен жасалатын нотариалдық келісімшарттарды цифрландыру және міндетті түрде есепке алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Әділет министрлігі мұндай келісімдерді бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеде тіркеуді көздейді. Бұл мемлекеттік бақылауды күшейтіп, келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Рекрутингтік агенттіктерді лицензиялау
Бұдан бөлек, суррогат ана қызметімен айналысатын рекрутингтік агенттіктерді лицензиялау мәселесі де заң аясында қаралатын болады. Қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар мен депутаттардың ұсыныстары, сондай-ақ халықаралық тәжірибе жан-жақты зерделеніп жатыр.
Бозымбаев суррогат ана, бала құқықтарын қорғау, әйелдердің денсаулығын сақтау мәселелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
19:25
30
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.