Ел тарихындағы референдумдар: халық 35 жылда қандай сұрақтарды дауысқа салды?

Қазақстан үшін референдум жат түсінік емес. Тәуелсіздіктің 35 жылдық жылнамасында ел азаматтары бүкілхалықтық дауыс беруге төрт рет қатысты.


12/02/2026
15:56 173 0

көрнекі фото: ЖИ/masa.media

 

Masa media редакциясы Қазақстан тарихындағы референдумдар қашан және қалай өткенін еске түсіріп көрді.

 

Референдумда қандай мәселелер шешіледі?

 

Референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтыруы енгізу, мемлекет өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелерін шешу үшін өткізіледі. Оны өткізу туралы бастаманы президент көтереді. Бірақ үкімет, парламент және халық оған ұсыныс жасай алады.

 

Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, олар «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деген жауап нұсқаларының бірін таңдайды. Азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді.

 

Дауыс беруге кімдер қатыса алады?

 

Референдумда 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары дауыс бере алады. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар референдумға қатыса алмайды.

 

Дауыс беру кезінде бюллетень қазақ және орыс тілінде, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық аумақтық бөлініс аумағында тұратын халықтың тілінде беріледі.

 

Алғашқы референдум

 

Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы референдум 1995 жылдың 29 сәуірінде өтті. Онда қойылған жалғыз сұрақ: «1991 жылғы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайланған Қазақстан Республикасының президентінің өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?».

 

Назарбаевты ұлықтау рәсімі. 1999 жыл 20 қаңтар

 

Референдум нәтижесінде экс-президент Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Ресми дерек бойынша, оны сайлаушылардың 95,46 пайызы қолдады. Референдумға дауыс берушілердің 91,21 пайызы қатысқаны хабарланды.

 

Жаңа Ата заң қабылданған референдум

 

Араға төрт ай салып, 1995 жылдың 30 тамызында елімізде екінші референдум өтті. Онда елдің жаңа Ата заңының тағдыры шешілді. Дауыс берушілерге «Жобасы 1995 жылдың бірінші тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды.

 

 

Ресми мәлімет бойынша, жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90%-ы қолдады. Содан бері 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні аталып келеді.

 

Қаңтар оқиғасынан кейінгі референдум

 

Елді есеңгіреткен Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы саяси өзгерістерге байланысты Конституцияға іргелі өзгерістер енгізу қажеттігі туды. 2022 жылдың 5 маусымында ел тарихындағы үшінші референдум өтті.

 

Бұл жолы да бюллетеньде бір ғана сұрақ болды: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?».

 

Дауыс беру қорытындысын жария еткен комиссия азаматтардың 77,18 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдағанын, ал 18,66 пайызы түзетулерге қарсы дауыс бергенін мәлімдеді. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылған, ал 1,58 пайыз бюллетень есепке алынбаған.

 

 

Референдум аясында Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілді. Олардың негізгілері:

 

·       Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті;

 

·       Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;

 

·       Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;

 

·       Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;

 

·       өлім жазасына тыйым салынды;

 

·       Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;

 

·       Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;

 

·       Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;

 

·       Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

 

АЭС тағдырын шешкен референдум

 

Ел тарихындағы төртінші референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтті. Онда қазақстандықтар атом электр станциясының тағдырын дауысқа салды.

 

 

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, референдум нәтижесінде дауыс бершілердің 71,12%-ы Қазақстанда АЭС салынуын қолдаған. Дауыс беруге сайлаушылардың 63,66 пайызы қатысқан.

 

Алғашқы АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы белгіленді. Өткен жылдың 8 тамызында сол ауылда инженерлік ізденістер жұмысы басталды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік мәліметінше, халықаралық стандартқа сәйкес, бұл жұмыс кемі екі жыл уақыт алады. Содан кейін ғана станция құрылысы басталмақ. Мамандардың болжамынша, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жалпылай алғанда 10-12 жылға созылуы мүмкін.

 

Елдің ендігі бағытын айқындайтын референдум

 

Кеше Қазақстанда конституциялық реформа жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтап, Ата Заңның жаңа жобасы референдумға шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен бүкілхалықтық дауыс беру 15 наурызға белгіленді.

 

 

Бүгін БАҚ-та Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Қазақстан азаматтары құжатпен танысып, алдағы референдумда оны қабылдауға «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп дауыс беруі тиіс.

 

Жаңа Конституция мақұлданған жағдайда, Қазақстан Парламенті 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатуға тиіс.

 

Ата заң күшіне енгеннен кейін президент Құрылтай сайлауын жариялауы керек. Ол екі ай ішінде өткізілуі қажет.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

12/02/2026 15:56
173 0

Уведомление