Экс-судья Жолмановаға жаңа үкім шықты

Алматыда экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс бойынша тағы бір үкім шықты.


13/02/2026
14:36 197 0

Алаяқтық

 

Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған адвокат Радмир Өтеповтің айтуынша,  11 ақпанда Алматы Медеу ауданының №2 аудандық сотының судьясы Ж. Қ. Құсайынов Жолмановаға қатысты үкім шығарды.

 

Бұрынғы судья ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.

 

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктеріне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша, яғни жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға жұту қағидатын қолдану арқылы, 2025 жылғы 19 маусымда Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының үкімімен тағайындалған жазамен біріктіріліп, сотталушыға түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

 

Жаза орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтелетін болады.

 

Іс неден басталды?

 

2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген.

 

Ол бұл ақшаны ипотека рәсімдеу үшін жинағанын айтқан. Келесі жылы Жоламанова қылмыстық іс тоқтатылғанын айтып, қызметін қалпына келтіруге тырысқан. Бірақ 2023 жылдың 12 мамырында ол ресми түрде жұмыстан шығарылып, іс қайта жанданды.

 

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Жолманованың Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек пен оның жұбайы, бұрынғы судья Жанар Байбекпен достық қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда сот процесі барысында прокурор бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

13/02/2026 14:36
197 0

Уведомление