Экс-судья Сайлыбаеваның өлімі: Мәскеуде тергеу басталды

Ресейдің РЕН ТВ арнасындағы сюжеттен кейін Мәскеуде Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваны өлтірді деген күдіктілерді іздестіру басталды.


02/02/2026
15:16 328 0

Ресейдің Тергеу комитеті іске кірісті

 

Ресейдің федералдық арнасында Германияда Қазақстан азаматының өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысқа марқұмның енесі мен бұрынғы күйеуінің қатысы болуы мүмкін. Олар қазір Мәскеуде жасырынып жүр деген болжам бар.

 

БАҚ-та жарияланған материалдардан кейін Сайлыбаеваның ата-анасы Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге ресми түрде жүгінген.

 

– Сюжетте келтірілген деректерге байланысты Ресей Тергеу комитетінің Мәскеу қаласы бойынша тергеу органдары процессуалдық тексеру жүргізуді ұйымдастырды. Тергеу комитетінің төрағасы А.И. Бастрыкин Мәскеу қаласы бойынша Бас тергеу басқармасының басшысы Д.В. Беляевке тексеру барысы жөнінде баяндауды тапсырды. Бұл тапсырманың орындалуы ведомствоның орталық аппаратында бақылауға алынды, – делінген Тергеу комитетінің хабарламасында.

 

Сайлыбаеваның өлімі

 

Экс-судья Айгүл Сайлыбаева соңғы жылдары отбасымен Германияда тұрған. 2024 жылы 4 маусымда баласын бақшаға апарғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен. 16 маусымда пышақталған денесі қала шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.

 

Бұған дейін адвокат Жанна Мұхамади Айгүл Сайлыбаеваның аяғы ауыр болғанын айтты. Ол күйеуі және енесі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл туралы құрбыларына айтып, ұрып-соққанына айғақ болатын фото жіберіп отырған. Осыған байланысты Қазақстанда «қинау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Сайлыбаеваның бұрынғы күйеуі мен енесіне іздеу жарияланды.

 

Жақында Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, күдіктілерді елге экстрадициялау ісіне араласуын сұраған.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

02/02/2026 15:16
328 0

Уведомление