Бұрын 50+, қазір 20+: қатерлі ісік неге «жасарып» барады?
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкохирургия бойынша бас кеңесшісі Тасболат Әділхановпен сұхбат.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың құрылымы өзгеріп келеді. Кейбір қатерлі ісік түрлерінің жастар арасында жиі анықталуы қоғамда алаңдаушылық туғыза бастады. Бұл құбылыс аурудың шынымен «жасаруын» білдіре ме, әлде диагностиканың жақсаруымен байланысты ма?
Осы және ұлт саулығына қатысты өзге де маңызды сұрақтарды Masa.media тілшісі медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкохирургия бойынша бас кеңесшісі Тасболат Әділхановқа қойды.
«Бұл толық «жасару» емес»
Дәрігердің айтуынша, Қазақстанда салыстырмалы түрде жастар арасында жиірек анықталып жүрген қатерлі ісік түрлері бар. Оның ішінде сүт безі обыры, колоректальды ісік және қалқанша без обыры жиі кездеседі.

2025 жылғы елімізде қатерлі ісіктің 43 088 жаңа жағдай тіркелген. Алайда бұл көрсеткішті аурудың «жасаруымен» байланыстыру дұрыс емес дейді маман.
«Аурушаңдықтың өсуі көбіне скрининг пен диагностиканың жақсаруымен байланысты», – дейді Тасболат Әділханов.
Сондай-ақ ғалым «қатерлі ісік жасарып жатыр» деген тіркесті абайлап қолдану керектігін ескертеді.
«Бұл толық «жасару» емес, анықталу құрылымының өзгеруі», – деп түсіндірді маман.
Дегенмен, кейбір ерекшеліктер бар. Оның айтуынша, колоректальды ісіктің жекелеген түрлері мен сүт безі обыры бойынша жас пациенттердің үлесі шынымен артып келеді.
Пандемияның әсері ме?
Кейбір мамандар сүт безі обырының жасаруын коронавирус пандемиясымен байланыстырады. Алайда Тасболат Әділханов мұндай пікірмен толық келіспейді. Оның сөзінше, тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденбеген.
«Пандемия кезінде скрининг төмендеді, диагноз кеш қойылды. Нәтижесінде ісіктер кеш сатыларда анықталды», – деді ол.

Дәрігер қазіргі өзгерістерді COVID-тің биологиялық әсерінен емес, денсаулық сақтау жүйесіндегі үзілістердің салдары деп түсіндіреді.
Қатерлі ісік – мультифакторлы процесс
Тасболат Әділханов қатерлі ісіктің пайда болуын бір ғана фактормен түсіндіру қате екенін айтады. Оның сөзінше, бұл – көп факторлы процесс.
«Қатерлі ісік – мультифакторлы процесс. 2025 жылғы тенденциялар көрсетіп отырғандай, аурушаңдықтың өсуін тек өмір салтымен түсіндіруге болмайды. Мұнда генетика, мутациялар және экологиялық факторлар маңызды рөл атқарады», – дейді ғалым.
Сонымен қатар, инфекциялық факторлар да әсер етеді. Мәселен, Helicobacter pylori асқазан обырына, ал В және С гепатиттері бауыр қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін.

«Адам папиллома вирусының жатыр мойны обырына, орофарингеальды(бас және мойын) ісіктерге себептік рөлі дәлелденген», – дейді маман.
Дәрігер салауатты өмір салты қауіп-қатерді төмендеткенімен, толық қорғамайтынын да ескертті.
Ерте анықтау – ең тиімді жол
Онкологиялық ауруларды жеңудің басты жолы – ерте диагностика. Тасболат Әділханов Қазақстанда скрининг жүйесі кеңейтіліп, қолжетімділігі артқанын атап өтті.
Маман нақты жас ерекшеліктеріне қарай тексерулерден өтудің маңызын түсіндірді. Әйелдерге жатыр мойны (4 жылда 1 рет) және сүт безі обырына ( 2 жылда 1 рет), ал ерлер мен әйелдерге колоректальды қатерлі ісікке (2 жылда 1 рет) тұрақты түрде тексерілу қажет.

Өлім-жітім неге көп?
Дәрігердің айтуынша, өкпе, асқазан, бауыр және сүт безі обыры өлім-жітім көрсеткіші жоғары аурулардың қатарында.
Ол мұның басты себебін кеш диагностикамен байланыстырады.
«Негізгі мәселе – аурудың кеш сатыларда анықталуы», – деді маман.
Қазақстандағы емдеу мүмкіндіктері
Тасболат Әділхановтың сөзінше, бүгінде Қазақстан онкология саласында айтарлықтай ілгеріледі. Елде жоғары технологиялық емдеу әдістері енгізіліп жатыр. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта трансплантация, радионуклидтік терапия, ядролық медицина және гибридті операциялар жүргізіледі.
«Қазақстан біртіндеп жоғары технологиялық онкологиялық көмектің өңірлік орталығына айналып келеді», – деді дәрігер.
Сонымен қатар, бұрын тек шетелде жасалған протон терапиясы енді елімізде де қолжетімді. Бұл әдіс сәулелік жүктемені едәуір азайтады.

Маманның айтуынша, онкологиялық аурулардың басым бөлігі Қазақстанда емделеді. Қазір шамамен 246 мың пациент динамикалық бақылауда тұр.
Ауырып ем іздегенше...
Дәрігер онкологиялық аурулардың алдын алу әр адамның өз қолында екенін айтады.
«Ең тиімді шаралар өзгеріссіз қалады, алайда олардың маңызы артып келеді: темекіден бас тарту, дене салмағын бақылау, физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану және скринингтен өту», – дейді Тасболат Әділханов.

Сондай-ақ, маман маңызды бір тенденцияны атап өтті:
«2025 жылдың қорытындысы бойынша өлім-жітімнің аурушаңдыққа қатынасы төмендеуде», – деді дәрігер.
Бұл ерте диагностиканың жақсарғанын және емдеу тиімділігінің артқанын көрсетеді.
«Онкология – үкім емес»
Дәрігер азаматтарды өз денсаулығына бейжай қарамауға шақырды.
«Қазіргі таңда онкология – үкім емес, оның нәтижесі көбіне ауруды уақытылы анықтауға байланысты», – деді ол.
Маман ешқандай шағым болмаса да скринингтен өту керектігін, күмәнді белгілерді елеусіз қалдыруға болмайтынын ескертті.
«Ең бастысы – дәлелді медицинаға сеніп, емді заманауи стандарттарға сәйкес алу», – деп түйіндеді Тасболат Әділханов.
11:06
98
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.