Биыл Қазақстанда тарихтағы ең жылы қыркүйек тіркелді

Елімізде 2026 жылғы қыркүйек ауа райын бақылау тарихындағы ең жылы ай болды.


09/10/2026
11:42 0

 «Қазгидрометтің» хабарлауынша, қыркүйекте ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 2,38°C жоғары болды.

 «Бұл – көпжылдық бақылаулар қатарындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін ауаның орташа айлық температурасының ең жоғары мәні 1957 жылғы қыркүйекте тіркелген», – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Қыркүйек айында Қазақстанның барлық өңірінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан жоғары болды.

 

Синоптиктердің дерегінше, ел аумағының басым бөлігінде температураның ауытқуы 1,5–3°C аралығында болған.

 

  • Ең жоғары ауытқу – 3–4,1°C. Мұндай көрсеткіштер негізінен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында, Ақтөбе облысы мен Ұлытау облысының орталық бөліктерінде, Қарағанды облысы мен Абай облысының солтүстік аудандарында байқалған.
  • Ең үлкен ауытқу Петропавлда тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысындағы метеостанцияда ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 4,1°C жоғары болған.
  •  

Елдің негізінен солтүстік, батыс, орталық және оңтүстік өңірлерінде орналасқан метеостанциялардың 67,5 пайызында ауаның орташа айлық температурасы аса жоғары деңгейге жеткен. Бұл көрсеткіштер бақылау жүргізілген бүкіл кезеңдегі ең жоғары мәндердің 5 пайызына кірген. Олардың климаттық нормадан аспау ықтималдығы 95–100 пайызды құраған.

 

Қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығы байқалды. Елдің солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық, оңтүстік және шығыс өңірлерінің едәуір бөлігінде, сондай-ақ батыстағы жекелеген аудандарда жауын-шашын мөлшері климаттық норманың 30 пайызына да жетпеген. Кей жерлерде бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмен болған.

 

Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды және Алматы облыстарындағы, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарындағы 23 метеостанцияда жауын-шашын мүлде тіркелмеген.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

09/10/2026 11:42
0

Уведомление