Білімге құштар баланы қалай тәрбиелеуге болады?

Сапалы мектепте оқитын Олимпиада жүлдегерлерінің ана-аналары не дейді?


27/03/2025
10:41 1222 0

Коллаж Masamedia.kz

 

Шолпан Кұтқожиева - 10 сынып оқушысы Ернардың анасы.

 

Марс  робототехникамен әуестенеді. Bright Future Hackathon 2024. "Health Care. AT" 1- орын алған. Certificate; For participation in the OHMYECON Economics individual nomination. «Болашақ инноваторлар» 3-орын.

 

- Негізінен кішкентайынан елгезек, қабілетті болды. Бос уақытында робототехникамен, бағдарламалаумен айналысады. Баламен еркін сөйлесіп, оған көңіл бөліп, сұрақ-жауап ретінде әртүрлі тақырыпта әңгімелесу қажет. Балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оның жақсы ортаға түсуіне септігімді  тигізіп, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуге тырыстым. Әрдайым қолдау көрсету, жақсы адам болып өсуіне, тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, оны назардан тыс қалдырмаған жөн. Баламның арманы ғылыми жаңалық ашу және болашақта "Boston Dynamics" компаниясында robotics/mechanical engineer қызметін атқарғысы келеді, - дейді Ернар Марстың анасы.

 

Ғалия Болғанбаева - 10-сынып оқушысы Даниалдың анасы.

 

Даниал республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жүлдегері. "Ауыл дарыны" төсбелгісінің иесі.

 

- Бала бос уақытын үнемі тиімді өткізуін қадағалап отыру керек. Себебі, бос уақыт көп болса, телефонға телміріп немесе сыртта бұзықтық жасауға бейім болады. Сол үшін балаға қызыққан пәнінен қосымша сабақтар алып беру керек, баланы дамытатын курстарға беру керек. Баланың дамуы үшін инвестиция сала беру керек. Балаға салған инвестиция, сіз ойлағананнан көбірек пайда әкеледі. Балам өскенде ғалым болғысы келеді, таңдаған мамандығы инженерия, - дейді анасы.

 

Бақытжан Татепбаев 11 сынып оқушысы Марғұланның әкесі.

 

Марғұлан "Ең ақылды" зияткерлік теле ойынының ширек финалисті. Физика пәнінен олимпиаданың 3-орын иегері, құқық негіздері пәнінен "Дарын" олимпиадасының  2- орын, республиаклық Домбыра Cover байқауының  - оркестр домбырашысы ретінде 1- орын иегері.

 

- Кішкентай кезінде сабақтан тыс домбыра, фортепьяно, вокал,  шахмат, күрес түрі дзюдоға қатысып жүрді. Сонда байқағанымыз, өз ісіне өте  тиянақты болды. Тапсырмаларды  толығымен орындамай  басқа іске көшпейтін.  Өзі тайм менеджмент жасап, күн тәртібін өте қатаң ұстанады.  Жұмыс күндері кешкі беске дейін сабақпен айналысады. Содан домбра, фортепиано.

 

Баланың талантын ашу үшін менің ойымша, тәртіппен еңбекке баулы қажет. Сонымен қатар, музыка мен шахмат үйірмелері өте зор ықпалын тигізеді. Жас ата-аналарға беретін кеңесім, баланы еңбек пен тәртіпке баулу. Баламыздың болашаққа деген жоспары - инженер мамандығы мен ақпараттық технологиялар саласында қызмет істеу, - дейді Марғұланның әкесі.

 

Гүлнар Оспанова - 11-сынып оқушысы Файзулла Арнұрдың анасы.

 

Арнұр математикадан облыстық олимпиада жүлдегері, халықаралық Stemco олимпиадасыныі математикадан 3 орын иегері, IQanat мектепішілік олимпиадасының математикадан бас жүлде иесі.

 

- Баланың тәрбиесіне келетін болсақ, баланың шыншыл болуын қалыптастыру, баланы қабілетіне қарап шыңдау қажет. Оны еш уақытта баланың өзіне жүктей салуға болмайды. Баланың фундаменті мықты болса, қалғанын оңай болады деп ойлаймын.  Баланы қалауын тежемеу керек. Қайта сол қалауынан өзі шешім шығаратындай ой тастап, оған керек пе, жоқ па, өзі шеше білсе, болашақта бала таразылай алатын болады. «Өзің қалай ойлайсың», деген сұрақтар арқылы шешім шығаруға үйрету керек. Баламның болашақта математика, физика пәндерінің маманы болсам деген ойы бар, - дейді Арнұрдың анасы.

 

Шолпан Баянова - 11-сынып оқушысы Қарақаттың анасы.

 

Қарақат 2024-2025 оқу жылында математика, физика, химия, биология пәндері бойынша өткен XVII Президеттік олимпиадада республикаға жолдама алды.

 

- Қызымның айтуынша 7 сағаттық ұйқыдан алған энергия оған күні бойына сергек жүруге жеткілікті.

 

Баланың бойындағы талантын ашу үшін ең алдымен баланың қалауына құлақ асып, оған қолдау көрсете білу қажет. Қателіктен қорықпауға, жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік берген жөн. Әр жетістігін мадақтап, баланың өзін-өзі бағалау деңгейі мен мотивациясын да арттырып отырған жөн. Баламен мейілінше ашық қарым-қатынаста болуға тырысыңыздар. Балаңызбен ашық әңгімелесіп, оның ойлары мен сезімдерін тыңдаңыз. Сұрақтарына жауап беріп, бірге шешім қабылдауға тырысыңыздар, - дейді Қарақаттың анасы.

 

Ирина Матвеева – 9-сынып оқушысы Денистің анасы.

 

Денис республикалық олимпиаданың химия пәні бойынша 3-орын иегері.

 

- Баламен дос болып, оның белгілі бір салаға қызығушылығын уақытында байқап, қолдау қажет. Қабілеттерін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау маңызды.

 

Баланы белгілі бір мамандыққа мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Өз бағытын табу үшін әртүрлі салаларды байқап көргені дұрыс. Ата-аналар әрқашан қолдау көрсетіп, оның ізденісіне көмектесуі керек. Денис әлі нақты мамандық таңдамаса да, болашақ өмірін химиямен байланыстыратынына сенімді.

 

Арман Құрманғазинов - 12 сынып оқушысы Әлиәмірдің әкесі. Әлитемірдің жүлделері:

 

World Robot Olympiad 2023, 6th place, күміс жүлдегері, International Science and Inventions Fair 2023, 1st place, World Invention Competition and Exhibition 2023, 1st place, Smart City Competition 2024 by Astana IT University, 1st place, Solve for Tommorow Samsung 2023, National Finalist, Infomatrix Asia International 2023 – Gold, WICE International 2023 - Gold, Informatics olympiad 2022 – Silver, Kazakh history olympiad 2020 – Silver және тағы басқалары.

 

- Әлиәмірдің мектепке бармай тұрып математикаға, қажет деректерді тауып зерттеуге және LEGO конструкторға деген ерекше құштарлығын байқадық. 1 сыныпта үздік оқыды. Кейде “төрт” алғанына мұңайып жүретін кездері есімізде. Біздің ойымызша, баланы 5-7 жасынан бастап түрлі үйірмелерге беріп, кейін олардың қайсысына қызығушылық пайда болғанын байқастау керек. Ол анықталған соң, әрі қарай дамыту қажет. Баламызға қосымша мотивация ретінде, сабағындағы әр бір жақсы нәтижесі үшін ақшалай төлемдер беретін болғанбыз. Баламен бірге көбірек араласып, сөйлесіп, кішкентай да болсын жетістіктерін қолдап, ынталадырумен бірге кейде қаталдық танытып, сөйлесіп тұруды де ұмытпау қажет. Өйткені тәрбие беру кезінде тек еркелету арқылы жетістікке қол-жеткізу қиындау болар.

 

Қазіргі уақытта, баламыз өзін механика инженері және бағдарламалау инженері ретінде көреді, - дейді әкесі.

 

Айнұр Керімбердина - 12 сынып оқушысы Ұлжанның анасы.

 

Ұлжан  IEOxWinterChallenge олимпиадасының күміс және кола жулдегері, «Infomatrix-Asia» Халыкаралық, компьютерлік жобалар байкауында 2022 жылы алтын медаль иегері. Rise for the World байқауының жеңімпазы. Бұл 500 000 USD қолдау, кез келген университетте 4 жылдық шәкіртақы, жобаларын жаһанды деңгейде дамытуға гранттар және басқа да мүмкіндіктерді береді.

 

- Қызымның бос уақыты жоқ. Бола қалса, спортпен айналысады, жүзуге  қатысады. Кітап оқиды, түрлі конференцияларға, форумдарға, конкурстарға қатысады. Жазғы демалыс кезінде отандық жазғы мектептерде оқушыларға сабақ береді, республикалық олимпиадалық резерв құрамында пәндер бойынша білімін жетілдіреді. Соңғы жылдары шетелдік ғылыми лабораторияларға шақырту алып, әлемдік деңгейдегі ғалымдардың зерттеу жұмыстарына қатысып жүр. Ұлжанның математикаға қабілеті төрт  жасынан байқала бастады. Әріптерді өзі сұрап, өз бетімен оқуды үйренді. Информатикаға қызығушылығы,  бастауыш сыныпта ойындар құрастыру арқылы көрінді.Ұлжан болашақта жаңа технологияларды зерттеумен шұғылданғысы келеді. Баланы дамыту үшін, ынтасын ояту, жауапкершілігін арттыру керек. Өз қабілетін жан-жақты сынауына бөгет болмау керек - дейді анасы.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/03/2025 10:41
1222 0

Уведомление