Бүгін ЖИ туралы заң күшіне енді: контент жасаушылар нені білуі тиіс
Бүгін «Жасанды интеллект туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Оның негізгі талаптары мен тыйымдары қандай?
Өткен жылдың 17 қарашасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойған болатын. 18 қаңтардан бастап күшіне енген құжат – елдегі жасанды интеллектті құқықтық түрде реттейтін тұңғыш арнайы заң.
Заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық және түсініктілік, адам игілігіне басымдық беру, оның шешім қабылдаудағы еркіндігі, деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік пен қорғаныс қағидаттары бекітеді деп таныстырылған заң бас-аяғы 31 баптан тұрады.
ЗАҢДА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР
ЖИ-контентті таңбалау
Жасанды интеллект арқылы контент жасаушыларға әсер ететін негізгі бап – заңның «Жасанды интеллект жүйелерін пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету» деп аталатын 21-бабы. Бұл талапқа сай, желіде жарияланған сурет немесе видео, тіпті мәтін ЖИ арқылы жасалса, оны арнайы таңбалау міндеттеледі.
«Пайдаланушылар тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жасанды интеллект жүйелері пайдаланыла отырып өндірілгені немесе көрсетілетіні туралы хабардар етілуге тиіс», – деп жазылған 21-баптың 1-тармағында. Яғни, осы баптың бірінші тармақшасы кәсіпкерлерге де міндет жүктейді: тауар, қызмет немесе жұмыс жасанды интеллектті қолдана отырып жасалғаны туралы ескертуі керек. Мысалы, сіз такси қызметіне не тамаққа тапсырыс берсеңіз, тапсырысыңызды ЖИ жүйелері арқылы өңдесе, сіз бұл туралы хабардар боласыз.
Ал аталған баптың 2-тармағы:
Жасанды интеллект жүйелері қызметінің синтетикалық нәтижелерін олар машина оқитын нысанда таңбаланған және қабылдауды қиындататын әдістер қолданылмай, пайдаланушының осындай қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін көрнекі нысанмен не өзге де ескерту нысанымен сүйемелденген жағдайда ғана таратуға жол беріледі.
Бірақ аталған баптың 3-тармағына сай, мұндай міндет жасанды интеллект жүйелері қызметінің меншік иелеріне жүктеледі.
Бұл бап дезинформациямен күрес тұрғысынан алғанда айтарлықтай пайдалы деуге келеді. Ол пайдаланушыларды манипуляциядан және жалған ақпарат таратудан, соның ішінде дипфейк пен автоматты түрде жасалған контенттен қорғайтын ережелерді енгізеді.
Авторлық құқық
23-бап ЖИ көмегімен жасалған контенттің авторлық құқығы кімге тиесілі екенін реттейді.
23-бап, 1-тармақ: Жасанды интеллект жүйелері пайдаланылып жасалған туындылар олардың жасалуына адам шығармашылық үлес қосқан жағдайда ғана авторлық құқықпен қорғалады.
1-тармақ ЖИ көмегімен жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда авторлық құқықпен қорғалады. Яғни, адам күш салмаған автоматты түрде жасалған мәтін, сурет немесе бейне толыққанды құқықтық қорғауға жатпайды.
Баптың екінші тармағы мәтіндік сұрауларды (промптарды), адамның зияткерлік шығармашылық қызметінің нәтижесі болса авторлық құқық объектілері деп таниды.
Дегенмен екі тармаққа да сұрақ көп. Біріншіден, адамдар қандай да бір ЖИ-дің туындысына шығармашылық үлесі бар екенін қалай дәлелдейді? Екіншіден, адам басқа бір тұлға оның промптын ұрлағанын қалай біледі жене қалай дәлелдейді?
Ал үшінші тармақ туындыларды білім беру және ғылыми мақсаттарда еркін пайдалану жағдайларының тізімінен ЖИ-ді оқытуды алып тастайды. Яғни, жасанды интеллектіні оқыту үшін журналистік мәтіндерді, фотосуреттерді және зерттеулерді жаппай пайдалану заңсыз.
4-тармақта жасанды интеллектті оқыту үшін туындыларды (мәтіндер, суреттер, музыка және т.б.) пайдалану авторлық құқық әдетте жүзеге асырылатын әрекеттердің: көбейту, тарату, өңдеу, көпшілікке көрсету және т.б. аясына кірмейді деп болжанады.
23-бап, 4-тармақ: Туындыларды жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену үшін пайдалану қайта шығаруды, таратуды, қайта өңдеуді, көпшілікке көрсетуді, орындауды, эфирде беруді немесе кәбіл бойынша хабарлауды, жалпы жұрттың назарына жеткізуді және Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді қоса алғанда, олардың автордың жеке мүліктік емес және мүліктік (айрықша) құқықтарына жататын нысандарда пайдаланылуын көздемейді.
5-тармақта былай деп ескертіледі: «Туындыларды жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену үшін пайдалануға автордың немесе құқық иеленушінің тарапынан машина оқитын нысандағы тыйым салу болмаған кезде ғана жол беріледі». Бұл тармаққа қатысты проблема болуы мүмкін, себебі ірі платформалар мен БАҚ-тан айырмашылығы, өз жұмыстарын (иллюстрациялар, фотосуреттер, қысқа шығармалар) онлайн жариялайтын көптеген жеке автор іс жүзінде әрқашан машина оқитын тыйым қоя алмайды.
Айта кетейік, аң елде ЖИ дамуын және қолданылуын реттеп қана қоймайды, сонымен бірге азаматтардың құқықтарын қорғайды, экономикалық инновацияларға жол ашады.
12:45
17
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.