Байқоңырда Путин мен Ресей әскерін қолдау акциясы өтті
Байқоңырда Ресей президенті мен әскерін қолдау акциясы өтті

Наурыздың 9-ы күні Байқоңыр қаласы мен космодромында «Ресей Федерациясының қарулы күштері мен президенті Владимир Путинді қолдау шарасы өтті». Бұл жөнінде «Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозин өзінің твиттер парақшасында жазды.
— Бүгін таңертең Байқоңыр қаласы мен космодромында РФ президенті В.В. Путинді және Ресей қарулы күштерін қолдау акциясы өтуде. Оны қала әкімшілігі, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, «Байқоңырдың болашағы» жастар қозғалысы активі ұйымдастырды, — деді Рогозин жазбасында.
Бұдан бөлек, ол жазбасында адамдар мен автокөліктер колоннасының Z және V әріптерін бейнелеген фотосуретін жариялады.
Бұл белгілерді Украинада соғысып жатқан Ресей әскері қолдануда. Z — «жеңіс үшін», V — «күш жеңісте» деген мағынаны білдіреді. Қазақстан билігі Z белгісін таққан автокөлік иелеріне айыппұл салуда. Ақорданың Украинадағы соғысқа байланысты ресми ұстанымы — бейтараптық.
Байқоңыр космодромын Ресей Федерациясы Қазақстаннан 2050 жылға дейін жалға алған. «Роскосмос» ғарыш айлағын пайдаланғаны үшін жылына 115 миллион доллар төлейді.

Пікірлер жоқ.