Қазақстандық альпинистер Альпідегі «Өлім қабырғасын» бағындырды

Қазақстандық альпинистер Омар Әсербеков пен Григорий Щукин Альпідегі ең күрделі классикалық бағыттардың бірін бағындырған алғашқы қазақстандықтар атанды, деп хабарлайды Masa media.


14/03/2026
16:18 57 0

Алматы әкімдігінің мәліметінше, олар Берн Альпілеріндегі Эйгер шыңына (3 970 м) Хекмайердің классикалық бағыты арқылы көтерілді. Бұл әлемдік альпинизмдегі ең әйгілі әрі техникалық жағынан күрделі бағыттардың бірі. 1935 жылдан бері мұнда 60-тан астам адам қаза тапқан.

«Шыңға көтерілу екі жарым күнге созылды. Команда маусымда алғаш болып жолға шыққандықтан, бұрынғы альпинистердің ізі болмаған, олар жол салып, жартастарды қардан тазартып отырды. Бірінші күні қабырғаның үштен екі бөлігін жүріп өтіп, «Өлім бивуагында» шатырсыз, сақтандыру нүктелеріне байланған күйде түнеп шықты. Екінші күні ең күрделі техникалық жоғарғы бөлікті еңсеріп, шыңға жетті бірден түсуге кірісті. Үшінші күні аман-есен төмен түсті», - дейді әкімдіктегілер.

 Эйгер Альпідегі «алты ұлы солтүстік қабырғаның» қатарына кіреді. 2025 жылы Әсербеков пен Щукин Пти-Дрю және Гранд-Жорас тауларының солтүстік қабырғаларын да бағындырған болатын. Осылайша олар бір маусымда бағдарламадағы ең күрделі үш қабырғаны еңсеріп, әрқайсысында алғашқы қазақстандықтар атанды.

 

Бағыт толық автономды стильде, яғни гидсіз, шерпасыз және алдын ала дайындықсыз өтті. Сегіз мыңдық шыңға ұйымдастырылатын коммерциялық экспедициялардан айырмашылығы, мұнда маршрут бойына сақтандыру арқандары алдын ала ілінбейді. Команда толықтай өз күшіне сүйенді. Бұл альпинизмнің ең талапшыл бағыттарының бірі саналады.

 

Айта кетейік, Эйгер атауы неміс тілінен аударғанда «адам жегіш» деген мағынаны білдіреді. Оның солтүстік қабырғасында 1935 жылдан бері кемінде 64 альпинист қаза тапқан. Осы себепті ол Mordwand — «қатерлі қабырға» деген атауға ие болған. ХХ ғасырдағы баспасөзде бұл бағыт «Өлім қабырғасы» деген атпен кеңінен танылды.

 

фото: Алматы әкімдігі

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

14/03/2026 16:18
57 0

Уведомление