Қазақстанда «ЖИ-имам» пайда болады: оған қандай міндет жүктеледі

Қазақстанда діни сұрақтарға жедел жауап беретін мобильді қосымша әзірленеді.


15/01/2026
20:46 165 0

ЖИ   заман талабы

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, жасанды интеллект негізінде дәлелденген және сенімді көздерге сүйене отырып, діни сұрақтарға жедел жауап беретін «Imam AI» мобильді қосымшасын дайындалмақ.

 

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылға арналған бағдарламалық баяндама таныстырып, осы жаңалықпен бөліскен.

 

Оның сөзінше, дін саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу уақыт талабына сәйкес және халықпен байланыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Жасанды интеллекттің көмегімен діни сұрақтарға жауап беретін арнайы мобильді қосымшаны әзірлеу қажет. Мұндай қосымша халықтың күнделікті өмірде туындайтын діни сұрақтарына лезде жауап алуға, ең бастысы сенімді, тексерілген дереккөздерге негізделген дұрыс мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Бас мүфти

Мүфтияттың жазуынша, қосымшаның басты артықшылығы – тек дәлелденген діни дереккөздерге негізделген сенімді ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

ЖИ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ

 

 

18 қаңтардан бастап Қазақстанда жасанды интеллект туралы жаңа заң күішне енеді. Заңдағы басты нормалардың бірі ЖИ көмегімен жасалған контентті міндетті түрде таңбалауға қатысты. Таңбалау талаптарын орындамағандар ірі көлемде айыппұл арқалайды, бұл заңнамалық актіде нақты көрсетілген.

 

 

Контенттегі таңбалау машина оқи алатын форматта болуы тиіс, яғни оны бағдарламалар мен цифрлық жүйелер автоматты түрде танып, анықтай алуы қажет. Мұндай белгі болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл талап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген.

 

 

Айыппұл мөлшері қанша?

 

 

  • Жеке тұлғаларға – 15 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы – 64 875 теңге);
  • шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін айыппұл – 20 АЕК (86 500 теңге);
  • орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • ірі бизнеске – 100 АЕК (432 500 теңге).

 

Егер бір жыл ішінде бұл талап қайтадан бұзылса, жаза күшейтіледі. Мұндай жағдайда жеке тұлғалар 30 АЕК (129 750 теңге), шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар 50 АЕК (216 250 теңге), орта бизнес 70 АЕК (302 750 теңге), ал ірі бизнес 200 АЕК (865 000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

15/01/2026 20:46
165 0

Уведомление