Қазақстанда тұрмыс құрмаған қыздарға қандай қысым жасалады?

Гүлмира, 35 жаста
Мамандығы: Психолог
Иллюстрация Pinterest-тен алынды
Мен үшін тұрмыс құру ешқашан өмірлік басты мақсат болған емес. Өзімнің ішкі қалауым мен дамуым әрқашан алдыңғы орында тұрды. Жұмысымда немесе сүйікті хоббимен айналысқанда өзімді тауып, шынайы қанағат сезімін бастан кешіремін. Иә, өмірімде ұзаққа созылған қарым-қатынастар болды, алайда әртүрлі себептермен ол қатынастар некеге ұласпады.
Қоғамның көзқарасы:
Өзімді «кәрі қыз» немесе біреуге мұқтаж жан ретінде ешқашан сезінген емеспін. Бірақ сырт көзден «обал-ай, әлі күйеусіз жүр екен» деген сөздерді естігенде, өз өмір салтым жайлы еріксіз ойға қаламын. Дегенмен, мұндай пікірлерге аса мән бермеймін – әркімнің өз ойы бар. Бұндай сөздер менің өзіме көп әсер етпегенімен, мен секілді басқа қыздарға психологиялық қысым болып тигені жаныма батады.
Психолог ретінде мұндай сыртқы сынға қарсы иммунитетім қалыптасқан. Алайда, қоғамда тұрмыс құрмауды үлкен мәселе етіп көрсететіндер басқа әйелдерге кері әсер етіп жатқанын көру мені алаңдатады.
Біздің елде әйелдерге жасалатын қысым өте көп. Тұрмыстағы әйелдерге артылатын жүктің өзі аз емес, оған қоса тұрмыс құрмаған әйелдер де қоғамнан қысым көреді. Бұл — өкінішті жағдай.
Болашақтағы мақсаттары:
Жеке кәсібімді ашқым келеді. Сонымен қатар, саяхаттап, өзімді жан-жақты дамытуды жоспарлап жүрмін.
Әсел, 33 жаста
Мамандығы: Мұғалім
Иллюстрация Pinterest-тен алынды
Өмірімде бірнеше қарым-қатынас болды, бірақ бәрі де сәтсіз аяқталды. Әлі күнге дейін өз өмірлік серігімді кездестірмедім.
Қоғамның көзқарасы:
Бастапқыда ата-анам қатты уайымдайтын, ал қазір біршама түсіністік танытып келеді. Құрбыларымның көбі тұрмыс құрған, олардың арасында кейде өзімді артық сезінетін сәттер де болады. Кейбір таныстарым: «Жалғыз қалудан қорықпайсың ба?» — деп сұрайды. Шын айтсам, қорқамын. Жыл өткен сайын жалғыздық жаныма бататын болды. Қайда барсам да, айналамнан аяушылық сезімдерін байқаймын. Бірақ бұл сезімнен құтылу үшін асығыс тұрмыс құруға да қорқамын.
Қазіргі таңда тұрмыс құрған әйелдердің де өмірі оңай емес. Өзімді жалғыз жүргенде қауіпсіз сезінетін кездерім жиі болады. Бұған әпкемнің өмірі де әсер етті. Ол көп жыл бойы күйеуінің жауапсыздығынан жалғыз өзі бес баласын бағып-қағып, еңбек етті. Кейде өзі де менің өміріме қызығушылықпен қарайтын. Ол үнемі: «Тұрмысқа асықпа, алдымен ақша жинап, өзіңді дамыт» — деп кеңес береді.
Болашақтағы мақсаттары:
Қазір нақты жоспарыма тоқталмадым. Тағдыр маған не ұсынса, соны қабылдаймын. «Отырған қыз орнын табар» деген сеніммен асықпай әрекет еткім келеді.
Негізгі мақсаттарым — өзімді дамыту, шет тілдерін үйрену, шетелде тәжірибе жинау. Өз мүмкіндіктерімді жан-жақты ашқым келеді.
Тұрсынгүл, 38 жаста
Мамандығы: Дүкен сатушысы
Иллюстрация Pinterest-тен алынды
Ауылда өскен қарапайым қызбын, қазір де туған ауылымда тұрып жатырмын. Жеке кәсібім бар, өмірім өзіме ұнайды. Әпкем ерте қайтыс болып, оның қызын өз қызымдай тәрбиелеп келем. Осы себептен де өзімді толыққанды отбасылы адам ретінде сезінемін. Әрине, жанымда ер азамат болғаны жақсы болар еді, бірақ мен оны арнайы іздеген емеспін.
Ауылдастарым мен туыстарым талай рет жігіттермен таныстырғысы келді. Көбі – ажырасқан немесе жесір қалған ер адамдар. Менің жасымда бойдақ жігіт табу қиын. Олардың бәрі ұнай бермейді, сондықтан туыстарым да маған жар іздеуден шаршады. Қазір бұл тақырыпты көп қозғамайды.
Керісінше, «Біздің алтын қызымыз», «Өзі би, өзі қожа болып жүре берсін» деп мақтайды. Осындай жылы сөздері үшін ризамын.
Мен бұл өмірге үйреніп кеттім. Басқамен бір шаңырақ астында тұруды ешқашан армандап көрмеппін. Қасымдағы қызымды аяқтан тұрғызсам — мен үшін сол үлкен бақыт.
Болашақтағы мақсаттары:
Бизнесімді дамытып, қызымның болашағын жарқын еткім келеді.
Айсәуле Жолдыбекова, 30 жаста
Мамандығы: IT-маманы
Иллюстрация Pinterest-тен алынды
Мен өзімді әлі жаспын деп есептеймін. Сол себепті, ешқайда асықпаймын. Қазір кездесіп жүрген адамым бар. Екеуміз де бірге дамып, болашаққа сеніммен қарап келеміз.
Меніңше, адамның шектеулері тек санасында. Егер өз-өзіңізге: «кәрейіп барамын, жалғыз қалып барамын» десеңіз, солай болады. Мысалы, шетелде мұндай қысым мүлдем жоқ. Қыз-келіншектер бақытсыз болмай-ақ, өз өмірін өзі құра алады. Кореяда да ерлер мен әйелдер үйленуге асықпайды, жеке өмірлерін еркін әрі бақытты сүріп жүр. Балалы болғысы келмейтіндер де бар. Ал бізде жалғыз жүрген адамға қоғамның барлық мәселесін таңып қояды.
«Қазақстанның демографиясын дамыту керек» деген ұранмен әйелдерді кінәлі немесе құтқарушы рөліне итермелейді. Бұл — мүлде дұрыс емес.
Болашақтағы мақсаттары:
IT саласында дамып, халықаралық жобаларда жұмыс істегім келеді. Ал жеке өмір жайында айтсам, отбасын құру – бастысы емес. Ең маңыздысы – армандар мен мақсаттарды бөлісе алатын адаммен болу.
Қалиева Айжан, 32 жаста
Мамандығы: Журналист
Иллюстрация Pinterest-тен алынды
Көп жағдайда адам отбасын өзі қалаған жанын кездестірмеген соң құрмайды. Менің де себебім осы. Ешқашан тұрмыс құруға асыққан емеспін. Бакалавриаттан кейін магистратура оқыдым, мамандығым бойынша кәсіби деңгейге жетіп, өз аяғыммен тұруды мақсат еттім.
25 жасқа келгенде талғам мен талап өзгере бастайды. Жан дүниеңмен үндесе алатын, рухани сұхбат құра алатын адам жолықса деген үміт болды. Әзірге ондай жанды кездестірмедім.
Қоғамның көзқарасы:
Туыстарым, үлкен буын менің тұрмыс құрмағанымды жиі еске салып отырады. Қазақ қоғамы үшін 32 жастағы қыз – кәрі қыз. Бұрынғы заман үшін бұл қалыпты шығар, бірақ қазір заман мен көзқарас мүлдем басқа.
Өкінішке қарай, біздің қоғамда "күйеу культі" әлі де күшті. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», «Таңдаған тазға жолығады» деген ескі мақалдар әлі де айналымда. Бірақ олар бүгінде өзектілігін жоғалтты.
Мен – кәсіби маманмын, Астананың сол жағалауында пәтерім бар, қаржылай тәуелсізбін. Бірақ кей туыстар: «Байғұс, күйеуге шыға алмай жүр» деп мүсіркеп қарайды. Күлкілісі, олар ауылда күндерін әрең көріп отыр. Ал мен ел аралап, дамып, саяхаттап жүрсем де, күйеуім жоқ болғаны үшін жетістігім еленбейді.
Осының бәрі – көзқарастар қақтығысы. Тіпті кей әріптестерім мені «карьеристка» деп атап кеткен. Шын мәнінде, мансап үшін жанын салып жүрген адам емеспін. Өз ісімді жақсы көрем, бірақ өмірдің мәні бір күйеумен шектелмейді.
Көпшілік «жалғыздық – жаман» деп сенеді. Ал маған тіпті таксистің өзі «жасың келіп қалыпты, біреуді ұстап алсай» деп ақыл айтқысы келеді. Бұндай ойлар — репродуктивті қысым мен буллингтің бір түрі. Кейде шыдай алмай, жылап та аламын. Себебі мен де тірі жанмын — сезімім, жүрегім, қалауым бар.
Йога мен тіл курсына қатысам. Оны да «жалғыздықты жапқысы келіп жүр» деп қабылдайды көбі. Біздің қоғамда өмірдің мәні — байға тию мен бала туу ғана секілді. Иә, отбасы мен бала мен үшін де маңызды. Бірақ ол – өмірдің жалғыз мәні емес.
Болашақтағы мақсаттары:
Ең бастысы — менталды әрі физикалық тұрғыда сау болу. Журналист ретінде жеке жобаларымды дамытқым келеді. Қыз-келіншектерге арналған салалық сайтым бар, соған демеуші тауып, мәдени-танымдық алаң құруды армандаймын.
Біздің қазақ қыздары – еркін, білімді, бағалы болған. Дала феминизмі деген ұғым бұрыннан бар. Біз оны батысқа теліп жүргендейміз. Ұлт ретінде өзімізді танысақ, түп-тамырдан аларымыз көп. Сол үшін де кәсіби әрі сапалы контент шығаратын жобаларды арттырғым келеді.

Пікірлер жоқ.