Қазақстанда қандай мамандар ең жоғары жалақы алады
Қазақстандағы жалдамалы жұмысшылардың әрбір үшіншісі білім беру саласында еңбек етеді.
Сұранысқа ие сала
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) дерегінше, Қазақстанда 3,38 млн жалдамалы жұмысшы бар. Оның 1,02 миллионы немесе 30%-ы білім беру саласында еңбек етеді. Бұл – елдегі жұмыспен қамту ауқымы ең үлкен сала.
Салыстырар болсақ, өнеркәсіпте 554,7 мың, денсаулық сақтау саласында 437,4 мың, мемлекеттік басқару саласында 385,8 мың адам жұмыс істейді.
Білім беру саласындағы миллионнан астам қызметкердің 676,6 мыңы орта білім беру ұйымдарында, 180,5 мыңы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, 76,9 мыңы жоғары оқу орындарында еңбек етеді.
Педагогтер арасында ерлердің үлесі небәрі 24%. Олардың жалпы саны - 245,7 мың адам.
Педагогтер қанша жалақы алады?
Білім беру саласындағы орташа жалақы қызметкердің жасына қарай өзгереді. 16-24 жастағы жас педагог айына орта есеппен 247 мың теңге алады. Ал 45-54 жас аралығында жалақысы 342,7 мың теңгеге дейін өседі.
Алайда еңбек жолының ең жоғары табыс әкелетін кезеңінде де педагогтер өнеркәсіптегі, IT және қаржы салаларындағы жас мамандардан аз жалақы алады. Мәселен, бұл салаларда 16-24 жастағы қызметкерлердің орташа айлығы тиісінше 409,9 мың, 533,3 мың және 505,9 мың теңге.
Экономика бойынша 35-44 жастағы қызметкерлердің орташа жалақысы 489,6 мың теңгені құрайды. Ал осы жас тобындағы білім беру саласы мамандарының орташа табысы - 338,5 мың теңге. Айырмашылық 150 мың теңгеден асады.
Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы ең төмен
Мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметкерлердің жағдайы тіпті күрделі. Жас тәрбиеші орта есеппен 184,9 мың теңге жалақы алады. Ал 45-54 жас аралығында, яғни табыс ең жоғары деңгейге жететін кезеңде де оның айлығы небәрі 228,6 мың теңге шамасында болады. Бұл - экономика салаларының ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
ҰСБ дерегіне сүйенсек, жоғары білімі бар тәрбиешілер орта есеппен 270,9 мың теңге алса, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандардың жалақысы 194,3 мың теңгені құрайды.
Салыстыру үшін, қаржы саласында жұмыс істейтін 45-54 жастағы қызметкер айына орта есеппен 1,42 млн теңге табады. Бұл жасы шамалас балабақша тәрбиешісінің жалақысынан 6,2 есе көп.
Ең жоғары жалақыны кімдер алады?
Жалақы рейтингінде қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлері көш бастап тұр. 45-54 жас аралығындағы мамандардың орташа айлығы 1,42 млн теңгеге жетеді. Ал осы саладағы ерлердің жалақысы 1,64 млн теңге шамасында.
Екінші орында IT және байланыс саласы. Мұнда 35-44 жастағы мамандар орта есеппен 993,2 мың теңге алады. IT саласында еңбек ететін ерлердің орташа жалақысы бұдан да жоғары - 1,09 млн теңге.
Үздік үштікті тау-кен өнеркәсібі түйіндейді. Бұл салада 45-54 жастағы қызметкерлердің орташа жалақысы 879,5 мың теңгені құрайды.
фото: el.kz
09:07
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.