Қазақстанда алғаш рет: Алматылық ғалымдар «Taza Qala» платформасын іске қосты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары «Taza Qala» цифрлық платформасын дайындады.


03/02/2026
08:38 294 0

Платформа қалай жұмыс істейді?

 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Taza Qala» қаланың тазалығына қатысты мәселелерді жинақтап, жүйелеуге және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жауапты органдардың жұмысын үйлестіріп, қабылданған шаралардың нәтижесін қоғамға ашық түрде ұсынуға жағдай жасайды.

 

Платформаны ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің 2-курс магистранты Нұрлыхан Қалжанов әзірлеген. «Taza Qala» платформасын қаланың кез келген тұрғыны пайдалана алады.

 

– Қолданушылар заңсыз қоқыс орындарын немесе өзге де қоқыс үйінділерін суретке түсіріп, платформаның жүйесіне жүктейді. Жасанды интеллект көмегімен қоқыстың көлемі анықталып, тиісті қоқыс жинаушы компанияға жіберіледі. Қоқыс жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін компания атқарылған жұмыс жөніндегі есепті платформаға енгізеді. Кейін қалалық табиғатты қорғау прокуратурасы мен әкімшілік мамандары тиісті тексеріс жүргізе алады, –  дейді Нұрлыхан Қалжанов.

 

Мобильді қосымша әзірленеді

 

Қала тұрғындары платформаға кез келген танымал браузерлер арқылы «Taza Qala» деп іздеу жүйесіне жазу немесе QR-код арқылы кіре алады. Болашақта платформаға арналған арнайы мобильді қосымша әзірлеу жоспарланған.

 

– Біздің ғылыми жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен тікелей үндеседі. Мұндай платформа Қазақстанда алғаш рет іске асырылып отыр. Алдағы уақытта жобаны еліміздің барлық өңірін қамтитындай кеңейту жоспарланған. Қазіргі таңда платформа толыққанды жұмыс істеп тұр, — дейді ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов.

 

Университет ғалымдары әзірлеген цифрлық платформаны қалалық әкімдік тарапынан қолдауға ие болды.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

03/02/2026 08:38
294 0

Уведомление