Қазақстан африкалықтар көзімен: Нигерия қыздарын елімізде не таңғалдырды

Африканың Нигерия елінен келген үш студент Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде магистратурада оқып жүр.


27/10/2026
08:55 0

YK-news.kz басылымының жазуынша, Пруденс менеджмент пен ақпараттық технологияларды меңгерсе, Мерси мен Дина ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуға дайындалып жатыр. 

 

Өскеменге алғаш болып ақпан айында келген Пруденсті ең алдымен қар таңғалдырған. Ал бір айдан кейін ол Наурыз мерекесін көріп, Қазақстанның көктемгі келбетіне куә болған.

 

Студентке елімізде бүкіл халық болып атап өтетін ортақ мерекелердің бары ұнаған. Оның айтуынша, Нигерияда мұндай дәстүр жоқ.

 

 

Сегіз айдың ішінде Пруденс Қазақстанның бірнеше өңірін аралап үлгерген. Шығыс Қазақстандағы «Алтай Альпілері» мен Сібе көлдеріне барған кезде айналасын су қоршаған таулар туған жерін еске түсірген. Ал Астана оған аса әсер етпепті.

 «Астана мен Өскеменнің бірін таңдау керек болса, осы қаланы таңдар едім. Мұндағы өмірдің сабырлы ырғағы ұнайды. Жол қозғалысы да жақсы ұйымдастырылған. Нигерияда көліктің астына түсіп қалмауға тырысып, жолдан жүгіріп өтуге тура келеді. Кей жүргізушілер тіпті жылдамдығын арттырады. Ал мұнда адамдар жаяу жүргіншілер өткелінен емін-еркін өтеді, жүргізушілер оларды өткізіп жібереді», – дейді Пруденс.

 Үш студентті Қазақстандағы қоғамдық көлік жүйесі де таңғалдырған. Нигерияның барлық штатында қоғамдық көлік жолға қойылмағандықтан, тұрғындардың көбі велосипед пен мотоциклмен қатынайды. Ал Мерси мен Дина Өскемендегі автобустар мен трамвайларды ұнатқан. Олар Қазақстанға үш апта бұрын келген. Өскеменге жетпей тұрып, виза рәсімдеу үшін бірнеше күн Алжирде аялдаған. Онда тіл білмегендіктен қиындыққа тап болыпты: такси жүргізушілері қайда апару керегін түсінбеген, ал көшедегі адамдар жолды түсіндіріп бере алмаған. Сондықтан қыздар құжаттарын рәсімдеуге көмектескен Қазақстан консулын ерекше алғыс сезімімен еске алады.

 «Ол барлық рәсімнен өтуімізге қолымыздан жетектегендей көмектесті. Қазақстанға жетіп, жағдайымыздың жақсы екеніне көзі жетпейінше тынышталмайтынын айтты», – дейді Пруденс күлімсіреп.

Өскеменде де тілдік кедергі кездеседі: ағылшын тілін білетін адам көп емес. Дегенмен қыздардың айтуынша, көмектесуге немесе сөздерін аударып беруге дайын адам әрдайым табылады.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/10/2026 08:55
0

Уведомление