Австралия қамқорлығынан бас тартқан Иран футболшылары басқа елге бет алды
Иранның әйелдер футбол құрамасы Иранға қайтуға бел буды. Бірақ өз елдеріндегі жағдайға байланысты олар әзір Тегеранға бірден орала алмайды, деп хабарлайды Masa media.
Оқиғаның мән-жайы
Reuters-тің жазуынша, команда ойыншыларының бесеуі Австралияда баспана алу туралы өтініштерін қайтарып алған. Қазір олардың екеуі ғана сол елде қалған.
Бұған дейін Австралия билігі ирандық алты футболшы мен бір қызметкерге гуманитарлық виза берген еді. Олар елге оралған жағдайда қудалауға ұшырауы мүмкін екенін айтып, баспана сұраған. Бұл жағдай ойыншылардың Азия кубогі матчтарының бірінде мемлекеттік әнұранды орындамағанынан кейін туындаған.
Австралияның сыртқы істер жөніндегі көмекші министрі Мэтт Тистлтуэйт үкімет елге қайтуды таңдағандардың шешіміне құрметпен қарайтынын, ал қалған екі ойыншыға қолдау жалғасатынын айтты.
Футболшылар қай барады?
Азия футбол конфедерациясы команданың әзірге Тегеран қаласына бірден орала алмайтынын мәлімдеді. Бұған Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс себеп болып отыр. Сондықтан футболшылар үшінші ел арқылы ұшуы мүмкін.
Қазір команда Куала-Лумпур әуежайында транзиттік рейстерді күтіп отыр. Қай елге бағыт алатыны әзірге нақтыланбаған.
Конфедерация өкілдерінің айтуынша, ойыншылардың көңіл күйі жақсы, олар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірмеген. Иран футбол федерациясы команданың жақын арада елге оралып, отбасыларымен қауышатынын хабарлады.
Айта кетейік, Иран құрамасының Азия кубогіндегі ойыны АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе соққылары басталған кезеңмен тұспа-тұс келді. Соның салдарынан елдегі жағдай күрделеніп, команда турнирден шығып қалған.
Фото: Albert Perez / Getty Images
06:48
58
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.