Ата Заңның жаңа мәтіні жарияланды
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын халық назарына ұсынды.
«Бұл жоба азаматтар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстардың, ашық талқылаулардың және құқықтық нормаларды жан-жақты пысықтаудың нәтижесінде әзірленді.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда реформаның маңызы айтылды. Қаңтардың 21-і күні Конституциялық комиссия құрылып, құрамында қоғамның түрлі топтары өкілі бар 130 адам қамтылды», - делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Құрылтай, Халық кеңесі, вице-президент
Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын басты бағдар ретінде айқындау, саяси институттардың тиімділігін арттыру және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму перспективасын бекіту. Преамбулада адам құқықтары, бірлік пен келісім, егемендік, заң мен тәртіп сияқты құндылықтар жарияланды. Сондай-ақ цифрландыру, зияткерлік меншік, адвокатура қызметі және мемлекеттік басқарудың жаңа институттары туралы ережелер енгізілді.
Жобаға сәйкес 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады, Қазақстанның Халық Кеңесі жаңа консультативтік орган ретінде орнығады және вице-президент институты енгізіледі. Жаңа Конституция жобасындағы өзгертулер барлық бөлімдер мен баптарды қамтып, жалпы мәтіннің 84%-ын қамтиды.
Конституцияның толық мәтіні мен жоба мазмұнына Конституциялық соттың ресми сайтынан толық танысуға болады.
Депутаттың ұсынысы
Еске салайық, конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 29 қаңтардағы отырысында Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева Ата заңға өзгеріс енгізгеннен гөрі жаңа мәтін қабылдауды ұсынған.
Оның сөзінше, конституциялық комиссияға түскен 2 мыңнан астам өтініш құжат ережелерінің жартысынан көбін қамтиды.
«Жекелеген түзетулер өзгерістерді орнықты іске асыру үшін қажетті тұтастық пен айқындықты қамтамасыз етпейді», – деп есептейді депутат.
Тоқаевтың пайымы
Мемлекет басшысы Волонтерлер форумында Конституциялық реформа мүшесінің бұл ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
«Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты», – деп мәлімдеді президент.
Президенттің пікірінше, Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу керек болса, мұндай қадамды тек референдум арқылы жасау қажет.
«Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтиды», – деді Тоқаев.
12:09
522
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.