Астана экологиялық саммитке дайындалып жатыр
22-24 сәуір аралығында Астанада өңірлік экологиялық саммит өтеді, деп хабарлайды Masa media.
Толығырақ
Шараға дайындық барысын талқылау үшін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті. Тараптар су ресурстарына қатысты іс-шараларды ұйымдастыру және бірлескен ұсыныстар әзірлеу мәселелерін пысықтауға келісті.
Министрлік мәліметінше, тараптар Тоқаевтың бастамалары бойынша су ресурстары саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағыттарын талқылады. Атап айтқанда:
· мемлекет басшысының БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру,
· Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су проблемаларын зерттеу орталығын құру,
· Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамалары сөз болды.
Құрғақшылық
Айта кетейік, қаңтарда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл елдің оңтүстік өңірлері құрғақшылық зардабын тартуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, су жағдайының нашарлауына климаттың өзгеруі, сондай-ақ трансшекаралық өзен бассейндеріндегі су қорының кемуі әсер етіп отыр.
– Сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі өзен бассейндеріне келетін су көлемінің қысқаруы күтіледі, – деді Нұржан Нұржігітов.
Министр қазірдің өзінде су қоймаларының толу деңгейі айтарлықтай төмен деңгейде екенін атап өтті. Сырдария өзенінің жоғары ағысында, іргелес мемлекеттердің аумағында су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге аз. Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тапшылық 2026 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша 1,9 млрд текше метрді құрап отыр.
Мәселе қалай шешіледі?
Қалыптасқан жағдайға байланысты өңірлерде суару арналары мен гидротехникалық нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аграршылармен кездесулер өтіп, су үнемдеу шаралары мен ылғалды көп қажет етпейтін ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу мәселелері талқылануда.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы ақпанда су келуінің ең қолайсыз сценариі негізінде су пайдаланудың нақтыланған лимиттерін дайындау жоспарланып отыр. Ал наурыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары тапшылығы күтілуіне байланысты егіс алқаптарының құрылымын қайта қарамақ.
10:17
423
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.