Ашушаңдық пен шаршаңқылық: қазақстандықтар қыстан неге қажып шығады?

«Ауру – астан» дейді қазақ. Балалар арасында да, ересектерде де кесел көбейген соң, еріксіз не жеп жүрміз деген сауал туындайды.


16/02/2026
15:41 170 0

Асты қарын тойдыру үшін ғана емес, қуат алу үшін, саулығымыз бен сымбатымызды сақтау үшін де ішетініміз белгілі. Алайда асығып-сүрліккен, гаджеттерге телмірген өмір салты кейде тұтынатын тамағымыздың сапасына мән беруге мойын бұрғызбайды. Салдарынан ауру табамыз. Денсаулыққа залал келтірмей, өмірімізді өз қолымызбен қысқартпай, белсенді ғұмыр кешу үшін қалай тамақтанған жөн?

 

Бұл сұраққа жауап алу үшін Masa media тілшісі нутрицолог Тоғжан Мәдәлімен әңгімелесті. Маман қыстан қуатты күйде шығу үшін қандай ас ішу керегін және шаршаңқылықтан, ашушаңдықтан құтылу үшін ағзаға қандай дәрумендермен көмек беруге болатынын айтты.

 

Ұлт саулығының кепілі – ұлттық ас

 

Салауатты өмір салтын насихаттаушылар әр ұлттың өкілдері өз ата-бабасының рационын ұстану арқылы ғана денсаулығын сақтай алатынын жиі айтып жүр. Тоғжан Мәдәлі де – осы пікірді ұстанатын маман. Нутрицологтың айтуынша, әр ұлт өзінің төл тағамына адал болса, ауру-сырқауға жиі шалдықпайды.

 

«Қазақтың ұлттық тағамдары не? Бешбармақ, қымыз, шұбат, құрт. «Ет – етке, сорпа – бетке» дегенді халқымыз тегін айтпаған. Ет дегеніміз, мейлі қойдың, сиырдың, жылқының еті болсын – нағыз ақуыз. Ақуыз – құрылыс материалы, тіндердің, жасушалардың негізін құрайды. Бұлшықет, тері, шаш, тіс, тырнақ – бәрінің құрамында ақуыз бар. Дене мүшелерінің өсуі, жараның жазылуы, тіндердің жаңаруы осыған тәуелді. Сондай-ақ,  ақуыз вирустар мен бактерияларды жойып, қорғаныш қызметін атқарады», – деп түсіндірді маман.

 

 

Нутрицолог сорпаның да пайдасына тоқталды. Айтуынша, ол  – оның нағыз коллаген. Шашымыздың жалтырауына, теріміздің сау әрі таза болуына, әжім түспеуіне – бір сөзбен айтқанда, сырт келбетіміздің сұлулығына әсер етеді.

«Құрт – электролит. Ол ағзаға тоқ беретін зат. Ағзада сусызданудың болмауы, жүйке жүйесінің тозбауы, жүректің дұрыс жұмыс істеуі, қанның қоюланбауы үшін қажет. Соны білген аталарымыз жаз – жайлауда, қыс – қыстауда күн ұзақ малдың соңында жүргенде ұрттарына құрт салып жүретін болған», – дейді Тоғжан Мәдәлі.

Дұрыс тамақтану –  авокадо мен албырт жеу емес

 

Маман елімізде көп азамат тамақтану тәртібін қадағаламайтынына, асты бей-берекет ішетініне алаңдаулы. Әсіресе, таңғы, түскі, кешкі ас аралығында тіскебасарлардың көп болуы ағзаның қалыпты жұмысын бұзады.  Қарын ашса да, ашпаса да, ермек үшін бірдеңені шұқылап жеп отыру, шай, кофе ішу әдеті кеңсе қызметкерлерінде де, фрилансерлерде де кездеседі.

 

 

«Үш мезгіл қатаң тамақтануды құнттамайтындар көп. Таңғы асты түскі аспен бірге қосып ішеді. Кешкі 8-ге дейін ас пен су ішуді толық тоқтату керек болса, қазақтар түнгі 10-11-де ет жеп отырады. Бұл, біріншіден, гормондық бұзылыстарға, семіздікке апарады. Бауырды, жүректі май басу, қанның қоюлануы деген проблемалардың бәрі бей-берекет тамақтанудың салдары», – деп тарқатты нутрицолог.

 

Өкінішке қарай, «дұрыс тамақтану» ұғымының мәнін түсінбейтіндер әлі де аз емес. Дұрыс тамақтанып жүрмін деп қатаң диета ұстайтындар немесе әлеуметтік желідегі әдемі контенттерге сүйеніп, тек авокадо мен албырт балығы секілді қымбат өнімдерді тұтыну керек деп ойлайтындар бар.

«Шындығында, дұрыс тамақтану дегеніміз – үш мезгіл уақтылы ас ішу, тіскебасарларды тыю, зиянды қоспаларды, қантты шектеу. Қуырылған тамақты бұқтырылған, қайнатылған аспен алмастырып отыру. Ағзаның жұмысына салмақ түсіретін тағамдарды мейлінше азырақ тұтыну», – дейді Тоғжан Мәдәлі.

 

Қыстан қуатты шығам десең...

 

Соңғы уақытта елдің  көп қаласында экологиялық ахуал ушығып тұр. Әсіресе, Алматыда ауаның ластану көрсеткіші күрт артты. Нутрицологтың айтуынша, ауаның қаншалықты ластанғанын адамдардың жүзіне қарап-ақ біле қоясың: түрлері шаршаңқы, көздерінің астында қара қапшық.

 

«Бұдан қашып кете алмаймыз. Алдын алу үшін не істейміз? Ең алдымен, суды көп ішу керек. Әр адам салмағына сай су мөлшерін кешкі сағат 7-8-ге дейін ішіп үлгеруі қажет. Екіншіден, ұйқы режимін реттеген жөн. Ертерек ұйықтап, таңертең ерте тұрсаңыз, ауа қатты ластанбай тұрғанда серуендей аласыз», – деп кеңес берді маман.

 

Сондай-ақ, Тоғжан Мәдәлі әр маусымдағы пайдалы өнімдерді уақтылы тұтынудың маңызына тоқталды. Мәселен, дәл қазіргі кезеңде – қыстың сонында, көктемде ең пайдалы тағам – ашытылған қырыққабат.

 

«Қаңтар, ақпан айларында дүкен сөрелерінде қатты, балғын қырыққабат пен сәбіз самсап тұрады. Екеуін араластырып, ашытылған қырыққабат дайындасаңыз, ол ішектегі микробиотаны күшейтіп, қабыну процестерін азайтуға көмектеседі. Ашыған кезде пайда болатын табиғи пробиотиктер иммундық жүйенің тұрақтылығын арттырады.Өнімнің құрамында А және С витаминдері, сондай-ақ кальций мен магний бар. Бұл минералдар сүйек пен бұлшықет денсаулығын қолдап, тері мен иммунитетті нығайтуға әсер етеді», – дейді нутрицолог.

Маман қыс пен көктем мезгілдерінде қазақтардың соғым сойып, жылқы етін жейтіні де бекер емес екенін айтады. Жылқы еті ағзаға сіңімді әрі әрі тойымды, қатты аязда бойға жылулық береді, ұзақ уақыт қарын аштырмайды. Қуатыңызды сақтап, көктемге таман дәрумен тапшылығының, шаршап-шалдығудың алдын алады.

 

Ашушаңдық пен аурушаңдықтан қалай құтыламыз?

 

Желіні ашсаң, биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасынан көз сүрінеді. Маркетинг құрбаны боп, аты-заты беймәлім дәрумендерді оңды-солды ішетіндер бар. Тоғжан Мәдәлі қоспа атаулыны тек ағзада тапшылық анықталған жағдайда және дәрігердің нұсқауымен қабылдау керегін ескертті. Тек қазақстандықтар арасында өте жоғары тапшылығы байқалатын кейбір дәрумендерді маман кеңесінсіз-ақ профилактикалық мөлшерде ішуге болады дейді ол.

 

«Балық өнімдерін көп тұтынбаймыз. Салдарынан балалардың зейіні төмен, сабақ оқығысы келмейді. Бір орында байыз тауып отырулары қиын. Ұйқылары қанбайды. Мұның алдын алу үшін Омега-3 дәруменін  курспен қабылдаған жөн. Йод тапшылығы жөнінен ТМД елдері арасында екінші орындамыз. Оны да ересек те, бала да, профилактикалық мөлшерде ішуі керек», – дейді маман.

 

Артық салмақ неге кетпейді?

 

Нутрицолог желідегі блогында дұрыс тамақтанудан бөлек дұрыс ұйқының маңызын да жиі насихаттайды. Айтуынша, арықтағысы келетіндер тек дұрыс тамақтану және спортпен өз мақсатына жете алмайды. Артық салмақпен күресті ұйқы режимін қалыпқа келтіруден бастау керек.

«Ұйқы режимі түзелмесе, басқа еңбегіңнің бәрі зая кетеді. Кешкі сағат 8-ден кейін адам ағзасында мелатонин гормоны бөлінеді. Бұл – «антиэйдж» гормон, бүкіл ағзамыздың өзін-өзі жасартуына көмектеседі. Түнде ішкі органдарымыздың бәрі демалуы қажет болса, біз дәл жатар алдында тамаққа тыңқия тойып аламыз. Күндіз тоқтамай жұмыс істеген ағзамыз түнде екі есе жұмыс істеуге мәжбүр болады. Яғни, таңға дейін тынығып, қалпына келіп үлгермейді. Сөйтіп жүріп бір күні органдар ауруға шалдығады», – деп түсіндірді Тоғжан Мәдәлі.

 

Дұрыс ұйықтаудың балалар үшін де маңызы зор. Қазір көп бүлдіршін ашушаң, эмоцияға тез беріледі, есте сақтау қабілеттері төмен. Бұл көбіне ұйқы режимінің бұзылуынан болады. Ерте ұйықтаған бала сергек оянады, күні бойы көңіл-күйі көтеріңкі жүреді, ақпаратты тез қабылдайды.

 

Асты қандай ыдыстан ішу керек?

 

Айтпақшы, дұрыс тамақтану тақырыбы қозғалғанда ыдысқа тоқталмай кетуге болмас. Оның өзі ағзаға пайдалы һәм зиянды болып бөлінеді.

 

«Бұрын апаларымыз қолданған шойын қазандарды трендке айналдырып жүрмін. Қыз-келіншектер «Кезінде менсінбей, сыртқа шығарып тастаған енемнің қазанын қайта қолданып жатырмын, пайдалы екенін енді білдік» деп жазып жатады. Оның пайдасы қандай? Шойын қазандарды қазақ аналары бекерден-бекер «құтты қазан» деп атамаған. Олар тағам дайындау барысында темір бөледі. Қазір екінің бірінде темір тапшылығы анемиясы: үнемі шаршап жүреді, ештеңеге зауқы болмайды, шашы уыстап түседі, тырнағы сына береді. Гипоксия да темір жетіспеушілігінен пайда болады. Осылардың алдын алуда шойын қазандардың пайдасы зор. Тамаққа темір қосқандай боласыз», – дейді нутрицолог.

 

 

Тоғжан Мәдәлі болат ыдыстардың да қолданысын арттыру керек дейді. Пайдаланылуы қиындау болғанымен, оның ағзаға пайдасы көп. Тамаққа токсиндік заттар бөлмейді. Дайындаған асыңыз ерекше дәмді боп піседі, ыстығы көпке дейін сақталады.

«Іші-сырты түрлі металдармен қапталған, тағамның астын күйдірмейді деп мақтап жүрген кейбір ыдысқа сәл сызат түссе, токсиндік заттар бөледі. Олар жинала келе мидың жұмысын бұзады. Ағзадағы бүкіл процестер миға тәуелді болғандықтан, оған зақым келмеуі маңызды.Әсіресе, алюминийден дайындалған ыдыстардың қолданысын азайтқан жөн», – деп түйіндеді маман.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

16/02/2026 15:41
170 0

Уведомление