АҚШ-та ату жазасы алғаш рет тікелей эфирде көрсетіледі
Форт-Худ әскери базасында 13 адамды өлтірген Нидал Хасанды 3 желтоқсанда ату жазасына кесу жоспарланған.
Тарихта болмаған жайт
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Қорғаныс министрлігі Техастағы Форт-Худ әскери базасында 13 адамды өлтіргені үшін сотталған, бұрын әскери психиатр болған Нидал Хасанды өлім жазасына кесу сәтін тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, АҚШ тарихында заңды түрде орындалатын өлім жазасы алғаш рет көпшілікке тікелей эфир арқылы көрсетілмек.
Хасанды 3 желтоқсанда Форт-Худ аумағында ату жазасына кесу көзделген. Ол 1945 жылдан бері АҚШ әскери қызметкерлері ату арқылы өлім жазасына кескен алғашқы адам болуы мүмкін. Мұндай жаза түрін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет қолдаған, ал президент Дональд Трамп Пентагон басшысының ұсынысымен үкімді орындауға келісім берген.
«Адамдар мұны көре алатындай жағдай жасаймыз, бұл оқиға көпшілікке ашық болады. Өйткені жұрт мұндай әрекеттің салдары ауыр болатынын түсінуі керек», – деді министр.
Форт-Худ әскери базасында не болған?
2009 жылғы қарашада Нидал Хасан Форт-Худ әскери базасындағы медициналық мекемеде оқ жаудырған. Салдарынан 13 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Ол кезде Хасан Ауғанстанға аттануға дайындалып жүрген. Ұсталған сәтте жараланып, содан кейін денесінің бір бөлігі жансызданып, мүгедектер арбасын пайдалануға мәжбүр болған.
2013 жылғы тамызда әскери сот оны қасақана кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу бойынша тағылған 45 айыптың бәрінен кінәлі деп танып, өлім жазасына кесті.
АҚШ-тың әскери заңнамасына сәйкес, ату арқылы орындалатын өлім жазасына президенттің келісімі қажет. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Дональд Трамп Пит Хегсеттің ұсынысымен тиісті шешімге қол қойған. Ал Ақ үй президенттің жазаны тікелей эфирде көрсету идеясын қолдайтыны не қолдамайтыны жөнінде түсініктеме бермей, журналистердің сұрақтарын Пентагонға жолдаған.
Тікелей эфир неге күмән тудырды?
Әскери құқық пен өлім жазасы мәселелерін зерттейтін сарапшылардың айтуынша, үкімнің орындалуын көпшілікке тікелей көрсету қазіргі АҚШ тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған оқиға болмақ.
«Мұндай шараны тікелей эфирде көрсету өте-мөте оғаш көрінер еді», – деді Йель университетінің заң мектебінде сабақ беретін әскери құқық жөніндегі сарапшы, заңгер Юджин Фиделл.
Оның айтуынша, АҚШ-тың әскери заңнамасында ату жазасы бұрыннан қарастырылғанымен, әскери өлім жазасының тікелей эфирде немесе теледидар арқылы көрсетілгенін білмейді. Фиделлдің сөзінше, Хасан егер өз өлімінің көпшілікке көрсетілуіне қарсы болса, бұл шешімге федералдық сотта шағым түсіре алады.
«Жоғарғы сот бұл мәселені ешқашан қарастырған емес. Қазіргі Жоғарғы сот Конституцияны бастапқы мағынасына сүйеніп түсіндіру қағидатын негізге алып: “1790 жылы бұған рұқсат етілсе, қазір неге болмайды?” деп айта ма екен?» – деді Фиделл.
АҚШ-та көпшілік алдында өлім жазасын орындау әлдеқашан сирек құбылысқа айналған. Сарапшылардың мәліметінше, елде ресми түрде рұқсат етілген соңғы жария өлім жазасы 1936 жылы орындалған. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары өлім жазасын теледидардан көрсетуге рұқсат сұрағанымен, соттар мұндай өтініштерді қанағаттандырмаған.
11:16
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.