АҚШ Иран уранын басып алу үшін құрлық әскерін жіберуі мүмкін – БАҚ
Ақ үй Иран аумағында үшінші аптаға жалғасып жатқан құрлық операциясын кеңейту сценарийлерін талқылап жатыр.
Ормұз бұғазына бақылау орнату
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Иранға қарсы операцияның жаңа кезеңіне дайындық аясында Таяу Шығысқа қосымша мыңдаған америкалық әскери қызметкер жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі америкалық шенеуніктер мен жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, қарастырылып жатқан сценарийлердің бірі – Ормұз бұғазы арқылы танкерлердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету. Дереккөздердің айтуынша, бұл міндет негізінен әуе және теңіз күштері арқылы орындалмақ, алайда қажет болған жағдайда Иран жағалауына әскери бөлімдер орналастыру да күн тәртібінде тұр. Бұл туралы төрт дереккөз, соның ішінде екі америкалық шенеунік мәлімдеген.
Харк аралына әскер жіберу
Сондай-ақ жағдайдан хабардар үш дереккөз бен үш америкалық шенеуніктің айтуынша, АҚШ Иран мұнайының негізгі экспорт орталығы саналатын Харк аралына құрлық әскерін жіберу мүмкіндігін де талқылап жатыр. Алайда шенеуніктердің бірі мұндай операцияны Иранның зымырандар мен дрондар арқылы соққы беру мүмкіндігіне байланысты «өте қауіпті» деп бағалаған.
Бұдан бөлек, дереккөздердің бірінің айтуынша, Ирандағы жоғары байытылған уран қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күштер орналастыру нұсқасы да қарастырылып жатыр.
Ауқымды жоспар
Соған қарамастан, Reuters ақпарат көздері АҚШ-тың Иран аумағына құрлық әскері міндетті түрде енгізіледі деп санамайды және нақты жедел жоспарлар жайлы пікір білдіруден бас тартқан. Сарапшылардың бағалауынша, уран қорларын қорғау тіпті АҚШ арнайы жасақтары үшін де аса күрделі міндет болмақ.
Ақ үйдің аты-жөнін атамаған өкілі: «Қазіргі таңда құрлық әскерін жіберу туралы нақты шешім қабылданған жоқ, алайда президент Трамп барлық ықтимал нұсқаларды жан-жақты қарастырып жатыр», – деп мәлімдеді.
Агенттік дерегінше, америкалық контингентті ұлғайту жөніндегі талқылаулар Таяу Шығысқа жедел әрекет ететін десанттық топты жіберу жоспарынан әлдеқайда ауқымды. Әңгіме құрамында 2 мыңнан астам теңіз жаяу әскері бар бөлімше туралы болып отыр.
07:33
109
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.