Алматы – әлемдегі ең лас қала: антирейтингте қалай көш бастадық?

Кеше IQAir деректері бойынша Алматы әлемдегі ең лас қалалар арасында «топ жарды». Демек, мегаполис тұрғындары айына 70 темекі түтінін жұтады деген сөз аңыз емес.


17/02/2026
01:19 109 0

фото: ЖИ 

 

IQAir мәліметінше,  16 ақпанда кешкі сағат 17:00-де Алматыда ауа  сапасының индексі (AQI⁺) 200-ге (өте зиянды) жетті. Дәл сол уақытта дүниежүзінде оңтүстік астанамыздан лас қала болған жоқ. Шаһарды негізгі ластаушы: PM2.5 – 124.9 µg/m³. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген межеден, яғни қалыпты деңгейден 25 есе жоғары. Алматының Райымбек батыр даңғылынан төменгі аудандарында индекс 238-ге дейін жетті, яғни «өте зияндыдан» «қауіпті» деңгейге жетеқабыл.

 

Masa media тілшісі қалада ауа сапасының күрт нашарлауына не себеп болғанын және түтінге тұншыққан алматылықтардың тынысын қалай ашуға болатынын анықтап көрді.  

 

Ауаның негізгі ластаушылары

 

Экологтардың айтуынша, Алматы қаласындағы ауаның ластану мәселесі – кешенді  проблема. Әсіресе жылыту маусымында ауа сапасының нашарлауына әсер ететін негізгі фактор – ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-те және жеке секторда сапасыз, күлі көп көмірдің жағылуы.

 

Бұдан бөлек, мамандар автокөлік шығарындылары, жанармай сапасының төмендігі, көптеген көлікте катализаторлардың болмауы және халықтың олардың маңызын түсінбеуі, ескі автокөліктерді және шығарындылар сапасын бақылау жүйесінің болмауы проблеманы ушықтырып отыр дейді.

 

Тағы бір өзекті мәселе – мониторинг жүйелерінің ескіруі, олардың нақты әрі жеткілікті мәлімет бермеуі. Бұл шешім қабылдауда қиындық тудырып, қаржылық шығындарды көбейтеді.

 

Жыры бітпейтін ЖЭО

 

 Almaty Air Initiative қорының дерегінше, Алматыдағы ауаның сапасы төрт маусым мен тәулік уақытына қарай өзгеріп тұрады. Дегенмен қыста негізгі ластану көздері – көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-2 және ЖЭО-3. Олар күл мөлшері 42% болатын көмірмен, заманауи сүзгі жүйелерінсіз жұмыс істейді. Халықаралық бағалаулар бойынша, бұл нысандардың нақты шығарындысы ресми көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

 

 

Алматыдағы жылу электр орталығын газға ауыстыру мәселесі 2020 жылы қозғалған. Әкімдік сол кезде орталық 2025 жылы жаңғыртылады деп уәде берген. Арада бес жыл өтті, бірақ Алматыдағы ЖЭО-2 әлі әлі көмірмен жұмыс істеп келеді.

 

Былтыр экобелсенділер жағадан алғанда әкімдіктегілер орталықты жаңғырту жобасы 1 жылға ұзарғанын айтып ақталды.  Шенеуніктердің сөзінше, бұл жұмыстың созбаққа салынуына SIEMENS ENERGY компаниясының негізгі жабдықтарды жеткізу мерзімін кешіктіруі себеп. Жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталатыны шүбәсіз дейді  жауаптылар.

 

Әкімдік уәдесінде тұрса, зиян шығарынды 93%-ға, 37 100 тоннадан 2 700 тоннаға дейін төмендемек. Ал парниктік газдар (СО2) 38%, 4000 тоннадан 2500 тоннаға дейін азаяды дейді мамандар.

 

Нөпірі көбейген көліктер

 

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы бірнеше жылда Алматы мен Алматы облысының автопаркі 28,8%-ға өскен. 2025 жылғы мамыр айында агломерациядағы автомобильдердің саны 1,4 млн-ға жуықтады. Оңтүстік астанадағы ғана емес, жақын аймақтағы көліктердің жалпы санын ескеруіміздің себебі – теңселмелі көші-қон салдарынан қалаға күн сайын ондаған мың автомобиль кіреді.

 

 

Олардың жартысына жуығы ескі-құсқы көліктер: 609,7 мың көлік 20 жылдан астам, 313,9 мың көлік 10 жылдан 20 жылға дейін қолданылып келеді. Қаладағы барлық автокөліктен тарайтын ластаушы заттың 83 пайызы дәл осы көліктерден шығады. Олар ауаға азот оксидтері, көміртек оксиді, күйе, формальдегид, РМ2.5 және РМ10 сияқты зиянды бөлшектерді таратады. Соның салдарынан қалада жиі тұман түсіп, ластану деңгейі жоғарылайды.

 

Бейжің тәжірибесі

 

Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қолдануға болатын шетелдік тәжірибелер жайлы сөз болғанда мамандар Бейжіңнің түтінмен күрес бағдарламасын үлгі ретінде ұсынады. Қытай астанасы ауа ластануының күрт нашарлауымен бетпе-бет келген соң, 1998 жылдан бастап ауа сапасын жақсартуға арналған кешенді бағдарлама әзірледі. Атқарылған негізгі шаралар:

 

Көмір тұтынуды азайту: Бейжің көмір тұтынуды айтарлықтай азайтты, себебі ол негізгі ластаушы көз болған. Қазіргі таңда көмір қаладағы жалпы энергия тұтынуының шамамен 1,5%-ын ғана құрайды.

 

Өнеркәсіпті жаңғырту: Бейжің көптеген өнеркәсіптік нысандарды жапты немесе жаңғыртты, нәтижесінде зиянды заттардың шығарылуы күрт төмендеді. 2013 жылдан 2017 жылға дейін PM2.5 концентрациясы 35%-ға азайды.

 

Көлікке қатаң бақылау: «Автокөліксіз күндер» бағдарламасы аясында айдың кей күндері тақ немесе жұп нөмірлі көліктердің жүруіне тыйым салынды. Ескі және экологияға зиянды көліктер есептен шығарылды.

 

 

Заңнамалық негіз: 2014 жылы ауа ластануымен күрес туралы заң қабылданып, экологиялық нормаларды бұзатын кәсіпорындарға айыппұл салу тәртібі енгізілді.

 

Нәтижесі: соңғы 20 жылда Бейжің ауа сапасы бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізді. PM2.5-тің жылдық орташа концентрациясы 2015 жылмен салыстырғанда 59%-ға төмендеді, ал қатты ластанған күндер саны 46-дан 8-ге дейін азайды.

 

Алматы Қытайдан не алды?

 

Өз тәжірибесі тиімділігін көрсеткен соң Қытай оны өзге мемлекеттермен де белсенді бөлісе бастады. Жуырда Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері де Бейжіңге арнайы барып қайтты. Келген бойда шенеуніктер әкімдіктерге 2026-2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеуді тапсырды. Алматы әкімдігі дайындаған ұсыныстар мынадай:

 

- субсидиялау және ынталандыру шараларымен жеке секторды газдандыру;

- қоғамдық тамақтандыру мекемелерінде және шағын қазандықтарда қатты отынды пайдалануға тыйым салу;

- объектілерді орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосуды ынталандыру;

- қоғамдық көлік пен таксидің электр тартқышы мен газға ауысуы;

- «Жұп-тақ күн» жүйесі бойынша көлік қозғалысын шектеу.

 

Ұсыныстардың ішінде жүргізушілерді елең еткізгені – ауа райының қолайсыз күндерінде көлік қозғалысын «жұп және тақ күн» тәртібімен уақытша шектеу. Яғни мемлекеттік нөмірі жұп санмен аяқталатын көліктер тек жұп күндері, ал тақ санмен аяқталатын көліктер тақ күндері ғана жүре алады. Қытай тәжірибесін зерттеген мамандар бұл шара ауаның ластануын азайтуға ықпал етеді деп сенеді.

 

Қарапайым адамдар не істей алады?

 

Түптеп келгенде, Алматы ауасының сапасын жақсарту мемлекеттің –әкімдіктің, шенеуніктердің ғана қолындағы іс емес. Экобелсенділердің айтуынша, әр адам істей алатын қарапайым, бірақ жүйелі қадамдар қаланың тынысын аша алады:

 

  • Жеке көлікті мүмкіндігінше аз пайдалану, қоғамдық көлікке міну, жаяу жүру немесе велосипедті қолдану.
  • Автокөліктің жағдайын бақылау, техникалық тексеруден уақытылы өту және сапасы күмәнді отынды пайдаланбау.
  • Қоқыс, жапырақ, дөңгелектер мен қалдықтарды жағудан бас тарту. Бұлар – ауадағы диоксиндер мен ұсақ бөлшектердің басты көздерінің бірі.
  • Отшашудан, ашық от жағудан бас тарту. Бұлар ауаны ауыр металдар мен ұсақ бөлшектермен ластайды.
  • Үйде энергияны үнемдеу – жылу оқшаулау, заманауи жылыту құрылғылары және электр энергиясын жауапкершілікпен тұтыну жылу электр станцияларына түсетін жүктемені азайтады.
  •  

 

Ең бастысы – экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Азаматтар өзінің әрекеті мен ауаның сапасы арасындағы байланысты тереңірек түсінгенде қала да, ондағы өмір де өзгере бастайды.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

17/02/2026 01:19
109 0

Уведомление