Алғашқы қарлығаштар: қазақ ғылымының бастауында тұрған әйелдер
Бүгін – ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен бұл мереке – әйелдердің адамзат өркениетінің ілгерілеуіне қосқан қомақты үлесінің мойындалуы.
Ғылым саласындағы тең мүмкіндіктердің маңызын айқындап, жас қыздарды зерттеушілік жолды таңдауға ынталандыруға бағытталған осы атаулы күні Masa media редакциясы қазақтан шыққан тұңғыш ғалым әйелдер туралы топтама әзірледі.
Тұңғыш геолог
Қазақтан шыққан тұңғыш геолог әйел-ғалым – Патшайым Тәжібаева. Оның есімі геология ғылымының ішіндегі іргелі – сала литологияның негізін қалаушы ретінде тарихқа енген. Құмкөлде мол мұнай қоры барын алғаш болжап, оны ел игілігіне жаратуға бастамашы болған.

Патшайым Тәжібаева отбасымен
Ғалым 1920 жылы қазіргі Төле би ауданының Қарақия елді мекенінде дүниеге келген. Ташкенттегі Орта Азия университетін бітіріп, Қаныш Сәтбаевтан тәлім алған. Ұстазымен бірге Қазақстанның пайдалы қазбаларын, жер қойнауындағы байлықтарын барлау жолында еңбек етті. Ғалым шөгінді жыныстар мен рудалардың ерекшелігін екшеп, зерделеп, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстандағы кен орындарын ашқан.
Алғашқы әйел академик
Нәйлә Базанова – қазақстандық физиолог, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел академик. Ол – ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясын зерттеу ісінің бастауында тұрған маман. Бұл ХХ ғасырдың орта шенінде Қазақстан үшін биология ғылымының терең зерттелмеген саласы болатын. Ғалымның еңбектері жануарлар құрылымының көптеген ерекшеліктерін түсінуге көмектесті. Мәселен, Нәйлә Базанова малдың ішек-қарнындағы мембраналық ас қорыту механизмін ашып, ішек-қарын кенересіндегі ас қорыту күйіс малына да тән екенін дәлелдеді. Малды пропион қышқылды ашытқыш қосылған сүрлеменің жаңа түрімен азықтандыруды ұсынды.

Ғылыммен шектеліп қалмай, Нәйлә Базанова қоғамдық жұмыстармен де айналысты. Ол Қазақ Бейбітшілік комитетінің төрағасы болды.Ленин орденімен, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордені, екі рет Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған.
Қазақтың тұңғыш журналист қызы
Нәзипа Құлжанова – ХХ ғасырдың бас кезінен бастап қазақтың білім саласының, қазақ журналистикасының, этнография ғылымының, сондай-ақ, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қоғам қайраткері. 1887 жылы Торғайда туған ару Қостанайдағы қыздар гимназиясын тәмамдағаннан соң, бірден Торғайдағы қыздар училищесінде, кейін Семейдегi мұғалiмдер семинариясында сабақ береді.

Қаламгер сонау 1913 жылдан бері «Қазақ» газетіне әйелдер теңдігі және басқа да елдік мәселелерге мақаларды жиі жазып тұрған. 1922 жылы жаңа іргесі қаланған «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық коллегиясының мүшесі болған. Құлжанованың Қазақ автономиясы кезінде шыққан барлық газет-журналда мақалалары ғана емес, әдеби еңбектері, оның ішінде аудармалары да жарияланып тұрған. Н.Құлжанова Л.Толстойдың, В.Короленьконың, М.Горькийдің шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарына таныстырған.
1920 жылы Қазақ автономиясы құрылғаннан бастап, ондағы Халық ағарту комиссариатының оқулықтар жөніндегі комиссиясының мүшесі қызметін атқарған. Н.Құлжанованың бала тәрбиесіне қатысты методикалық оқулықтары осы кезде баспадан басылып шықты. Қаламгердің осы саладағы туындылары – әлі де өзектілігін жоймаған құнды еңбектер.
Тұңғыш жоғары білімді дәрігер
Гүлсім Асфендиярова – қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді әйел дәрігер. 1880 жылы қарашада Шымкент қаласында дүниеге келіп, 1941 жылы қарашада өмірден озғанға дейін саналы ғұмырын Түркістан өңіріндегі әйелдер саулығына арнаған маман.
Асфендиярова Орталық Азияда тұңғыш рет кесар тілігін жасаған дәрігер ретінде ғана емес, алғашқы жеке перзентхана ашып, акушерлерді даярлау курстарын ұйымдастырған тұлға ретінде де тарихта қалды.

Бала Гүлсімнің дәрігер боламын деп мақсат қоюына Түркістан өлкесінде бірнеше індет пен жұқпалы аурудың кең тарауы себеп болған. Жергілікті халықтың медициналық көмекке мұқтаж болғанын көрген Гүлсім Ташкентте арнайы латын тілінде дайындалып, емтихан тапсырып, Санкт-Петербургтегі Қыздар медициналық институтына, дәлірек айтсақ, қазіргі академик И.Павлов атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі. Университетті тәмамдаған соң, Николай патшаның атына хат жазып, өзін өзге аймаққа емес, Түркістан өлкесіне дәрігерлік қызметке жіберуді өтінеді. Өтініші қабылданып, ол қазіргі Түлкібас ауданына дәрігерлік қызметке жолданады.
Г.Асфендиярова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер ғана емес, Ресейдегі жоғары оқу орнын аяқтаған алғашқы қазақ қызы.
Алғашқы педагог әйел
Қазақ балаларына ілім-білім беру ісінің бастауында тұрған әйелдердің бірі – Хұсни-Жамал Нұралыханова. Ол 1872 жылы Бөкей Ордада сұлтанның отбасында дүниеге келген, Жәңгір ханның үлкен ұлының қызы. Орда мектебінің мұғалімдерінің көмегімен білім алған ару балаларға, әсіресе қыздарға сапалы білім бергісі келді.
19 ғасырдың аяғында ол инспектор А. Вознесенскийдің көмегімен қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты. Балалар үшін оқулықтар Астраханнан алынды. Бөкей ордасы бойынша білім министрлігінің инспекторы А. Вознесенский 1897 жылы жасаған баяндамасында: «Хұсни-Жамал – қазақ сұлтанының қызы. Қазан земский мектебін бітірген. Алдымен үйде бауырларынан білім алды. Жасы шамамен 25-те. Өте сұлу және алғыр қыз. Ордада мұндай қыз жоқ.. Ол орыс тілінде жақсы сөйлейді. Ерекше ұстамдылықпен ерекшеленеді. Енді ол өзін орыс мектебінің ісіне арнауды шешті» деп жазған.

Хұсни-Жамал Нұралыханова шәкірттерімен
Мектепте Алма Оразбаева, Разия Меңдешова, Мәншүк Мәметованың тәтесі Әмина және басқа да ұлтқа есімдері кеңінен танылған қазақ қыздары оқыды. Әмина Мәметова ұстазы туралы былай деп жазған: «Мен бастаған істі соңына дейін жеткізуді Хұсни-Жамал апайдан үйрендім. Ол ақылды және сонымен бірге әдемі болды. Өте ұқыпты. Оның киімі, жүрісі, ұзын әдемі саусақтары, бұл-бұл дауысы, ол оқуды екпінмен үйреткен кезде – бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Ол бізге қалай дұрыстап жазуды, өзімізді қоғам алдында ұстау, жүру, өзін-өзі күту, ән айту, еуропаша би билеу сынды дүниелерді үйретті. Біз оны сағаттап тыңдауға дайын едік».
Тұңғыш инженер-металлург
Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш инженер-металлург – Мәдина Бегалиева. 1899 жылы бұрынғы Бөкей Ордасы, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген.
Қазақ қыздарының мектепті тәмамдап, ерте тұрмыс құратынына қарсылық білдірген Бегалиева жоғары білім алып, бір саланың тетігін білетін маман болып шығуға бекінеді. 1931-1935 жылдары Мәскеудегі Өнеркәсіп академиясында оқиды. «Балқаш мыс қорыту зауытының жобасы» атты тақырыпта диплом жобасын «өте жақсы» қорғап, инженер-металлург атанады.

1936-1940 жылдары Балқаш мыс қорыту зауытының инженер-металлургі болып жұмыс істейді, одан кейін Алматыға келіп, Қазақ тау-кен институтының ауыр және түрлі-түсті металдар кафедрасының жанындағы лабораторияның меңгеруші болады. Кейінірек Қазақстан КП ОК-нің әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау министрлігінде бақылаушы қызметтерін атқарған.
Қазақтың алғашқы палеонтологы
Балдырған Қожамқұлова – қазақтан шыққан тұңғыш палеонтолог. Студент кезінен бастап өмірін ғылыми зерттеулерге арнаған ару 1949-1954 жылдары С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінде білім алды. 1954-1957 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институтының аспиранты болды. Алғашқы ұстазы Қазақстанда палеозоология ғалымын зерттеушілердің бірі В.С.Бажановтың жетекшілігімен ежелгі заманда тіршілік еткен, қазір тасқа айналған жануарлардың сүйектерін зерттеген.

Алматы қаласының орталығында орналасқан ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасының» табиғат музейіне келген адамның көзіне ерекше түсетін экспонат – мамонт қаңқасы. Оны 1957 жылы Зоология институтының 3 курс аспиранты, қазіргі таңда әлемге белгілі ғалым, қазақтың тұңғыш палеонтолог қызы Қожамқұлова Балдырған Сералықызы қазып алып келген еді.
17:36
257
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.