2026 жылы қалай қауіпсіз әрі арзан саяхаттауға болады – турагенттен кеңес

Бұрын саяхат тек дәулеттілердің ермегі болса, қазір тұрақты табысы бар әрбір қазақстандық қаржысын жинап, әлемнің кез келген түкпірін еркін шарлай алады.


03/02/2026
15:42 457 0

Masa media тілшісі турагент әрі саяхатшы Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлымен әңгімелесіп, биыл қай мемлекеттерге қауіпсіз әрі жайлы саяхаттауға болатынын, саяхатты қалтаға салмақ түсірмей ұйымдастыру жолдарын және сапарға дайындық барысында ұстанатын негізгі қағидаларды сұрады.

 

Турөнімдер қымбаттай ма?

 

Саяхатты тұрақты өмір салтына айналдырғандардың көкейіндегі ең басты сауал – жаңа Салық кодексіне байланысты турөнімдер құны қымбаттап кетпей ме деген алаңдаушылық. Алайда Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының айтуынша, туроператорлардың барлығы ҚҚС-тан босатылған. Сыртқы туризммен айналысатындардың да, ішкі туризм саласында қызмет етіп отырған компаниялардың да қалтасына қосымша салмақ түспейді. Демек, оларға турөнімдердің бағасын өсіруге ешқандай негіз жоқ.

 

«Әрине, сыртқы туризм бағалары көп жағдайда доллар мен еуро курсына және сұраныстың артуына байланысты. Ал салыққа байланысты баға көтерілмейді. Алайда халықтың басым бөлігі турларды турагенттер арқылы алып жатады. Турагенттер – туроператорлармен жұмыс істейтін компаниялар. Олар көбінесе комиссиялық табыс табады, сондықтан ҚҚС-тан босатылмаған. Айналымы 10 мың АЕК-тен асқаннан кейін міндетті түрде ҚҚС төлейтін болады. Олардың қызметтерінің құны көтерілуі мүмкін, бірақ бұл стандартты турқызметтер үшін ғана», – деп түсіндірді маман.

 

Инфляция туризмге қалай әсер етті?

 

Туроператорлар жұмысының табысты болуы халықтың төлем қабілетіне тікелей тәуелді. Осы орайда Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлынан инфляцияның шарықтауына байланысты турларға сұраныс қаншалықты өзгергенін сұрадық. Оның айтуынша, бағалардың өсуі саяхаттағысы келетіндер санын кемітпеген.

 

 

«Әуекомпаниялар жолаушылар тасымалы былтырғыдан 10-12%-ға артқанын айтып жатыр. Алдағы жылдары елімізге келетін туристер де, шет мемлекеттерге саяхаттайтын азаматтар қатарына да көбеймесе азаймайды. Қазір халық той-томалақтан гөрі саяхаттауды орынды деп біледі. Бәлкім, туристер саяхат шығындарын азайтуы мүмкін: бес жұлдызды қонақүй орнына төрт жұлдызды қонақүйге орналасу, бизнес-класспен ұшудың орнына эконом санаттағы орынға отыру дегендей. Бірақ инфляцияның кесірінен адамдар саяхаттан бас тартады дей алмаймын», –дейді турагент.

 

Қазақстандық туристердің ең жиі жіберетін қателіктері

 

Қазақстандық туристер виза рәсімдеу, әуе билеттерін алу, қонақүй брондау кезінде түрлі кедергілерге тап болып жатады. Турагент олардың көпшілігі құжаттардағы тиісті мәліметтерді талапқа сай толтырмаудан туындайтынын айтады.

 

«Көбіне азаматтар паспорттағы деректерді дұрыс енгізбейді. Соның салдарынан өзге мемлекет шекарасынан өтерде қиындықтар туындап жатады. Екіншіден, билет сатып алу кезінде шарттармен мұқият таныспайды. Чартерлік рейс пе, лоукостер ме, жүктің рұқсат етілген салмағы қанша, көлемі қандай – талаптарды зерделемейді. Әуежайда кедергіге тап болып, қосымша шығын шығаратыны содан»,  – деп түсіндірді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

 

Маман кейбір саяхатшылардың медициналық сақтандыруға салғырт қарайтынын да атап өтті. Саяхат барысында түрлі оқыс оқиға болуы мүмкін. Шұғыл медициналық көмек керек жағдайда сол сақтандыру қолданылатынын ескерген жөн.

 

Әуе билеттерін қалай арзан алуға болады?

 

Саяхат шығындарының негізгі бөлігі – әуе билеттерінің ақысы. Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы билетті тиімді бағамен алу үшін саяхатты мүмкіндігінше ертерек жоспарлап, әр мезгілдегі қыдыруға қолайлы мемлекеттерді алдын ала зерттеуге кеңес береді. Екіншіден, әуе компанияларының сайтында жарияланатын жеңілдіктерді үнемі  бақылап отыру керек.

 

«Сайтқа пәлен күні кешке кірсең немесе түген күні таңертең алсаң арзан болады дегенге сенбеймін. Сұраныс артқан сайын билет бағасы қымбаттай береді. Кейде ұшуға бір күн қалғанда билет арзан болуы мүмкін. Кейде, керісінше, уақыт аз қалғанда компаниялар бағаны шарықтатуы ықтимал. Әдетте демалыс және мереке күндері баға жоғары болады», – дейді саяхатшы.

 

 

Топ-5 қауіпсіз ел

 

Бүгінде әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Наразылықтар, қарулы қақтығыстардың көбеюі салдарынан туроператорлар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейткен. Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының айтуынша, әсіресе, Парсы шығанағы елдеріне баратын азаматтар үшін алаңдаушылық көбейген. Сондықтан турагенттер өз клиенттеріне мейлінше қауіпсіз бағыттарды ұсынуға тырысады.

 

 «Саяхат үшін ең қауіпсіз саналатын мемлекеттерге келсек, менің рейтингімде бірінші орында – Жапония. Азия елдерінен – Малайзияны, Еуропадан – Норвегия мен Швейцарияны, Парсы шығанағы елдерінен – Оманды айтуға болады», – дейді саяхатшы.

Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

 

Қазір аяқ бассаң, алаяққа тап болатын заман. Турагент әккілердің құрбаны болмас үшін қауіпсіздік ережелеріне мұқият болған жөн дейді. Тур сатып алмас бұрын «Туристік қамқор» қоры арқылы ресми жұмыс істейтін туркомпаниялар тізімімен танысып алған дұрыс.

 

«Тек сол тізімде бар қызмет көрсетушілерге жүгініп, келісімшарттарды, құжаттарды мұқият оқып алу керек. Төлемдердің бәрін ресми шоттарға аудару керек. Қолма-қол төлем жасалған жағдайда түбіртек талап еткен жөн», – дейді маман.

 

Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы шет мемлекеттерде де туристерді алдап соққысы келетіндер аз емес екенін айтады. Мәселен, дәмханаларда тапсырыс беретін кезде басқа мәзір, шот төлейтін кезде тағамдардың сомасы өзгерген басқа мәзір көрсетуі мүмкін.

 

 

«Қонақүйге орналасатын кезде де нөмірге кірген бойда бәрін видеоға түсіріп алған дұрыс. Өйткені әкімшілік сынған немесе бүлінген жиһаздарды, жоғалған бұйымдарды сізден көріп, өтемақы талап етуі мүмкін», – деп ескертеді турагент.

 

Ішкі туризмнің негізгі бағыттары

 

Маман ішкі туризмнің де қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазақстанға Еуропадан, Қытайдан келетін туристер көбейген. Олар көбіне Алматы маңын, Бурабайды, Түркістан мен Маңғыстау облысын көргісі келеді екен. 

 

Ал шетелге қыдырушыларды Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы турист және саяхатшы деп екіге бөледі. Жылына бір рет берілетін еңбек демалысында ғана шет мемлекеттерге баруды құп көретіндер – туристер. Олар әдетте көпке белгілі, әбден тексерілген, жайлылығына көздері жеткен елдерге баруды таңдайды. Белсенді демалыстан гөрі жағажайдағы алаңсыз жатысты ұнатады.

 

«Ал саяхатшылар үшін танымды кеңейту, бұрын көрмеген жерлерді көру, жаңа эмоция алу маңызды. Оларға Маврикий аралдары, Жапония, ішкі Қытай қалалары, Исландия мен Кенияны көруге кеңес беремін», – дейді турагент.

 

 

Саяхаттау үшін миллионер болудың қажеті жоқ

 

Шетелге саяхат тек байларға бұйыратын бақыт деп ойлап, шекара асуды кейінге шегеріп жүргендер әлі де аз емес. Саяхатшының айтуынша, шетелге шығу үшін миллиондардың қажеті жоқ.

 

«Қаншама көлігі, мыңғырған малы болса да шекара асып көрмеген қазақтар бар. Соңғы үлгідегі айфоны бар, бірақ мүлдем саяхаттамағандарды да білемін. Әркімнің ұстанымы әртүрлі. Бір айфонның бағасына үш-төрт мемлекет көріп қайтуға болады. Мәселе ақшада емес», – дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

Маман қалтаға салмақ салмай саяхаттау үшін туркомпаниялар ұсынатын «ыстық турларды» бақылап отыруға кеңес береді. Туроператорлар әдетте билеттерді алдын ала сатып алып қояды. Жақындаған уақытта орындарды толтыра алмаса, бағаны күрт төмендетеді. Сол уақытта турды өте тиімді бағада алуға болады.

 

«Былтыр қыркүйек айында Дубайға екі адамдық тур 300 мың теңгеге, Катарға екі адамдық тур 300-350 мың теңгеге сатылды», – деп мысал келтірлі турагент.

 

Өз бетінше саяхаттайтындар нені білуі тиіс?

 

Саяхатты турагенттер көмегіне жүгінбей, өз бетінше ұйымдастыратындар көп. Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының сөзінше, олар құжаттарына мейлінше мұқият болып, билеттердің бәрін алдын ала алып, баратын қонақүйін, экскурсияларын брондап, барлық болжалды шығындарды есептеп алғаны жөн.

 

«Телефонға офлайн және онлайн карталарды жүктеп алған дұрыс. Ақшаның жартысын қолма-қол ұстап, жартысын картада сақтаған жөн. Баратын мемлекеттің негізгі заңдарын, қоғамдық орындарда жүру ережелерін біліп алу қажет. Әр елдің мәдени, діни қағидаларына құрметпен қарау – сіздің кикілжіңге, қандай да бір кедергіге тап болмауыңыздың кепілі», - деп түйіндеді маман.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

03/02/2026 15:42
457 0

Уведомление