17 млн қазақстандық TikTok-та: Кітап оқымайтын елге айналдық па?
Қазақстан – парадокстар елі: жастардың әрбір үшіншісі кітап оқымайды, бірақ кітапханаларда кісі қарасы көп. Халықтың жас-кәрісі түгел телефонға телміреді, алайда баспа ісінің табысы өсе түсті.
365 күнде 3 кітап бітіре алмаймыз
Халықаралық CEOWORLD бизнес-журналы жүргізген сауалнамаға сүйенсек, қазақстандықтардың кітап оқуға құлшынысы өте төмен. 2024 жылға рейтингте 102 елдің ішінде 95-орынға тұрақтадық: жыл бойы 3 кітапты оқып тауыса алмайды екенбіз. Бізге қарағанда Орталық Азиядағы көршілеріміздің көрсеткіші жоғары:
Қазақстан жылына бір адам – 2,77,
Түрікменстанда – 3,18,
Қырғызстанда – 3,96,
Тәжікстанда – 4,01 кітап оқиды екен.
Бұл дерекке күмәндансақ, отандық зерттеушілердің мәліметіне көз салайық: Ranking.kz-тің есебінше, Қазақстанда бір адам жылына небәрі 65 сағат, яғни аптаға шаққанда шамамен 1-ақ сағат уақытын кітап оқуға арнайды. Демек, елімізде кітап оқу деңгейі әлемдік орташа деңгейден өте төмен. Дүниежүзінде халықтың 77%-ы кітап, ал 9%-ы электронды кітап оқып, аудиокітап тыңдағанды жөн көреді. Яғни, бүкіл әлем ЖИ дәуірінің өзінде дәстүрлі кітаптан мән тауып отырғанда, қазақстандықтар зейінін ашуға құлықсыз.
Енді «Қазақстан жастары – 2024» зерттеуінің қорытындысына үңіліп көрейік:
· Сауалнамаға қатысушылардың 32,4%-ы не қағаз, не электронды басылымдардың бетін ашпайтынын мойындаған.
· кітапты мүлде оқымайтындардың 36,8%-ы – ерлер, 27,7%-ы – әйелдер.
Оқуға неге құлық жоқ?
Қазақстандықтардың кітапқа неге қызықпайтынын жазушы, Kitapal компаниясының маркетологы, жылдам оқу тренері Мирас Кесебаевтан сұрадық. Оның айтуынша, нағыз статистика жоғарыдағы көрсеткіштерден де төмен болуы мүмкін.

«Бірінші себеп: кітап оқу қиын, ойландырады, ал телефон қарау – оңай, энергия жемейді. Екінші себеп: адамдар кітапты баяу оқиды. Бір кітапқа күн сайын 20 мин бөлетін адамның өзі 250 беттік кітапты 3 айда бітіреді. Үшінші себеп: кітап дүкендері аз, аудан мен ауылдарда мүлде жоқ», – дейді маркетолог.
Қоғамдық саясат институты жүргізген зерттеуіне сүйенсек, кітап оқымайтын қазақстандықтардың 52%-ы оның басты себебі уақыттың жетіспеуі десе, 21%-ы қызығушылық жоқ екенін айтқан. Кітапқа уақыттың табылмауы, ықыластың болмауы жаңалық емес. Өйткені бүгінде үлкен-кішінің фокусы – смартфонда.
17 млн қазақстандық TikTok-та отырады
DataReportal-дың «Digital 2026» есебіне сәйкес, әлемде интернетке қол жеткізе алатын халықтың үлесі бір жыл ішінде 73,2%-ға дейін өсті. Салыстыру үшін айтсақ, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 58,5%, ал он жыл бұрын 39,8% болған.

2025 жылғы қазанда әлем халқының 68,7%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланса, біздің еліміз өңірлік һәм әлемдік орташа деңгейден асып түсті:
Қазақстанда халықтың 80,8%-ы,
Қырғызстанда – 53,3%-ы,
Өзбекстанда – 37,9%-ы,
Тәжікстанда – 18,9%-ы,
Түрікменстанда – 5,1%-ы әлеуметтік желілерді қолданады.
Жекелеген платформалар бойынша да Қазақстан Орталық Азияда алдыңғы орында:
TikTok желісінде қазақстандық қолданушылар саны – 16,9 млн,
Instagram-да – 13,1 млн,
Facebook-та – 2,5 млн,
Threads-те – 1,9 млн.
Кітапханалар қаңырап тұр ма?
Гаджеттер қағаз атаулыны ығыстырғанымен, қазақстандық кітапханалар қаңырап бос тұр деген сөз емес. 2024 жылы ел кітапханаларына 55,5 млн адам барған, бұл алдыңғы жылғыдан 5,4% көп. Салыстыру үшін айтсақ, кинотеатрларға – 23,2 млн адам, ойын-сауық және демалыс саябақтарына – 15,6 млн адам барған.
Кітапханаға жиі баратындардың көшін алматылықтар бастап тұр(5,5 миллион адам). Одан кейінгі орында Солтүстік Қазақстан облысы (4,5 миллион) мен Түркістан облысы(4 миллион).
Кітап та, оған құмарлық та қымбаттады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде кітап пен кеңсе тауарларының құны 4,1% өскен. Ал Атырау облысында тіпті 24% шарықтаған.
Десе де, баспалардың мәліметінше, олардың өнімдеріне сұраныс кемімеген. Саладағы қызметтер көлемі бір жылда 16% артып, жалпы құны 31 млрд теңгеге жеткен. Демек, дәстүрлі қағаз кітапты әлі де тыныштық пен нағыз рухани демалыстың символы деп білетіндер әлі де баршылық.
Сарапшылардың сөзінше, қазақ жастары кітапты білімнің мызғымас көзі ретінде қабылдауды қойған, алайда оқуға құмарлық жойылған жоқ. Ол тек өзгеріске ұшырады: жылдамырақ, мейлінше қысқа және тартымдырақ деген талаптарға бейімделді.

Оқырманның сұранысына сай кітапханалар да заманауи қоғамдық кеңістікке айнала бастады. Бұрын онда мүлгіген тыныштық болса, қазір азан-қазан тіршілік: түрлі тақырыптағы дәрістер, көрмелер, кездесулер, шеберлік сағаттары өтеді. Көп кітапханаларда коворкинг-аймақтар, Wi-Fi мен кофе ішетін орындар бар. Соның арқасында олар шабыт пен жайлы жұмыс үшін орын іздейтін фрилансерлер мен студенттердің хабына айналып отыр.
Кітаптан қол үзбегендер не оқып жүр?
Ал кітапқа үңілу үшін жағдай талғамайтын, оқуды күнделікті дағдыға айналдырған ат төбеліндей топ қандай кітаппен дос?
«Қазақстан жастары – 2024» зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, кітап оқудан қол үзбегендің әрбір бесінші мүшесі классиканы, 19%-ы –заманауи прозаны, 16%-ы детективтерді сүйіп оқиды. Фантастика мен фэнтезиге құмарлардың үлесі – 15%, тарихи романдарды ықыласпен оқитындар да сол шамада.
Бір қызығы, қыздар кітапты көбірек оқиды, әрі таңдайтын тақырыптарының ауқымы кең. Ал жігіттер қауымының детективтер мен тарихи туындылардың шеңберінен шығуы қиын екен.
Мирас Кесебаевтың айтуынша, қазақ оқырмандары арасында тұлғалық даму бағытындағы кітаптарға сұраныс әлі де жоғары.

«Бәрі дамығысы келеді, бұл өте жақсы бағыт. Тұлғалық дамудың ішіне психологиялық, мотивациялық, өмірбаяндық кітаптар түгел кіріп кетеді. Кейінгі жылдары заманауи прозаға сұраныс көбейе бастады. Қазақтың жас жазушылары романдар жазып, көпшілікке танымал болып жатыр. Аудармаға да сұраныс кеміген жоқ: шет тіліндегі нон-фикшн және әдеби кітаптар қазақ тіліне аударылды. Сонымен қатар діни кітаптар да жиі оқылады. Өйткені тәннің азығы секілді жанның азығын да беру керек», – дейді маркетолог.
Маманның пікірінше, «қазақ жастары кітап оқымайды» деп жалпыға бірдей «үкім» шығаруға болмайды. Кітапты жата-жастана оқитын, түрлі тақырыптағы туындыларды кеміретін, оларды сауатты талдай алатын оқырмандар аз емес дейді ол.
«Кітап оқитындардың клубы көбейді. Бір ғана Kitapal оқырмандар клубында 2000-ға жуық мүше бар, 250-ден аса топ бар», – деп сөзін дәйектеді.
Балаларды оқуға қалай ынталандырамыз?
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Ата-анасының кітапқа үңілгенін сирек көретін бала да оқуға құмарта қоймайтыны белгілі. Бұл мәселеге келгенде ересектердің өзіне жол көрсетуші керек боп жатады. Осы орайда Мирас Кесебаевтар кітап оқуды күнделікті дағдыға, ұнамды әдетке айналдырудың лайфхактарын сұрадық.

«Үйдің әр бөлмесінде кітаптар тұруы қажет. Бала қай бөлмеде жүрсе де, көз алдында кітап көрінгені дұрыс. Әрине, ата-анасы бір уақыт балаға үлгі ретінде кітап ұстап отырғаны абзал. Ең абзалы – оқығанды баламен талқылау, ойын сұрау. Өзім қыздарыма ертегі айтып болған соң міндетті түрде пікірлерін сұраймын. Мысалы, «Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алғаны дұрыс па? Сен оның орнында қайтер едің?» деп баланы ойлануға итермелеймін. Бұл – миды дамытудың ең нәтижелі жолы», – деп түйіндеді жазушы.
14:49
42
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.