16 жасқа толмағандардың желіге кіруіне тыйым: Қазақстанға кімнің тәжірибесі үлгі?
Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні қолдануын шектеу мәселесі талқыланып жатыр. Masa media тілшісі дәл осындай тыйым енгізген мемлекеттердің тәжірибесіне шолу жасады.
Депутаттың ұсынысы
Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв елімізде балалардың әлеуметтік желіні қолдануын шектеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл – халықаралық тәжірибеде кең қолданыла бастаған шара.

– Кейбір елдерде 14 жасқа дейін, ал кей елдерде 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігі шектелген. Бұл тыйым салу үшін емес, ойлау қабілетін, талдау жасау дағдыларын, нақты диалог жүргізу және саналы тұлға қалыптастыруды қорғау мақсатында жасалып отыр, – деді депутат.
Мәжілісменнің ұсынысы бойынша ақпарат берген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, министрлік онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірлеген. Құжаттарда 16 жасқа толмаған азаматтардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу жөніндегі норма бар. Заң жобасы сараптамалық бағалаудан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылған.
Австралия – тыйым енгізген тұңғыш ел
Австралия – 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салған әлемдегі алғашқы ел. Елде 2025 жылдың 10 желтоқсанынан бастап күшіне енген жаңа заңға сәйкес, әлемдегі ең ірі он платформаға кәмелетке толмағандардың аккаунттарын бұғаттау міндеттелді. Талап орындалмаған жағдайда компанияларға 33 млн АҚШ долларына дейін айыппұл салынады.
Бұл бастама ірі технологиялық компаниялар мен сөз бостандығын қорғаушылар тарапынан сынға ұшырағанымен, ата-аналар мен бала құқықтарын қорғаушылар оны қолдады. Тыйым Австралияда кең қолдау тапты: YouGov сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 77 пайызы осы заңның қабылдануын құптаған. Қолдаушылардың айтуынша, бұл балалардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Қандай желілерді қолдануға болмайды?
Тыйым барлық ірі әлеуметтік желілерді ешбір қамтиды: TikTok, YouTube, Х, Instagram, Facebook, Snapchat, Kick, Reddit және Twitch.
Бастапқыда тыйым 10 платформаны қамтиды, алайда Австралия үкіметі жас пайдаланушылардың жаңа өнімдерге көшуіне қарай бұл тізім өзгеріп отыратынын мәлімдеді. 10 компанияның ішінде Илон Маскке тиесілі X әлеуметтік желісінен басқасының бәрі жасты анықтау тәсілдерін қолданатынын хабарлады. Бұл – адамның онлайн-белсенділігіне қарап жасын айқындау немесе әдетте селфи арқылы анықталатын болжалды жасты белгілеу әдістері. Сондай-ақ олар желіге жүктелген жеке басын куәландыратын құжаттарға немесе аккаунтқа тіркелген банк деректеріне зер салуы мүмкін.

Платформалардың әрекеті
Snapchat өз пайдаланушыларының аккаунттары үш жылға немесе олар 16 жасқа толғанға дейін бұғатталатынын мәлімдеді.
YouTube аккаунт иелері 10 желтоқсанда автоматты түрде жүйеден шығарылды. Олардың арналары бұдан былай жалпыға көрінбейді, алайда деректері сақталады – бұл 16 жасқа толғаннан кейін аккаунтты қайта белсендіруге мүмкіндік береді.
TikTok та Австралияның 16 жасқа толмаған тұрғындары пайдаланатын барлық аккаунттар 10 желтоқсанда өшірілетінін мәлімдеген. Компанияның айтуынша, аккаунтта қай электрондық пошта көрсетілгені немесе оның аты-жөні кімге тиесілі екені маңызды емес – жасты тексеру технологиясы нақты пайдаланушының кім екенін анықтайды.
Малайзиядағы жаңа заң
Малайзияда да 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салатын заң күшіне енді. Елдің байланыс министрі Фахми Фадзилдің сөзінше, бұл тыйымның мақсаты – кәмелетке толмағандарды киберқылмыстардан, онлайн қудалаудан және алаяқтықтан қорғау. Осы мақсатта Малайзияда пайдаланушылардың жасын нақтылау үшін электронды сәйкестендіру жүйесі (eKYC) енгізілді.
Times газетінің дерегінше, мемлекетте 16 жасқа толмаған 8 миллион адам тұрады. 2025 жылдың қыркүйегінде елдің премьер-министрі Анвар Ибрагим 14 жастағы мектеп оқушысының 16 жастағы қыздың пышақтауы әлеуметтік желілерді шектеудің бір себебі болғанын атап өтті.
Еуропарламент бастамасы
Өткен жылы Еуропарламент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуын қарастыратын резолюцияны қабылдады. Құжатқа сәйкес, депутаттар әлеуметтік желіге кірудің ең төменгі жас мөлшерін 16 жасқа дейін белгілеуді және ең зиянды, тәуелділік тудыратын платформаларды тыюды ұсынады.

Құжаттағы зерттеуге сәйкес, жасөспірімдердің 97%-ы күнделікті әлеуметтік желілерді пайдаланады, ал 13–17 жас аралығындағы балалардың 78%-ы өз гаджеттерін сағатына кем дегенде бір рет тексереді. Сонымен қатар кәмелетке толмаған әр төртінші балада смартфонға тәуелділік сипатындағы мінез-құлық үлгілері бар.
Осыған байланысты Еуропарламент әлеуметтік желілерге, видеоплатформаларға және жасанды интеллект негізіндегі көмекшілерге кіру үшін ЕО-да біртұтас минималды жас шегін – 16 жас ретінде белгілеуді ұсынды. Еуропарламент депутаттарының көбі бұл бастаманы қолдағанымен, құжаттың заңдық күші жоқ екенін айта кеткен жөн.
Еуропа елдеріндегі шектеулер
Дания үкіметі де 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды жоспарлап отыр. Қарастырылып жатқан шектеулердің бірі – 13-14 жастағы балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана қол жеткізуге мүмкіндік беру.
Норвегияда әлеуметтік желілерді қолдануға рұқсат етілетін ең төменгі жасты 15 жасқа дейін көтеру және жасты міндетті түрде растау жүйесін енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
Францияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді ата-анасының келісімінсіз пайдалануына тыйым салатын заң 2023 жылдан бері қолданыста. Платформалар мұндай келісімсіз пайдаланушыларды тіркеуге жібермеуі тиіс. Сондай-ақ, бұл елде 15 жасқа дейінгі балалар үшін 22.00-08.00 аралығында «түнгі цифрлық комендант сағатын» енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
11:44
33
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.