10 млн халқы бар Куба тастүнекте отыр: аралда наразылық күшейді
Кубада дүйсенбі күні бүкіл ел бойынша электр қуаты өшіп қалды. Мамандар бұл жағадйды Трамп енгізген мұнай блокадасымен байланыстырып отыр.
Отын тапшылығы
Кубаның электр жүйесін басқаратын UNE компаниясының хабарлауынша, қуаттың неге өшкені әлі нақты анықталмаған. Алайда елдің электр жүйесі ескірген және бұған дейін де жиі істен шығып келген. Қазіргі кезде жағдайды күрделендіріп отырған тағы бір фактор – электростанцияларға отын жетіспеушілігі.
Жаңа жылдың басында АҚШ-тың Венесуэла лидері Николас Мадуроны тұтқындауынан кейін, Кубаға мұнай және мұнай өнімдерінің жеткізілуі іс жүзінде тоқтады. AFP агенттігінің мәліметінше, бұл жағдай аралдың әр бөлігінде жарықтың ұзақ уақытқа өшірілуін қалыпты жағдайға айналдырған. Наурыз айының басында елдің негізгі электростанциясының істен шығуы салдарынан елдің үштен бір бөлігі электрсіз қалған еді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, биыл Кубаның порттарына тек екі кішкентай мұнай кемесі келді. Бірі – мексикалық мұнаймен, қаңтарда Гаванаға жеткен; екіншісі – Жамайкадан жеткізілген сұйытылған газ, оны әдетте ас пісіруге арналған баллондарға құяды. Венесуэладан, бұрынғы негізгі отын жеткізушіден, ештеңе келмеген.
Халық наразылығы мен демонстрациялар
Электр энергиясының сөндірілуі, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы Кубада халық наразылығын туғызды. 14 наурызда Морон қаласында наразылық білдіргендер басшылықтағы коммунистік партия комитетінің ғимаратын өртеді.
Reuters мәліметі бойынша, түнде адамдар «бос кастрюль марштарына» қатысып, кастрюль мен табаларды соғып, «Бостандық!» деп ұрандауда.
Куба президенті Мигель Диас-Канель сол күні X желісінде азаматтардың ұзаққа созылған жарық өшіруіне байланысты наразылығын түсінетінін, бірақ тәртіп бұзбай пікір білдірулерін заңды деп санайтынын жазды.
«Қоғамдық тәртіпке және мемлекеттік институттарға қауіп төндіретін зорлық пен вандализм ешқашан түсіндірілмейді, ақталмайды және қабылданбайды», – деді президент.
12 наурызда Диас-Канель АҚШ-пен келіссөздер жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты растады, бірақ келіссөздердің мазмұны туралы көп айтқан жоқ. АҚШ баспасөзінің хабарлауынша, келіссөздер Кубаның бұрынғы президенті Рауль Кастроның немересі Рауль Гильермо Родригес-Кастро мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арасында жүргізілген.
Сол күні Гавана Ватиканмен келіссөз нәтижесінде 51 тұтқынның босатылатынын хабарлады.
АҚШ қысымы және қауіп-қатер
Президент Дональд Трамп Кубаны Венесуэла мен Ираннан кейін өз ықпалында болуы тиіс елдердің қатарына қосты. Ол журналистерге берген сұхбатында: «Куба келісімге қол жеткізгісі келеді. Біз бұл мәселені жақын арада шешеміз» деді. Сонымен қатар Трамп Кубаны «қолға алу» мүмкіндігін де жоққа шығармады: «Бұл – үлкен мәртебе. Мен оны азат етуге немесе басып алуға дайынмын, мен қалағанымды істей аламын», – деді ол.
Еске салайық, 2025 жылдың тамызынан бастап АҚШ Кариб бассейніндегі әскери қатысуды күшейтіп, қыркүйектен бастап есірткі тасымалында қатысы бар деп санайтын кемелерге шабуыл жасай бастады. 2026 жылдың қаңтарында Трамп Кубамен байланысты ұлттық қауіпсіздік қатеріне байланысты төтенше жағдай жариялады. АҚШ осы арқылы Кубаға отын жеткізетін кез келген елдің импортынан қосымша баж салығын енгізуге құқылы болды.
Куба билігі бұл әрекетті агрессия және қысым деп айыптады.
10:07
49
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.