Құжаттағы есімім мен тегімді қалай өзгерте аламын?

masa нұсқаулығы


14/04/2021
11:59 4926 0

Неке және отбасы туралы кодекске сай, 16 жастан асқан әрбір Қазақстан азаматы өз аты, тегі мен әкесінің атын өзгерте алады.

 

Аты-жөнімді өзгерткім келеді дегендерге нұсқаулық дайындадық. 

 

  • Әуелі жаңа ат пен тегіңізді ойластырып алыңыз. 
  • Ауданыңыздағы Азаматтардың хал актілерін тіркеу органына (АХАТ не орысша ЗАГС) өтініш тапсырыңыз. 
  • Онда толық аты-жөніңіз, таңдаған аты-жөніңіз бен өзгерту себебін көрсетіңіз. Неке және отбасы туралы кодекстің 257-бабына сай, өзгертуге 13 нәрсе негіз бола алады. Олар: 

 

            1. Есіміңіз, тегіңіз не әкеңіздің аты оғаш естілсе; 
            2. Оларды айту қиынға соқса;
            3. Жұбайыңыздың тегін алғыңыз келсе;
            4. Ажырасқаннан кейін некеге дейінгі тегіңізді алғыңыз келсе;
            5. Алдыңғы некеден туған балаларыңыздың тегін алғыңыз келсе;
            6. Жұбайыңыз қайтыс болып, некеге дейінгі тегіңізді алғыңыз келсе;
            7. Балаларыммен бір текте болам деп қайтыс болған жұбайыңыздың тегін алғыңыз келсе;
            8. Ата-анаңыздың ұлтына (әртүрлі болса) қарай ат не тек алғыңыз келсе; 
            9. Құжаттағыдай емес, өмірдегі шын атыңызды алғыңыз келсе;
            10. Некелескенде жұбайыңыздың тегін алған болсаңыз, бірақ қазір бұрынғы тегіңізді алғыңыз келсе; 
            11. Тегіңізді ұлттық дәстүрге сай өзгерткіңіз келсе; 
            12. Туған ата-анаңыздың тегін емес, өзіңізді бағып-қаққан адамның тегі мен атын алғыңыз келсе;
            13. Жынысыңызды операция арқылы өзгерткеніңізге байланысты тек, ат пен әкеңіздің атын өзгерткіңіз келсе. 

 

Өтініш берерде қандай құжат тапсыру қажет? 

 

  1. Туу туралы куәлік;
  2. Жеке куәлігіңіз;
  3. Неке туралы куәлік (үйленген болсаңыз);
  4. Балаларыңыздың туу туралы куәлігі (кәмілетке толмаған балаларыңыз болса); 
  5. Бала асырап алу туралы куәлік не әке болуды анықтау туралы куәлік (бар болса);
  6. Ажырасқаныңыз туралы куәлік (ажырасқаныңызға байланысты некеге дейінгі тегіңізді алғыңыз келсе);
  7. Екі суретіңіз (3х4). 

Тіркеуші орган сізден аты-жөніңізді ауыстыру себебін растайтын басқа да құжаттар сұрауы мүмкін. 

 

Орган өтінішті ең көп дегенде 30 күн ішінде қарайды, қабылдаса, атыңызды (тегіңіз не әкеңіздің атын) өзгертеді, кейін сол туралы куәлік береді, бас тартса, неге бас тартқаны жазылған хат береді. Егер қалай да аты-жөнімді өзгертем десеңіз, АХАТ-ты сотқа берсеңіз болады. Ол үшін орган орналасқан аудандағы сотқа барасыз. 

 

Маңызды: аты-жөніңізді өзгерткеннен кейін барлық құжатыңызды да өзгертесіз. Ол үшін мекенжайыңыз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барыңыз. 

 

Егер банкіден не басқа біреуден несие, қарыз алсаңыз, біреумен келісімшартқа отырсаңыз, олардың барлығын аты-жөнімді өзгерттім деп ескертуіңіз керек. 


Маңызды: Аты-жөнімді өзгерттім деп өзіңізге жүктелген міндеттен, мысалы, несие, алимент төлеуден бас тарта алмайсыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

14/04/2021 11:59
4926 0

Уведомление