Тіркелген және «азаматтық» неке: айырмасы қандай?

Қай неке заңды: мешіттегі ме, әлде АХАТ-тағы ма?


15/04/2021
12:46 8207 0


 

«Азаматтық неке» деген не?

 

Екі ересектің өзара қарым-қатынасын АХАТ-та (Азаматтардың хал актілерін тіркеу не орысша ЗАГС) тіркемей, бірге тұруын «азаматтық неке» деп атауды әдетке айналдырғанбыз. 

 

Бірақ Қазақстан заңнамасында «азаматтық неке» деген түсінік жоқ. Неке және отбасы туралы кодекс бойынша тек АХАТ-та тіркелген некенің заңды күші бар. 

 

«Азаматтық некеде» бірге тұрып жатқандардың қарым-қатынасын реттейтін заң нормалары жоқ. Олардың қатынасы барын құжат арқылы дәлелдей алмайсыз, оны сот та мойындамайды. 

 

Заңгерлер тіркелмеген некені «іс жүзіндегі неке» деп атайды, дегенмен мұндай қарым-қатынас тіркелген некеге парапар болмайды. 

 

«Азаматтық неке» деген түсінік алғаш рет XIX ғасырда Ресей империясында пайда болды. Сол кездері шіркеуде некелескен адамдар ғана ресми ерлі-зайыпты боп есептелді, ал жай бірге тұрып жатқандардың қарым-қатынасын азаматтық неке деп атады. 

 

XX ғасырда оның мағынасы түбегейлі өзгерді.

 

Азаматтық неке — мемлекеттік орган тіркеген, шіркеуге қатысы жоқ неке. 1917 жылғы 18 желтоқсанда КСРО азаматтық неке туралы декрет шығарды. Содан бері тек азаматтық некенің заңды күші бар (Үлкен Кеңестік Энциклопедия).

 

Қазақстанда қандай неке заңды болып саналады? 

 

Мемлекеттік органда қиылған неке. 

  

Азаматтар АХАТ-қа барып, неке қиса ғана ерлі-зайыпты деп есептеледі, олардың арнайы құқығы мен міндеттері пайда болады. 

 

— ҚР заңнамасына сәйкес, өкілетті органда тіркелген неке заңды күшке ие болады. АХАТ бұрын АХАЖ деп аталған. Неке рәсімделген күннен бастап жарамды болады, — дейді адвокат Тайыр Назханов.

 

Шіркеуде не мешітте некелессек, қарым-қатынасымыз заңды бола ма?

 

Діни жоралғыларға сай қиылған неке заңсыз болып саналады. 

 

Оған қоса, көбіне шіркеу не мешіт «неке қияр» алдында үйленгеніңіз туралы куәлік көрсетуді өтінеді. 

 

— Қазақстан — зайырлы мемлекет, тиісінше заңдары да зайырлы. Сондықтан мемлекеттік орган тіркеген неке ғана тіркелген, заңды деп есептеледі, — дейді Назханов.

 

Жігітім (қызым) екеуіміз бірге тұрғанда ортақ мүлік сатып алғанбыз. Айырылысып кеттік, енді оны қалай бөліссек болады? 

 

Азаматтар некесін АХАТ-та тіркемеген болса, олар заң тұрғысынан ерлі-зайыпты емес, ал мүлкі ортақ меншік деп саналмайды. 

 

— Ортақ мүлік деген тек ерлі-зайыптыларда болады. Қарым-қатынасын тіркемей, бірге тұрып жатқандардың ортақ мүлкі болмайды, — дейді адвокат. 

 

Бірге тұрып жатқандар ортақ ақшасын жұмсап, мүлік, мысалы, үй, көлік алса, олардың бәрі тек бір адамның атына жазылады. Тиісінше мүлік иесі тек бір адам болады, ал екіншісінің оны иемденіп алуға еш құқығы жоқ. 

 

— Мысалы, мен көлік сатып алып, өз атыма жаздым делік. Оны қызымның ақшасына сатып алсам да, оның маған келіп, көлік менікі деуге құқығы жоқ, — дейді Назханов.

 

Десе де, мүлік ортақ екенін дәлелдеуге болады, бірақ ол үшін сотқа жүгіну керек. 

 

Егер жігітім (қызым) қайтыс болса, мүлікке қалай ие бола алам? 

 

Заңға сай, мемлекеттік органда некелеспеген азаматтар мүлікті мұра ретінде ала алмайды, яғни мүлікті өз атына тіркеген кісі қайтыс болса, екіншісі одан мұра ретінде ештеңе ала алмайды. 

 

— Мұрагер дегеніміз — мұра қалдырушының жұбайы, ата-анасы не балалары, онымен тек бірге тұрған кісі бұл тізімге кірмейді, — дейді адвокат.

 

Жігітім (қызым) екеуіміз айырылысамыз деп шештік. Балаларымыз кіммен бірге қалады? 

 

Ата-ана балалар кіммен тұратынын бейбіт түрде шеше алмаса, сотқа баруы керек. 

 

— Мысалы, әкесі «балалар менімен бірге тұрады» десе, қорғаншылық пен қамқоршылық органдары барып, ата-ананың үйінің жай-күйін тексереді, жалақысына мән береді, балалар 10 жастан асқан болса, олардың пікірін ескереді, — дейді Назханов.

 

Жігітімнен айырылысып кеттім. Одан алимент алу үшін оның балалардың туған әкесі екенін дәлелдеуім қажет пе? 

 

Балалардың туу туралы куәлігінде «әкесі» деген бағанда бұрынғы жігітіңіздің есімі тұрса, онда алимент алуға дереу өтініш бере аласыз.  

 

Дегенмен, бұрынғы жігітіңіз «жоқ, мен олардың әкесі емеспін» деп, алимент төлеуден сот арқылы бас тарта алады. 

 

— Куәлікте әкесі деп көрсетілген адам балалардың әкесі емеспін деп сотқа шағымдана алады. Егер әкесі емесі дәлелденсе, бұрынғы жігітіңіз алимент төлемейді, — дейді адвокат.

 

Ауруханада/жан сақтау бөлімінде жатқан «азаматтық жарымды» көруге құқым бар ма? 

 

Жоқ, аурухана қызметкерлерінің науқасқа жұбайы не жақын туысынан басқасын кіргізбеуге толықтай құқы бар.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

15/04/2021 12:46
8207 0

Уведомление