Сұлулық салонында құқығыңызды қалай қорғасаңыз болады?

masa.media түсіндіреді


22/09/2021
13:16 4966 0

masa.media тұтынушылардың қандай құқығы барын түсіндіреді. Осы жолы сұлулық салонына барғандар құқығын қалай қорғай алатынын айтып береміз. 

 

Бұрын дүкеннен зат, әуе компаниясынан билет, дәмханадан тамақтанғандардың қандай құқығы барын айтып бергенбіз. Оқи отырыңыз. 

 

Материалды дайындауға көмектескен заңгер Айдана Кусатаеваға рахмет айтамыз. 

 

Атқарылған жұмыс көңлімнен шықпады 

 

Шаш үлгісі, маникюр, педикюр сапалы жасалмаған десеңіз:

 

        • кемшілікті тегін түзеп беруді;
        • бағасын түсіруді;
        • ақшаңызды қайтаруды талап етіңіз. 

Егер ақысын әзір төлемеген болсаңыз, төлеуден бас тартыңыз. Салондағылар ақша бермей ешқайда кетпейсіз десе, «102» нөмріне қоңырау шалып, полиция шақырсаңыз болады. Ешкім еркін жүріп-тұруыңызды шектей алмайды. 

 

Жұмыс сапасыз жасалғанын салоннан шыққаннан кейін байқасаңыз да, талап қоюға қақыңыз бар. 

 

Ақысын төлеп қойдым, олар ақшамды қайтармады, қойған талаптарымды орындамады 

 

Наразылық хатын (претензия) жазыңыз. Жалпы, салонға қандай да бір талап, шағымыңыз болса, осы құжатты толтырып, салон иесіне жай не электрон пошта арқылы жолдаңыз я апарып беріңіз. 

 

Егер 10 күнде не өзіңіз айтқан уақытта талабыңыз орындалмаса, салон орналасқан жердің сотына барыңыз, шағым түсіріңіз. Заңгеріңіз жоқ болса да, бара беріңіз. Органдарға онсыз да жүгінуге болады. 

 

Қолыңызда сол салонға барғаныңызды дәлелдейтін не бар, бәрін сотқа беріңіз: чек, инстахикая, пост, куәгерлердің сөзі, камера жазбалары. Қоғам бірлестіктеріне хабарласып, көмек сұрасаңыз болады.

 

Наразылық хатын жазғанның бір жақсысы — мәселені сотқа бармай-ақ, шығынсыз шешуге болады. Сот шығыны салоннан талап еткен өтемақыдан көп болуы мүмкін. Ондайда барынша сотсыз шешуге тырысу керек.

Хатта не талап етуге болады? 

 

        • Ақшаңызды қайтаруды;
        • Қайтадан дұрыстап қызмет көрсетуді;
        • Моральдық шығынды өтеуді; мысалы, жасалған депиляцияның сапасы ұнамай,  көңіл-күйіңіз түссе не басқа жағымсыз әсер алсаңыз, соның өтемақысын өтеуді;
        • Денсаулығыңызға тиген зиянды өтеуді; мәселен, шаштараз шашыңызды күйдіріп алған болса, шығынды өте деп талап қоя аласыз. Себебі шашты емдеуге/өсіруге қаржы жұмсайсыз, бүлінген шаштың кесірінен жылауыңыз, далаға шықпауыңыз мүмкін, ал бұл — моральдық шығын. 

 

Келіскен бағаны өсіріп жіберді

 

Шашыңызды осындай сомаға жасап береміз деп әбден біткеннен кейін бағасын өсіруі не сізге айтпай қосымша процедура жасап, ақысын сұрауы мүмкін. Тек келіскен соманы төлеңіз. 

 

Ақшасын бермей кетпейсіз десе, полиция шақырыңыз. 

 

Маңызды: салон келісімшартқа сай қызмет көрсетуге тиіс. Келісімшарт деген — сіз және салон келіскен шарт. Ол жазбаша да, ауызша да болады. Мысалы, шашыңызды көк түске бояу, қасыңызды жіңішке қылып алу. 

 

Көйлек/сөмкемді бүлдіріп алса, мысалы, шаш бояуын төгіп алса 

 

Демек, салон мүлкіңізді бүлдірді. Тұтынушы құқығын қорғау туралы заңның 31-бабына сай, олар шығынды өтеуге міндетті. Оның сомасын наразылық хатында көрсетіңіз. Мысалы, химтазалауға кеткен соманы. Көйлек/сөмкеңіз жарамсыз болып қалса, оның бағасын жазыңыз. Чегін берсеңіз тіпті жақсы. 

 

Ақшасын сол жерде беруді талап етсеңіз де болады. 

 

Алдын ала жазылу үшін ақы төледім, бірақ бара алмадым, ал олар ақшамды қайтармады 

 

Оқырманнан келген сұрақ. 

 

Алдын ала жазыларда салон ақысын төлеуді талап ете алады. Көлеміне заң шектеу қоймайды. 

 

Ақшасын берсеңіз, салонмен өтелмелі қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасқан боласыз. Онда ақы қандай жағдайда қайтарылатыны айтылады не жазылады. Мысалы, келе алмайтыныңызды бір күн бұрын айтқанда. 

 

Егер осы шарт орындалмаса, ақша қайтарылмайды. Себебі сіз салонға келем, мысалы, тырнақ боятам деп уәде бердіңіз. Салон сіз таңдаған тырнақ бояуын сатып алады, ал сіз келмесеңіз, босқа сатып алған болады, яғни шығын көреді. 

 

Бірақ салон шынымен шығынға ұшырағанын дәлелдеуге тиіс. Мәселен, бояудың чегін көрсетсін. 

 

Әрине, салоннан ақшамды қайтарыңыз деп талап ете аласыз. Ол үшін наразылық хатын жазыңыз, нәтиже шықпаса, сотқа барыңыз. 

 

Көрсетілген қызметтен денсаулығыма зиян келді 

 

        • Шашыңызды күйдіріп алса;
        • Депиляция, эпиляциядан кейін теріңіз бүртіп кетсе;
        • Ерніңізді үлкейтеміз деп ісіріп жіберсе;
        • Денсаулығыңызға қандай да бір зиян келтірсе;

Дереу ауруханаға барып, емделіңіз. Кейін қандай залал келгені туралы медсараптама қорытындысын алыңыз. Зиян салондағы қызметтің кесірінен келгенін қосымша сараптама арқылы дәлелдеуге тура келуі мүмкін. Ақысын өзіңіз төлейсіз. Бірақ оны кейін наразылық хаты не сот арқылы салоннан талап етсеңіз болады. 

 

Ал қызмет көрсетуші экспертизаны өзіміз жасаймыз десе, ақысын өзі төлейді. Егер салонның еш кінәсі болмаса, бұл соманы сіз бересіз. Айтпақшы, бұл экспертизаға қатысуға қақыңыз бар. 

 

Маңызды: кей процедураның уақытша жағымсыз эффекті болуы мүмкін. Мысалы, қышқылды пилиңнен кейін бетіңіз бірнеше күн қызаруы, шашыңыздың реңкі біраз уақыттан кейін қалағаныңыздай болуы мүмкін. Мұны сізге шебер процедура алдында ескертуге тиіс. Білесіз деп айтпадық, бәрі біледі ғой деген жарамайды. Қызмет көрсетуші жұмысы туралы бар ақпаратты тұтынушыға айтуға міндетті. 

 

Тұтынушы құқығым бұзылғанда қайда жүгінсем болады?

 

Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі комитет:

 

 

Бізден сізге кеңес

 

Барар алдында салоныңыз сапалы қызмет көрсететіне көз жеткізіп алыңыз. Атын интернеттен іздеңіз. Бұрын денсаулыққа зиян келтіріп жанжалға іліккен жоқ па біліңіз, таныстарыңыздан сұраңыз. Әлеуметтік желідегі парақшасынан, 2gis және өзге де сайттардан жұрттың ол туралы пікірін оқып алыңыз. Танымал адамдар барып жүр деп салонға сенім арта бермеңіз. Олар ол жаққа көбіне тегін қызмет үшін барады. 

 

Салон қандай қызмет көрсетсе, соған қатысты барлық құжатты, маман мен шебер білікті екенін дәлелдейтін диплом, сертификат көрсетуді сұраңыз. Бұл — сіздің құқығыңыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

22/09/2021 13:16
4966 0

Уведомление