Рейс кідіріп жатса, қайткен жөн: Жолаушының ұшақта қандай құқығы бар?
Тұтынушы құқығы туралы сұрақтарға жауап береміз
Тұтынушы құқығы туралы материалдар топтамасын жалғастырамыз. Бүгінгі мақаламыз азаматтардың ұшақтағы құқығы жайында болмақ.
Ескерту: біздің жүк деп отырғанымыз — жолаушының заты. Заңда ол багаж деп жазылған. Шатастырып алмаңыз.
Рейсім кідіріп жатыр
Рейсіңіз билет алған авиакомпанияның кесірінен, мысалы, техникалық ақауға байланысты кідіріп жатса, мынандай құқығыңыз бар:
Рейс екі сағат кідіріп жатса:
-
-
-
-
-
- жеті жасқа дейінгі баласы бар анаға ана және бала бөлмесі беріледі;
- компания есебінен екі рет тегін қоңырау шала аласыз, шетелге соқсаңыз да болады, бірақ қоңыраудың жалпы ұзақтығы бес минуттан аспайды;
- салқындатқыш сусын беріледі.
-
-
-
-
Ұшақ төрт сағаттан астам ұшпай жатса, компания күндіз алты сағат, түнде сегіз сағат сайын ыстық ас-су беруге тиіс.
Күндізгі рейс сегіз сағат, түнгісі алты сағат кідіріп жатса, тасымалдаушы жолаушыларды қонақүйге тегін апарып, жайғастыруға міндетті.
Рейс он сағаттан аса кешігіп жатса, компания жолаушыларды жақын арада ұшатын ұшақпен билетте көрсетілген жеріне апаруға не билет құнын толық қайтаруға міндетті.
Маңызды: компания бұл қызметі үшін ешқандай ақы алмауға тиіс.
Одан бөлек, рейс кідіргені үшін компанияға айыппұл төлеуге міндеттей аласыз. Тасымалдаушы кідірген әр сағаты үшін билет құнының 3 %-ын қайтаруға тиіс. Бірақ айыппұл сомасы билет бағасынан аспауы керек.
Егер рейс кідіргенде ешбір қызмет көрсетілмесе, басқа жолаушылармен бірігіп, компаниядан өтемақы талап ете аласыз. Ол үшін әуелі компания өкіліне рейс кідіргені туралы белгі қойдырып алыңыз. Ас-су, қонақүй, транспорт ақысын өзіңіз төлегеніңізді дәлелдейтін чектерді сақтап қойыңыз.
Компания атына сотқа дейінгі шағым — наразылық хатын жіберіңіз. Оны табыс етілгені туралы хабарламасы бар пошта, электрон пошта арқылы жөнелте не қолма-қол тапсыра аласыз.
Компания ол хатқа он күн ішінде жауап беруге тиіс. Талабыңызды орындамаймыз десе, тұтынушы құқығын қорғайтын мемлекеттік органдарға, мысалы, Тұтынушы құқығын қорғау комитетіне не компания орналасқан ауданның азаматтық сотына барыңыз.
Өтемақы көлемін өзіңіз белгілейсіз. Компания ол соманы төлемеймін десе, мәселені сотта шешуге тура келеді.
Одан бөлек, қоғам бірлестіктеріне жүгінсеңіз болады:
- Ұлттық тұтынушылар лигасы;
- «Авантаж» тұтынушы құқығын қорғау қоғамы;
- «Адал» қоғам бірлестігі.
Олар сіздің атыңыздан тасымалдаушыға талап-арыз түсіреді.
Ұшақ мүлдем ұшпайтын болды
Онда компания басқа рейске билет алып беруге не билет құнын толық қайтаруға тиіс.
Маңызды: компания рейс кідіргенде не мүлдем орындалмайтыны белгілі болғанда өз міндетін атқармаса, оны әкімшілік жауапқа тартуға болады. Ол үшін тасымалдаушы орналасқан аудандағы сотқа барыңыз.
Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 567-бабына сай, кінәсі дәлелденсе компания 200 АЕК (583 400 теңге, 2021 жылы 1 АЕК = 2 917 теңге) айыппұл төлейді.
Билетім бар, бірақ компания бортта орын қалмады дейді
Билет алған кей жолаушы ұшаққа келмей қалатыны бар. Осыны ескеріп көптеген әуе компаниясы билеттерді артығымен сатады.
Бірақ рейске билет алғандардың барлығы келуі мүмкін. Сонда бірнеше адам ұшаққа сыймай қалады.
Компания сізге бортта орын қалмады десе, келтірілген шығынды өтеуді талап етіңіз.
Әуе компанияларына проблема қажет емес. Сондықтан олар сол жерден-ақ бар шығыныңызды өтеуі мүмкін, тіпті артығымен. Мысалы, басқа рейске билет алып береді, қонақүй, транспорт ақысын төлейді, түрлі бонус береді.
Бірақ сіз бұдан бас тартып, ақшалай өтемақы талап ете аласыз. Ол үшін билетіңізді сақтап қойыңыз. Кейін компанияға наразылық хатын жолдаңыз. Онда қанша талап ететініңізді жазыңыз.
Ұшақ тағамынан уланып қалдым
Әуелі жедел жәрдем шақырып немесе ауруханаға барып, емделіңіз. Бірінші байлық — денсаулық :)
Дәрігерге қайда барғаныңыз, не жегеніңізді бүге-шүгесіне дейін айтыңыз. Бұл бір жағынан өзіңізді емдеуге көмектеседі, бір жағынан медқызметкер айтқаныңызды медқорытындыға енгізеді.
Енді үш жолыңыз бар:
-
-
-
-
-
- Осы медқорытындыны, билет, отырғызу талонын алып, компания атына арыз жазсаңыз болады. Одан медициналық көмекке кеткен және басқа шығынды өтеуді талап ете аласыз.
- Егер талабыңызды орындамаса, бар дәлелді алып, санитария-эпидемиология қызметіне барыңыз. Ондағылар компанияға ішкі тексеріс жүргізеді. Қандай да бір ағаттық тауып жатса, соны сотта дәлел ретінде пайданала аласыз.
- Сотқа шағым жазыңыз. Онда қандай ұшақта тамақ ішіп уланғаныңызды, денсаулығыңызға қандай зияны болғанын көрсетіңіз, дәләлдеріңізді (билет, отырғызу талоны, медқорытынды, санэпидқызметінің қорытындысы және тағысын-тағы), компаниядан не талап ететініңізді (материалдық және моральдық өтемақы) жазыңыз.
-
-
-
-
Жүгім бүлінді
Бірден Lost and Found бөліміне барыңыз да, жүк бүлінгені туралы акт толтырыңыз. Бұл құжат жүгіңіз шынымен бүлінгенін дәлелдейді.
Сол актіні алып, компанияның әуежайдағы кеңсесіне барыңыз. Бүлінген жүгіңіздің ақысын төлеуді талап етіңіз. Ол үшін наразылық хатын (претензия) жазыңыз.
Онда аты-жөніңізді, рейс нөмірі, электрон поштаңызды, телефон нөміріңізді — бар ақпаратты көрсетіңіз. Қасына жаңағы актіні, билет, отырғызу талонын, жүгіңіздің биркасын (отырғызу талонына жабыстырылады) қоса беріңіз. Компания басқа да құжат сұрауы мүмкін.
Сонымен бірге хатта өтемақы мөлшерін жазыңыз. Мысалы, шабаданыңыз сынса, соның ақысын көрсетіңіз. Чегі болса тіпті жақсы.
Жалпы, компания не әуежай қызметкерлері сізге не істеу керегін өздері айтады.
Маңызды: компанияның жүк бүлінгені туралы талап-арызды қабылдау мерзімі болуы мүмкін. Сондықтан шаруаны жүкті алған бойда тындырған жөн.
Жүгім жоғалды
Мұндайда да дереу Lost and Found бөліміне барыңыз. Көрсетіңіз деген бар ақпаратты жазыңыз: аты-жөніңіз, рейс бағыты мен нөмірі, мекенжайыңыз, электрон поштаңыз, билет нөмірі.
Жоғалған шабадан не жүгіңізді, ішінде не барын сипаттап беріңіз.
Кейін сізге іздеуге берген арызыңыздың нөмірі мен жүк келмегені туралы акт береді. Сол нөмір арқылы затыңыз табылып-табылмағанын компания сайтынан не World tracer арқылы онлайн тексеріп отыра аласыз.
Жүгіңіз жоғалғанына компания кінәлі болса, оны тапқан бойда сізге тегін әкеп беруге, жүкті кешіктіріп әкелген әр күн үшін билет құнының 10 %-ын қайтаруға тиіс. Бірақ өтемақы көлемі билет ақысының жартысынан аспауы керек.
Егер жүк 21 күнде табылмаса, жоғалды деп есептеледі. Ал сіз компаниядан жүктің ақысы мен моральдық өтемақы төлеуді талап етіп, компания атына наразылық хатын жазасыз.
Компания талабыңызды орындамай жатса, ол орналасқан аудандағы азаматтық сотқа не жоғарыда көрсеткен қоғам бірлестіктеріне барыңыз.
Ит-мысығыммен бірге ұша аламын ба?
Компания келісім берсе, иә, ұша аласыз. Оларға хабарласып, жануар тасымалдауға қандай құжат қажет екенін біліп алыңыз.
Үй жануарын ауа баратын торға салып апаруыңыз, астына су өткізбейтін әрі сіңіргіш материал төсеуіңіз керек. Ал құс торын жарық өткізбейтін матамен жауып қоясыз.
Құс, жануарыңыз тегін жеткізілмейді. Сондықтан қосымша ақы төлейсіз.
Зағиптарға ілесіп жүретін иттер тегін, жолаушылар бортында тасымалданады. Бірақ оның қарғыбауы мен тұмылдырығы болуы керек, ал өзі иесінің қасында отыруға тиіс.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.