Сізді біреу алып қашса, не істеу керек?

masa нұсқаулығы


26/02/2021
11:56 6579 0

Бас прокуратураның мәліметінше, 2020 жылдың 11 айы 60 553 рет  әйелге қарсы құқық бұзылған.  Оның 23-і — адам ұрлау. Бұл — тек ресми мәлімет. Көбінесе қыз алып қашуға қатысты қылмыстық істер тіркелмейді. Себебі жәбірленгендер полицияға шағымданбайды: үйленуге келіседі не болған жағдайды ұмытып, кешіре салады. Осыны пайдаланатын адамдар қыз алып қашып, отбасын құруға психологиялық және физикалық тұрғыдан мәжбүрлейді. 

 

masa.media редакциясы осындай жағдайға тап болғанда не істеу керегін анықтады. 

 

Барынша сабыр сақтауға тырысыңыз

 

Әрине, мұндай жағдайда эмоцияға берілмеу мүмкін емес, бірақ қорқыныш пен үрейге бой алдырмауға тырысыңыз. 

 

«Ұрлаған адам мен ұрланған адамның психологиясы екі түрлі болады. Ұрлаған адам өзіне сенімді, өзін басқа адамның өмірін басқарушы тәрізді сезінеді. Сол себепті мұндай жағдайда ұрланған адам қорқып тұрғанын, қауқарсыз екенін көрсетпегені абзал. Керісінше, өз-өзіне сенімді, мықты екенін көрсету керек», — дейді психолог Анаргүл Ибраимбекова.

 

Әрдайым есіңізде болсын: Адамның жеке өміріне қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ. Конституцияға сай мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы.  Бұл әрқайсымызға туғаннан берілген абсолют құқық, ешкім бізді олардан айыра алмайды (12-бап). 

 

102 нөмірін теріп, полицияға хабарласыңыз. Адам ұрлау — бұл қылмыс

 

«Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша сізді алып қашқан адам төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Кәмелетке толмаған адамды ұрлаған адамның мүлкі тәркіленеді не 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бірнеше адам бірігіп, топ болып ұрласа, олардың әрқайсы тиісті жазасын алады», — дейді қылмыстық істер адвокаты Назерке Ризабекова.

 

«Егер де жергілікті полиция басқармасы бұл іске немқұрайлы қарайтын болса, онда сол өңірдің прокуратурасына шағымданып,  істі әрі қарай өрбітуге болады. Жәбірленушінің өзінен бөлек, өзге туыстары, танысы не куәгерлер де полицияға шағымдана алады. Бастысы қорықпай, бастаған істі соңына дейін жеткізу керек», — дейді заңгер Әлнұр Кішкенебаева.

 

Ешқашан берілмеңіз

 

Алып қашырылған қыздардың әңгімесін тыңдасаңыз, полиция қылмыстық істі қозғамай, мәселені өзара келісіп шешуге тырысады. Кейде ата-анасы да мұндай некеге қарсылығын білдірмей, жылап хабарласқан қызына «қайда барасың, қала сал» деп көндіреді. Сөйтіп полицияға, жақындарына сенген қыздың амалы таусылып, көнуіне тура келеді. Ешқашан өз өміріңіз үшін күресуден шаршамаңыз, соңына дейін берілмеңіз. Біреуі болмаса, екіншісі сізге міндетті түрде көмектеседі:

 

150 – бірыңғай ұлттық сенім телефонына хабарласыңыз не 8 (708) 106–08–10 WhatsApp нөміріне жазыңыз;

 

8 (747) 359–64–98 — «Феминита» феминистік бастама;

 

8 (705) 151–00–00 — «Немолчи.Kz»  және тағы басқа қоғамдық ұйымдар мен дағдарыс орталықтары сізге құқық, психология және қаржы жағынан қызмет көрсетуге дайын. Тегін заңгермен кеңесуге, психологпен ақылдасуға, жатар орын табуға болады. Тек хабарлассаңыз болды. 

 

Кемпірдің құлап көндіруі қазақтың дәстүрі емес

 

Қыз алып қашқанда үлкендер араға түсіп, кемпірлер жерге құлап, «мені аттап өтсең, бақытсыз боласың» деп мораліңіз бен психилогияңызға қысым жасайды. Бұл дәстүр емес. Дәстүр болса да, бұл сіз алып қашуға көнуге тиіс деген сөз емес. 

 

«Қазақ бір рет көрген қызды алып қашып, зорлап, мәжбүрлеп үйлендірмеген. Кемпір құлап, оның белінен аттаса “жаман болады, жолы болмайды” дегенді кейінгілер шығарып алған. Қазақтың дәстүрінде мұндай жаман салт, әдет жоқ, болған емес», — дейді этнограф Болат Бопай. 

 

Жолым болмайды демеңіз

 

«Кейін бақытсыз күй кешіп, жалғыз қаламын, ұят болады» деп жаман ойға берілмеңіз. Өзіңізді наным-сенім, ырымға сендірмеңіз. Есіңізде болсын, алып қашу — қылмыс. Психологтың айтуынша, ертең ұят болады деп некелесуге көнген қыздардың көпшілігі осы таңдауына әлі күнге дейін өкінеді. 

 

«Негатив ойға берілмей, шешіміңізге сенімді болу қажет. Ырымға сену — бұл психология тұрғыдан өз-өзіңді бұл жағдайдың кейін зардабы болады деген жаман ойға сендіру. Сол себепті қандай жағдай болмасын жаман ойламау керек», — дейді Ибраимбекова.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

26/02/2021 11:56
6579 0

Уведомление