Адамзатқа қарсы қылмыс деген не? Жай қылмыстардан қандай айырмасы бар?

Халықаралық құқықта адамзатқа қарсы қылмыс (ағылшынша crimes against humanity) деп азаматтарды әдейі, жүйелі түрде қырып-жою, зорлық-зомбылық жасау, адам құқығын өрескел бұзуды айтады.




Бұл ұғым халықаралық құқықта алғаш рет 1915 жылы пайда болды. Ол кезде Антанта елдері — Ресей, Ұлыбритания мен Франция бірігіп жасаған Декларациясында Осман империясының армяндарды жаппай өлтіруін «адамзат пен өркениетке қарсы қылмыс» деп сынға алды.

Термин кейін 1945 жылы Халықаралық әскери трибунал жарғысына енді. Ол сотта антихитлер коалиция елдері нацистерді соттады.

Қазір Халықаралық қылмыстық соттың Рим қаулысында адамзатқа қарсы қылмыс деп мыналарды айтады: 

а) кісі өлтіру; 

b) қырып-жою не геноцид; 

c) құлдыққа салу;

d) депортация не халықты қоныс аударуға мәжбүрлеу;

e) халықаралық құқық нормаларын бұза отырып түрмеге қамау не өзге де қатігездікпен бас бостандығынан айыру;

f) азаптау;

g) зорлау, секс құлдыққа салу, секс қызметке, жүкті болуға мәжбүрлеу, мәжбүрлі стерилизация не жыныстық зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері; 

h) қандай да бір топты саяси көзқарас, нәсіл, ұлт, этнос, мәдениет, дін, жынысына бола қудалау; 

i) күштеп жоқ қылып жіберу; 

j) апартеид;

k) адамгершілікке жат басқа да әрекеттер, қасақана психикалық не физикалық зиян келтіру. 

Жай қылмыстардан қандай айырмасы бар? 

Айырмашылығы — адамзатқа қарсы қылмыс жүйелі түрде жасалып отырады. Одан бір емес, бірнеше ондаған, жүздеген және мыңдаған адам зардап шегеді. Әдетте олардың ұлты, діні, жынысы, саяси көзқарасы бір болады. 

Адамзатқа қарсы қылмысқа жарқын мысал: нацистердің 6 миллион жебірейді, Осман империясының 1 миллион армянды қырып-жоюы, Руандадағы хутулардың 800 мың тутсиді өлтіруі, Оңтүстік Африка Республикасындағы апартеид саясаты — билік мыңдаған қара нәсілдіні ақ нәсілділерден бөлек арнайы аудандарда тұруға мәжбүрледі.

Адамзатқа қарсы қылмыс жасағандар қалай жазаланады? 

Қылмыскерлер ұсталса, халықаралық сотта сотталады. Мысалы, БҰҰ Халықаралық қылмыстық соты, Халықаралық соты. Кейде уақытша трибунал не сот құрылады. Мәселен, Нюрнберг әскери трибуналы, бұрынғы Югославия бойынша халықаралық трибунал. 

Қылмыскерлер әдетте өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бірақ 1946 жылы Нюрнберг әскери трибуналы 12 нацисті өлім жазасына кесті.

2017 жылы Халықаралық сот бұрынғы Босния генералы Ратко Младичті 1995 жылы Сребреницада 7 мыңнан астам Босния мұсылманын қырды, тұтқындар мен кепіл ретінде қамалған БҰҰ бітімгерлерін азаптады деп мәңгіге түрмеге жапты.

Біз бұрын халықаралық сот туралы бар білгенімізді жазып шыққанбыз. Оқи отырыңыз.


24/06/2021 14:46 5047 0

24/06/2021
14:46 5047 0

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление