Постқа бола жазаланбау үшін не істеу керек?

Осы сұрақты заңгер Джохар Өтебеков пен «Құқықтық медиа-орталықтың» директоры Диана Окремоваға қойдық


09/10/2020
11:03 3480 0

Интернет, әсіресе әлеуметтік желілер — кез келген нәрсеге қатысты пікіріңізді емін-еркін айта алатын алаң. Бірақ кей адам сөзіне ие болмай, заңға қайшы пікір, пост жазып жатады. Сол үшін айыппұл төлейді, одан қалса, түрмеге қамалады. 

 

Пост үшін жазаға тартылмау үшін не істеу керек? Неден сақ болу керек? Бірінші кеңес — нені жариялауға болмайтынын білу қажет.

 

ПОСТ ЖАЗҒАНДА, МЕНІ НЕ ҮШІН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖАУАПҚА ТАРТУЫ МҮМКІН? 

 

Жала жабу (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы) — адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату, мысалы, адамға «ауыр не аса ауыр қылмыс жасады, пара алды немесе берді» деп жала жабу. 

 

Жазасы: 750 АЕК-ке (2020 жылы бұл — 1,7 миллион теңге шамасы) дейінгі көлемде айыппұл не 30 күнге дейін қамау.

 

Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық, діни алауыздықты қоздыру (Қылмыстық кодексі 174-1-бабы) — адамды ұлты, руы, нәсілі, тегі мен діні бойынша қорлайтын іс-әрекет. 

 

Жазасы: 2 мың АЕК-ке (2020 жылы бұл — 5,5 миллион теңге шамасы) дейінгі көлемде айыппұл не бас бостандығын жеті жылға шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру. 

 

Сепаратистік әрекет (ҚК-ның 180-1-бабы) — Қазақстанның тұтастығын бұзуды насихаттау. Мысалы, 2015 жылы Риддерде тұратын блогер «Вконтакте-дегі» «Подслушано в Риддере» қауымдастығында біреуге «Риддерде дауыс беру болса, не болар еді, елестетіп көрейік» атты жазбаны жариялауға рұқсат берген еді. Онда «Риддердің Ресей құрамына кіргенін жақтайсыз ба, жоқ па?» деген сауалнама өткізілген. Сол үшін блогер «Қазақстанның тұтастығын бұзуға үгіттеді» деп бес жылға сотталды.

 

Жазасы: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 

 

Терроризмді насихаттау (ҚК 256-2-бабы) — терроризм актін жасауға үгіттеу, соның ішінде тыйым салынған террористік материалдарды жариялау. Нені жариялауға болмайтынын мына жерден қарай аласыз. 

 

Джохар Өтебеков: «Сіз жариялаған материал тізімге кірмесе де, бұл сізді кей кезде соттан құтқара алмайды». 

 


 

Терроризм — қоғамдағы тәртіпті бұзу, халықты үркіту, меморгандардың шешіміне ықпал ету, елдердің арасына іріткі салу үшін жасалған адамдар өміріне қауіп төндіретін жарылыс, өрт және тағы басқасы. 

 


 

Жазасы:  7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қосымша мүлік тәркілеу. 

 

Әдейі жалған ақпарат тарату (ҚК 274-2-3-бабы) — қоғамда тәртіп бұзуға (мысалы, төбелес), адамдар мен компаниялардың мүддесіне елеулі зиян келтіретін жалған ақпарат тарату. 

 


 

Елеулі зиян келтіру — адам мен ұйымдардың Конституцияда жазылған құқықтарын бұзу, ұйымдар мен мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіру, әскери шараларды болдырмау және тағы басқасы. 

 


 

Жазасы: 3 мың АЕК-ке (2020 жылы бұл — 8,3 миллион теңге шамасы) дейін айыппұл төлету не 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа салу я бас бостандығын 3 жылға дейін шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру. 

 

Қорлау  — адамның, соның ішінде билік өкілінің, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту, яғни боқтау. Қандай сөз боқтауға жататыны заңда жазылмаған. Қайсы адамды қорлау болатынын сот шешеді. Сол үшін бірнеше сарапшы жалдайды. Мысалы, лиңвист.

 

Бұл бап туралы мына жерден толығырақ оқыңыз

 

Соғыс ашуға үгіттеу (ҚК 161-2-бабы). 

 

Жазасы: 3 жылдан 7 жылға дейін түрмеге қамау, белгілі бір қызметте жұмыс істеуге 3 жылға дейін тыйым салу. 

 

Басқа біреудің жеке өміріне қатысты мәліметті не отбасы құпиясын рұқсатсыз жариялау (ҚК 147-4-бабы). 

 

Жазасы: 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 

 

Билікті басып алуға үгіттеу (ҚК 179-бабы). 

 

Жазасы: 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамау. 

 

 

МҰНДАЙ ІСТЕР ҚАЛАЙ ҚОЗҒАЛАДЫ? БІРЕУДІҢ АРЫЗЫ БОЙЫНША МА, МОНИТОРИҢ НӘТИЖЕСІНДЕ МЕ? 

 

Заңгер Джохар Өтебеков:

 

«Билік өкілінен басқа адамды қорлау туралы қылмыстық іс тек арыз бойынша қозғалады. Жоғарыда айтылған қалған қылмыстар бойынша істі құқық қорғау органдары шағымға қарап та, онсыз да бастай алады». 

 

«Құқықтық медиа-орталық» қорының директоры Диана Окремованың айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде мониториң орталығы бар. Ол Қазнеттегі бүкіл әрекетті бақылап, құқыққа қайшы жайт болса, өкілетті органдарға шағым жасап отырады. 

 

ПОСТ, ЛАЙК Я ПІКІР ЗАҢДЫ БҰЗАДЫ ДЕП КІМ ШЕШЕДІ?

 

Сот. 

 

Джохар Өтебековтің пікірнше, сот үкімін көбіне сот сарапшылары мен лиңвист, психолог, дінтанушы, саясаттанушы сияқты басқа да мамандардың сенімсіз қорытындысына жүгініп шығарады. 

 

Диана Окремова да «сот шақыратын сарапшылардың құзыреті күмән тудырады» дейді. 

 

— Постың экстремистік сипаты бар-жоғын анықтау үшін білікті мамандар шақырылады. Бірақ, халықаралық сарапшылардың пікірінше, постың экстремистік мәнін анықтау үшін сот мамандар шақыратын болса, демек, ол поста экстремизм деуге болатын ешнәрсе жоқ, — дейді ол. 

 

Ал лайк үшін Қазақстанда жауапқа тартпайды. 

 

ЕСКІ ПОСТЫМ ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫМ МҮМКІН БЕ? 

 

Джохар Өтебеков:

 

«Иә. Әр бап бойынша постың ескіру мерзімі әртүрлі. Мысалы, адамға жала жапқан постыңыз үшін ең көп дегенде екі айдан, ал біреуді қорлаған жазбаңыз үшін бір жылдан кейін де жазалануыңыз мүмкін. Қалған қылмыстар бойынша ескіру мерзімі ұзағырақ».  

 

ЖАЗБАМДЫ ФЕЙК АККАУНТЫМНАН ЖАРИЯЛАДЫМ. ЖАЗАДАН ЖАЛТАРА АЛАМ БА?

 

Құқық қорғау органы не айыптаушы тарап сол посты сіз жазғаныңызды дәлелдесе, жазадан жалтара алмайсыз. 

 

ПОСТЫМА БОЛА ЖАЗАЛАНБАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМ КЕРЕК?

 

Диана Окремова:

 

«Әр сөзіңізге абай болыңыз. Зорлық-зомбылыққа, терроризмге, елдің тұтастығын бұзуға үгіттемеңіз. Біреуді, әсіресе билік өкілін қорлайтын сөз жазбаңыз. Ешкімді боқтамаңыз. Арандататын, жалған мәлімет таратпаңыз». 

 

МЕНІҢ ҮСТІМНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ. НЕ ІСТЕГЕНІМ ЖӨН?

 

Сізді полиция бөлімшесіне түсініктеме беру үшін алып кетеді. Онда адвокат келгенше тіс жармай отырыңыз. 

 

Қорғаушыны іс қозғалғанын білген бойда дереу жалдаңыз. Ол істің басынан соңына дейін болғаны жақсы. Себебі ол құқығыңыздың бұзылған-бұзылмағанын қадағалап, қалай әрекет ету керек екенін айтып отырады. Оның қызметіне қаражатым жоқ десеңіз, сізге мемлекеттік адвокат тағайындауы мүмкін. Десе де, адвокат тәуелсіз болғаны жөн. 

 

Джохар Өтебеков мынадай кеңес береді: «Егер билік “құқығымды бұзды” десеңіз, жағдайыңызды қоғам талқысына салыңыз. Бұл құқық қорғау органдарының бассыздығынан қорғауы мүмкін»

 

Үйіңізді тінтуі мүмкін. Бұған да дайын болыңыз. 

 

Постыңыз заңға қайшы ма, жоқ па, оны анықтау үшін сот сарапшылар тағайындайды: саясаттанушы, лиңвист, дінтанушы және тағы басқа. Оған қарамай өзіңіз тәуелсіз сараптама жасата аласыз. Ол үшін тәуелсіз сот сарапшысын жалдаңыз (ондай мамандар туралы ақпарат интернетте толып тұр) немесе оны мемлекеттік сараптамаға қосуды адвокатыңыздан өтіңіз. 

 

Жай маманды таңдауыңызға да болады, бірақ оның сотқа ұйғарым беріп, сотта сөз сөйлеп үйренген адам болғаны жақсы. 

 

— Өкінішке қарай, соттар көбіне мемлекеттік сарапшылардың қорытындысына сүйенеді. Дегенмен тәуелсіз сараптама жасатқан жөн. Бұл қорғануға жәрдем беріп қалуы мүмкін, — дейді Өтебеков. 

 

СОТ МЕНІ КІНӘЛІ ДЕП ТАПТЫ. ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ? 

 

Жоғарыда көрсетілген баптар бойынша айыппұл төлеп, түрмеге қамалуыңыз немесе белгілі бір қызметте істей алмауыңыз мүмкін. Сонымен бірге сот пост жазған техникаңызды (телефон, компьютер және тағы басқа) тәркілеуі мүмкін.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова 

Поделиться

Нет комментариев.

09/10/2020 11:03
3480 0

Уведомление