Мені әскерге шақырып жатыр. Не істеуім керек?

masa нұсқаулығы


18/03/2021
12:10 12767 1

Жыл сайын Қазақстанда 35 мың ер адам әскерге шақырылады. Әскери комиссариаттан шақыру алсаңыз, не істеу керек, әскерге бармасаңыз бола ма — әскерге шақырылғандар жиі қоятын сұрақтарға жауап бердік.  

 

ӘСКЕРГЕ КІМДЕРДІ ШАҚЫРАДЫ?

 

Әскерге баруды шегере не одан босай алмайтын 18–27 жастағы ер адамдарды. 

 

ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ? 

 

Әскери комиссариатқа шақырылғаныңыз туралы хат тек өзіңізге берілуге тиіс. 

 

Егер оны ата-анаңыз, достарыңыз, көршілеріңіз не пошта арқылы алсаңыз, оның заңды күші болмайды. Қоңырау шалып хабарлау да шақыруға жатпайды. 

 

ӘСКЕРИ КОМИССАРИАТҚА ШАҚЫРЫЛДЫМ. БАРМАСАМ БОЛА МА?

 

Қатты ауырып жүрген болсаңыз, жақын туысыңыз қайтыс болса не қатты сырқаттанып қалса, табиғи апатқа ұшырасаңыз, иә, бармауға болады. Бірақ келе алмайтыныңызды құжатпен дәлелдеуіңіз керек. 

 

Комиссариатқа басқа себепке байланысты бармасаңыз, 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл төлейсіз.

 

ӘСКЕРИ КОМИССАРИАТТАҒЫЛАР ШАҚЫРУ ҚАҒАЗЫН БЕРДІ ДЕ, МЕНІ АЛЫП КЕТТІ. МҰНЫСЫ ЗАҢДЫ МА?

 

Шақыру хаты әскери комиссариатқа қашан келуіңіз керек, соған екі жұмыс күні қалғанда берілуге тиіс

 

Ешкім сізді еркіңізден тыс алып кете алмайды. Алып кетсе, оларды өзіңізді ұрлап, ұстағаны үшін Қылмыстық кодекстің 414-бабымен соттай аласыз. 

 

МЕНІ ӘСКЕРИ КОМИССАРИАТҚА КӨШЕДЕН ҰСТАП АЛЫП КЕТТІ. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Бұл — адам ұрлау, өз билігін асыра пайдалану. «112» не «102» нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырыңыз. 

 

ӘСКЕРГЕ БАРУДАН БАС ТАРТҚАНЫМ ҮШІН ҮСТІМНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Мұны болдырмау үшін өз еркіңізбен әскери комиссариатқа барыңыз. Әйтпесе, әскери қызметтен жалтарғаныңыз үшін Қылмыстық кодекстің 387-бабына сай 1 мың АЕК (2 917 000 теңге) айыппұл төлейсіз не түзеу жұмыстарына жегілесіз не бір жылға дейін түрмеге қамаласыз

 

Әскерге бармау үшін денсаулығыңызға қасақана зиян келтірсеңіз, өтірік ауырып қалсаңыз, жалған құжат жасатсаңыз, жазаңыз арта түседі: 3 мың АЕК-ке дейін (8 751 000 теңге) айыппұл төлейсіз, түзеу жұмыстарына жегілесіз, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істейсіз не үш жылға дейін бас бостандығынан айырыласыз. 

 

ӘСКЕРИ КОМИССАРИАТ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒУҒА ТЫЙЫМ САЛА АЛА МА?

 

Жоқ. Бірақ әскери қызметтен қашқаныңыз үшін үстіңізден қылмыстық іс қозғалса, Ішкі істер министрлігі сізден шет елге бармау жөнінде қолхат ала алады. 

 

ӘСКЕРДЕН ҚАЛАЙ БОСАУҒА БОЛАДЫ?

 

Егер: 

 

            • Денсаулығыңыздың кесірінен әскерге жарамсыз болсаңыз;
            • Басқа елде әскери не соған ұқсас қызметтен өтсеңіз; 
            • Әскери институт бітірсеңіз; 
            • Тіркелген діни бірлестіктің діни қызметкері болсаңыз;
            • 27 жастан ассаңыз, әскерден босатыласыз. 

 

Әскерде жүргенде жақыңыз қайтыс болса не бірінші не екінші топтағы мүгедектік алса, қызметтен босатыласыз.  

 

ӘСКЕРГЕ ӘЗІРГЕ БАРА АЛМАЙМЫН. НЕ ІСТЕЙМІН? 

 

Әскерге баруыңызды кейінге шегерту қажет. Ол үшін аудандық шақыру комиссиясынан рұқсат аласыз. Шегертуге отбасындағы жағдай, білім алып жатқаныңыз, денсаулығыңыз бен мамандығыңыз себеп бола алады. 

 

Отбасындағы жағдай деп отырғанымыз мыналар:

 

            • Үйленген болсаңыз, бір не одан да көп балаңыз болса;
            • Балаңызды жалғыз өзіңіз тәрбиелеп отырсаңыз; 
            • Әке-шешесі бала тәрбиелеу құқығынан айырылған не түрмеде отырған баланы кемінде екі жыл бағып отырсаңыз; 
            • Біреудің көмегіне мұқтаж, үкіметтен не қамқоршыдан жәрдем алмайтын жақын туысыңызды бағып отырсаңыз. Бұл туысыңыз зейнетке шыққан әже-атаңыз не бірінші я екінші топтағы мүгедектігі бар адам болуы мүмкін.
            • Отбасыңызда жалғыз ер адам болсаңыз және мүгедектігі бар жақыныңыз болса. 

 

Әскерге баруды коллеж не университетте күндіз оқитын студенттер шегере алады. 

Денсаулығыңыздың кесірінен әскерге бара алмасаңыз, оны бір жылға дейін кейінге қалдыра аласыз. Аурулар тізімі қорғаныс министрінің қызметке қойылатын талаптар туралы бұйрығында көрсетілген.

Мына мамандар да әскери қызметін кейінге қалдыра алады:

            • Педагог;
            • Дәрігер;
            • Парламент немесе мәслихат депутаты;
            • Азаматтық ұшу экипажының мүшесі, авиация инженері не механигі;
            • Теңіз кемесі экипажының мүшесі.

Тергеліп не сотталып жатқан адамдар да әскерге бара алмайды. 

ШАҚЫРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ШЕШІМІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒА АЛАМЫН БА?

Иә, аудандық шақыру комиссиясының шешіміне келіспесеңіз, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясына не сотқа шағымдануға болады. Екі инстанцияға бір уақытта өтініш берген жөн. Олар арызыңызды қарап, шешім шығармайынша ауданның шақыру комиссиясының шешімі тоқтатылады.  

МЕН 27 ЖАСҚА ДЕЙІН ШАҚЫРУ АЛМАДЫМ. ӘСКЕРИ БИЛЕТ АЛА АЛАМ БА?

 

Иә, бірақ әуелі әскери комиссариатқа неге келмегеніңізді түсіндіріп хат жазуыңыз керек. Ондағылар түсіндірмеге қарап, сізге айыппұл салып-салмайтынын шешеді.

 

Егер 27 жасқа толғанша қызметті шегермей әскери комиссариатқа келмесеңіз, сізге 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Ал бармағаныңыздың нақты себебі болса, айыппұл салынбауға тиіс. 

 

Әскери билет деген — әскерде болғандарға берілетін құжат. Оны олар соғыс жағдайы енгізілгенде әскери комиссиратта көрсетеді. Әскери билетте адамның әскери мамандығы көрсетіледі. 

 

Бейбіт уақытта бұл құжатты негізінен жұмыс берушілер сұрайды.

 

ӘСКЕРИ КОМИССАРИАТТАҒЫЛАР КЕЛЕСІ ШАҚЫРУДАН БАСТАП ҚЫЗМЕТ МЕРЗІМІ 1 ЖЫЛ 8 АЙ БОЛАДЫ ДЕП АЙТТЫ. ОСЫ РАС ПА? 

 

Жоқ. Қорғаныс министрлігі қызмет мерзімін ұзартқан дұрыс емес дейді, әйтпесе, әскерге шақырылатындар аз болады. Әскери комиссариат қызметкерлері таратқан қауесетке сенбеңіз. Қызмет тура бір жылға созылады.

 

МЕН — ПАЦИФИСПІН. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТЕН БАС ТАРТА АЛАМЫН БА?

Жоқ.

БҰҰ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қол қойған елдерді азаматтарына әскери қызметтен саяси көзқарасына қарап бас тарту құқығын беруге үндейді. Бірақ Қазақстан мұны елемей отыр. 

Басқа елдерде әскерге барудан бас тартқан Ехоба куәгерлері қылмыстық жауапқа тартылады. Ал бізде бұл діни бірлестіктің діни қызметкерлері әскерге бармаса болады

ӘСКЕРГЕ КЕТІП ҚАЛСАМ, ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛАМ БА?

Жоқ. Медкомиссиядан өтіп жатсаңыз, жұмыстан шығарылмайсыз, жалақыңыз да сақталады. Ал әскерге кетсеңіз, тек жұмысыңызды сақтап қаласыз. 

БАНКІГЕ ТӨЛЕЙТІН НЕСИЕМ БАР. ӘСКЕРГЕ КЕТСЕМ, ОНЫ КЕЙІН ТӨЛЕСЕМ БОЛА МА? 

Жоқ. Заңнамада бұған қатысты ештеңе айтылмаған. Дұрысы — банкіге несиені кешіктіріп төлейтініңізді ескертіп, кейін өтеуге рұқсат сұраңыз.

СОТТАЛЫП, ЖАЗАМДЫ ӘЛІ ӨТЕМЕДІМ. ӘСКЕРГЕ БАРА АЛАМ БА?

Жоқ. Жазаңызды қашан өтеп боласыз, содан кейін ғана әскерге шақырыласыз.  

Жаңа айтқанымыздай, тергеуге алынған не сотталып жатқан адамдар қызметті кейінге қалдыра алады.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться
Оразалы 20/10/2021 16:26
Мен армияга баргым келмеиды.окып былымымды жогарылатамын оным дурыспа.отбасымда жалгыз менмын 18ге толган
Ответить
0 0
18/03/2021 12:10
12767 1

Уведомление