Қазақстанда сайлау күні белсенділер митиңге шығып жатыр. Кейбірін полиция ұстап әкетті

Наразалық Алматы мен Астанада өтіп жатыр


10/01/2021
15:33 47257 0

Фото: mediazona.ca

 

Алматы мен Астанада (Нұр-Сұлтан) Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға бойкот жариялап, митиңге шығып жатыр. Олардың арасында тіркелмеген Демократия партиясы жақтастары мен Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшелері бар. 

 

Алматыда наразылық үш жерде өтіп жатыр: «Республика», «Астана» алаңдары мен Сәтпаев-Достық қиылысында. 

 

Олардың барлығын полиция қоршап алып, бір-бірімен біріктірмей тұр. «Республика» алаңында тұрған белсенділер өздерін біреулер арандатып жүр дейді: бірі митиңге қатысушылармен сөзге келген, кейбірі музыканы бақыртып қойып, наразылардың дауысын баспақ, ал кейбірі қатысушылардың баннерлерін тартып алмақ болған. 

 

Кейін полиция шеңбер ішінде қалып қойған топқа бет алғандарды ұстап әкетті. Vласть хабарлауынша, кемінде 30 адам ұсталған. 

 

«Астана» алаңында митиңге шыққандар қоршауды бұзып өтпек болғанда оларды арнайы жасақ ұстай бастады. Vласть дегерінше, 30–40 шақты адам ұсталған. 

 

Сәтпаев-Достық қиылысында полиция қоршауында қалған Айнұр Нұрманованың төбесіне мұз құлаған. Сондағы наразылардың айтуынша, полиция жедел жәрдем шақырудан бас тартқан. Дәрігерлерді белсенділердің өздері шақырған. Қазір Нұрманованың жағдайы қалыпты екен.

 

Митиң өтіп жатқан жерлерде интернет пен телефон желісі істемейді. 

 

Астанада (Нұр-Сұлтан) полиция «Жастар» сарайы маңына жиналмақ болған бес адамды ұстап әкетті. 

 

Тәуелсіз бақылаушылар сайлау комиссиялары өздерін учаскелерге кіргізбей жатқанын хабарлады. Сайлауды бақылай алмаған «Ел дауысы» қоғамдық қоры бақылаушылары көшеге шықты. 


— Учаскелерге кіре алмаған «Ел дауысы» қоғамдық қоры бақылаушылары қолына балама дауыс беру сайты dauys-2021.kz жазылған папка алып, көшеге шықты, — деп блогер Аида Жексен хабарлады.

Поделиться

Нет комментариев.

10/01/2021 15:33
47257 0

Уведомление