Adal («Бiрлiк») партиясы: интернетті елемеу, бірігу мен ребрендиңге құштарлық

Мәжіліске сайлау қарсаңында Қазақстанның саяси партиялары туралы айтып береміз


14/12/2020
12:14 10167 0

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Бізде сайлау партия тізімі бойынша өтеді: сайлаушы өз дауысын жеке үміткерге емес, партияға бере алады. 

 

Осыған орай біз сайлаушыларға Қазақстанда қандай партиялар бар екенін айтып береміз. Өткенде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл» және «Ақ жол» партиялары мен Қазақстанның халық партиясы туралы жаздық. Бұл жолы ADAL партиясы туралы сөз қозғаймыз. 

 


 

ДИСКЛЕЙМЕР: masa.media редакциясы ешқандай партияға жақтас емес және үгіт-насихат бар материалдар жарияламайды. Оқырмандарымызға сайлау, партия және саясат туралы мақалалар мен жаңалықтарды тек ақпарат ретінде береміз.

 


Идеологиясы: партия әлеуметтік реформалар мен «әділет, биліктің есеп беруі мен бизнестің бәсекелесе алу қағидаларына сүйене отырып қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуды» жақтайды

Құрылған жылы: 2013.

Сайлауларда жинаған дауысы: 2016 жылы 0,29 % дауыс жинап, парламентке өте алмады (заң шығарушы органға өту үшін кемінде 7 % дауыс жинау қажет). Партия 2015 және 2019 жылдардағы президент сайлауға кандидат ұсынған жоқ. 

Қанша адам мүше: ол туралы нақты ақпарат жоқ. Кейбір дерекке сүйенсек,  партияға 53 мың, ал кей ақпарат көздерінде 140 мың адам мүше деп жазылған.

Төрағасы: құрметті құрылысшы, Қазақстан сәулетшілері одағының мүшесі Серік Сұлтанғали.   

Танымал мүшелері: тележүргізуші Мақсат Толықбай, ММА күрескері Ардақ Назаров, бизнес-тренер Ғани Абадан, Shopan-ata қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Ұсынған заңдар жобасы: жоқ, өйткені партия парламентке өтіп көрмеді.

«Бiрлiк» партиясы 2013 жылы «Әділет» және «Руханият» партияларының бірлесуінен пайда болды. 

— Бұл партия осы екі оң факторды тиімді қолданады деп үміттенемін. Біріншісі: руханиятты жандандырған, әсіресе ауылдардағы жастарды қолдағаны «Руханият» партиясы. Екінішісі: заң жағынан мықты қолдау берген «Әділет», — деді партия төрағасы Серік Сұлтанғали.

2016 жылы «Бiрлiк» партиясының сайлауалды науқаны «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» деп аталды. Партия өз бағдарламасында әлеуметтік өзгерістерді қолдап, экологияға баса назар аударып, қазіргі үкімет саясатын қолдайтынын атап өтті.

— Біздің саясат президенттің ел тағдырын құру бүкіл халықпен бірге құру туралы үндеуімен тұспа-тұс келеді, — делінген бағдарламада.

2016 жылғы сайлауда партия 0,29 % дауыс жинап, Мәжіліске өтпеді. Сайлаудан кейін партия белсенді болмады: тіпті ол туралы ешкім ештеңе естімеген еді.

2020 жылғы наурызда «Бірлік» партиясы «Ауыл» партиясына бірігуді ұсынған еді. Бірақ «Ауыл» «Бірліктің» жеткілікті түрде саяси белсенді емесін айтып, бірігуден бас тартты.

2020 жылғы қарашаның басында партия съезд өткізіп, енді ADAL (Адал) деп аталатынын хабарлады. Партия төрағасының айтуынша, мұның себебі —  қоғамның әділетке сұранысы көп. 

 

Фото: oqu.news

— Қазірдің өзінде жетілген партия ретінде күшімізді сезініп, барлық саяси шараға қатысуға дайынбыз. Біздің партияның ұстанымы — сайлаушылар мен халыққа бос уәде бермеу, — деді Серік Сұлтанғали.  

Осы уақытқа дейін партияның жұмыс істейтін сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшасы болмаған. Ребрендиңден кейін 19 қарашада ADAL өз сайтын іске қосты

Партияның қазіргі сайлауалды бағдарламасында: 

 

Қазақстан 30 жыл ішінде дамудың нақты векторына ие егемен әрі тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Заманауи Қазақстанның негізін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қалады, оның тәуелсіз ел қалыптастырудағы тарихи ролі теңдесіз. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар мен модернизацияның сабақтасу бағытын сақтап қалды. 

 

ADAL партиясы осы бағытты қолдайды және іске асырылатын реформалардың тиімділігі, барша қазақстандыққа лайықты өмір беруге бағдарланған нақты басымдықтар, жаппай кәсіпкерліктің дамуы және әділ, есеп беретін мемлекет қалыптастыруды жақтайды. 

Сондай-ақ бағдарламада бес негізгі бағыт көрсетілген: 

 

            • Халықтың өмір сапасын көтеру.
            • Кәсіпкерлік — қуатты мемлекеттің іргетасы.
            • Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беру.
            • Өмірге қолайлы мемлекет.
            • Өңірлердің өркендеуі — қуатты мемлекет діңгегі.

ADAL ең төмен күнкөріс мөлшерін қайта қаратуға тырысатынын хабаралады: 

 

Оның мөлшері кемінде ЭЫДҰ елдеріндегідей медианалық еңбекақы (140 мың теңге) мөлшерінің 40 %-ы не 60 мың теңге болуы керек. Жаңа ең төмен күнкөріс мөлшеріне ең төмен айлық еңбекақы мен ең төмен зейнетақы мөлшері сәйкестендіріледі. Бюджеттен төленетін кез келген әлеуметтік төлем (зейнетақы, жәрдемақы) ең төмен күнкөріс мөлшерінен төмен болмауға тиіс.

ADAL МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) пен міндетті зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттемеуді ұсынады. Сонымен бірге мемлекет зейнетке шыққандарға ең төмен күнкөріс деңгейіндегі зейнетақы (салықтар, еңбекке жарамды халықтың сақтандыру жарналарынан) беруі керек. Сондай-ақ 2025 жылға дейін салықты арттыруға мораторий жариялау керек дейді. 

2016 жылы «Бiрлiк» партиясының төрағасы партияның демеушілері бар екенін және Қазақстан олигархтартарының көмегіне үміт артып отырғанын айтты. Биылғы сайлау алдындағы съезде Серік Сұлтанғали партияға кім демеу болғаны туралы сұрақтарға жауап берді:

— Мұның (ADAL партиясының — ред) артында кім тұр деген сұрақтар көп. Оны кім екені кімге керек? Тек өзіңе адал бол. Ешқандай спетакль, ойын қажет емес.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/12/2020 12:14
10167 0

Уведомление