Журналиске жасалған шабуыл: КазТАГ тілшісі үш апта өткен соң жәбірленуші деп танылды

Полиция оқиғаны әкімшілік құқық бұзушылық ретінде көрсеткісі келеді


11/09/2023
12:04 14644 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының полициясы КазТАГ тілшісі Диана Сапарқызын оқиға болғанына үш апта өткен соң жәбірленуші деп таныды. Тиісті қаулы 9 қыркүйек күні шықты. Іс «журналистің заңды, кәсіби жұмысына кедергі жасау» (158-баптың 2-бөлігі) бойынша жүруде. 

 

Диана Сапарқызы «Қазақстан» шахтасы аумағынан ақпарат таратпақ болғанда кен орнының иесі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлері мен жеке күзет фирмасының өкілдері оған шабуыл жасап, қызметіне кедергі жасаған. Бірақ іс нақты адамдарға қатысты емес, оқиғаға байланысты қозғалған. 10 қыркүйекте журналист полицияға шақырылып, бірнеше сағат тергеуде болған. 

 

Журналистің адвокаты Шырын Әмірғалиеваның сөзінше, тергеу органдары оқиғаны қылмыс емес, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде көрсеткісі келеді. 

 

18 тамызда «Қазақстан» шахтасында апаттан хабар таратуға барған ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. Журналист өзіне тап берген адамдарды видеоға түсіріп алған. 

Сот медицина сараптамасынан өткеннен кейін Диана Сапарқызы «журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру»бабы бойынша полицияға арыз түсірді. Дәрігерлер оның сол иығы қанталап кеткенін анықтаған. Сарапшы оның жеңіл дене жарақаты алғанын айтады. Полиция тергеушісі сот медицина сараптама өкілдеріне тек дене жарақатына қатысты емес, «журналист ішімдік ішкен бе?» деп те сұрақ қойған. Сарапшы қорытындысында оны анықтау міндетіне кірмейтінін айтқан. 

«Әділ сөздің» жазуынша, полицияға берілген түсініктемеде шахтаның күзет қызметкерлері өздеріне бір адам видео түсіріп жатқаны туралы хабар түскеннен кейін оны «шахта аумағынан шығарып салғанын» жазған. Олар журналиске күш қолданғанын жоққа шығарып, оның журналист екенін білмегенін де айтқан. 

Бұған дейін «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін ҚазТАГ агенттігінің тілшісі Диана Сапарқызына "Қазақстан" шахтасында жасалған шабуылды тергеуге шақырған. Ал «Әділ сөз» бас прокурорға ашық хат жазып, тиісті шара қолдануға үндеген. 

Қазақстанда журналистерге шабуыл – сирек кездесетін құбылыс емес. Қазақстан бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде 134-орында тұр. Бұл рейтингті халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы дайындайды. Ұйым өкілдері Қазақстанда «ақпаратқа қолжеткізу құқығы шектелген»«үкімет ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстағысы келеді»«журналистер цензурадан зардап шегіп отыр» деп есептейді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

11/09/2023 12:04
14644 0

Уведомление